22 Қаңтар, 2010

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ: "МЕНІ ТҰЛҒАЛАР ӨСІРДІ"

1536 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
(жалғасы) – Ой-буй, аяғы қисық екен ғой, екі бұтының арасынан төбет жүгіріп өткендей, – деп Жәкең тағы мырс етті. Осылайша, қызығы таусылмас күндер өте берді. Көп ұзамай мен де үйлендім. Ағайдың үйінде кішігірім той жасап, некеміз қиылды. Ажар Мәскеуге оқуын жалғастыруға, аспирантураға кетті. Өзім елде қалып қойдым. “Тасбөгет” балық колхозының есепшісі Шәріп келді үйге. Кейде келіп үйге қонатын еді. Ескілеу кісі болатын. Шайға отырдық. Шай ішіп, ел-сел боп терледі. – Әбді, үйленіпсің, құтты болсын, келін қай жақтан? – Оралдан. – Оқыған ба? – Оқыған. – Тауда жүретін оқу, – деді жанымда отырған Жәкең. Сол кезде әлгі Шәріп оқыс Жәкеңе бұрылып: – Жәке-ау, тауда жүреді дегенше – келін мен бала үзілмейтін дауда жүреді десеңші, – дегені. Ауыл кісілерінің астарлап сөйлеуі, орағытып, мәнерлеп, тұспалдап төгілдіруі мәңгілік есімде қалыпты. Елге барғанда ылғи жаңағыдай жерде етегімді жинап байқап отырамын. Баяғыда орыс жазушысы Сергей Баруздин басымызды қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырып, “Интеллект деген не?” деген тақырыпқа көкезу болғанымыз бар еді. Сол интеллект, астарлап, тұс­палдап сөйлеу, кісінің жан әлемін көзбен тану құбылысы – өзім білетін ел адам­дарында ұшан-теңіз. Ауыл шалдары нағыз интеллект дәрежесінің дүлдүлдері деп ойлаймын кейде. Біздің ұрпақ қазақы ұлы дәстүрді тел емген, қазақтың мәйін тіліне суарылып өскен еді. Біздер о дүниеге жақынбыз. Шынымды айтсам, нені жазбайын, қай тақырыпты алмайын – бала кездегі әсерді тауыса алмаймын. Ал бізден кейінгі ұрпақ мүлде бөлек секілді. Мысалға, біздің кезімізде бір-біріміздің үйімізге қона ке­туші едік; көршінің, жекжаттың үйін өзі­міздің төріміздей көретінбіз. Ал бұл күнде ондай дәстүр ұмытылған. Сол кездегі адамдарды аңсаймын, сағынамын. Ішкі са­райы, болмысы, толғанысы, өмірге көз­қарасы жоғары, биік секілді еді. Адам­дар­дың бір-біріне керектігі көзге ұрып тұратын. Ұжымдық, корпоративтік рух дегеніміз осы ма әлде! Кешегі кеңес дәуірінде ұсақ халықтың тіліне, дініне, әдет-ғұрпына шабуыл етек алды. Большевиктің осынысын ұнат­пай­мын. Әйтпесе сол заманмен, боль­ше­вик­пен қазір де жылап көрісер едім. Нарық дегенің иманы жоқ, жиғаны жоқ тып-типыл нәрсе секілді. Кейде өзімді есік-терезесі жоқ үйде отырғандай сезінемін. Таң­ғалатыным: сол кездегі цензура, тап­сырыспен жазу, тоталитарлық жүйе, бір-бірімізбен сыбырласып сөйлесу – қиын бол­ғанымен; әдебиетке деген қамқорлық, ба­сылымның тиражы, кітап саудасы ке­ремет еді. Жоғарғы дәрежеде ұйым­дастырылатын. Жазушының беделі, үй-жайы, тегін жәрдем дегенде – шетелдіктер бұғып сөй­леп қалатын еді. Шетелде бұлардың бірі де жоқ қой. Қорланғандай, төмендегідей болып қалушы еді. Неге сөйтеді десем: оларда түк жоқ екен ғой. Тақырда отырған қа­йыр­шының кебі көбінде. Атағы дардай, күнкөрісі баладай. Нарыққа көшуіміз керек шығар. Әйтсе де бірыңғай еліктемей, солықтамай, өз құндылығымызды жойып алмай абайлап ұстағанға не жетсін. Баяғының патша­лары, мысалға, Екатерина даңғыл әйел, елге жасағаны, ағартушылық рухы, алыс­ты болжауы әлі күнге естен шықпайды. Сол кезеңнің патшалары Жан-Жак Руссо мен Вольтер, Штраусты төбесіне көтеріп, бауырына тартып, өнерін өркендетуге қолдан келген жәрдемін аямаған ғой. Ол патшалардың екі өмірі болды. Тірлігінде еліне пайда жасау арқылы – патшалар екінші өмірін жасайды. Осы мәселені айтып, келешекте өнер­дің бағыт-бағдарын пайымдап Пре­зид­ент­тің алдынан өтсем деп ойлаймын. Сталинді қанша жерлеп, тапап жат­қанда – әйтеуір амал жоқ, жарқ еткен бір ісін айтып қалуға мәжбүрміз. Кировты атқанға дейін ол кісі жанына күзетші ұстамады. Қазір екінің бірінде күзетші бар, маңайына жолай алмайсың. Кешегі КСРО ке­зінде Давид Кугильдиновтың жана­за­­сында сөйлеген сөзімді үстінен қайта қарап, жазып шыққан едім. Сол сөзім “Литературная газетаға” “Где сейчас моги­каны духа” деген атпен басылып шықты. Осы мақалаға көптеген пікір айтушылар болды. Ұлы тұлғалар туралы ойды қырық саққа жүгіртіп жазатын нәрселер баршылық. 7 Кешегі күндерімді еске алсам, ауылдың баласымын ғой, алғашқы шығармаларым сол ауылдың қарияларының сөзімен жазылыпты. Үлкендердің сөзі құлағыма сіңіп қалыпты. Әскерде естігеніміз балағат сөз, окоп қазу, қарынның қамы, басқа ештеңе жоқ. Подполковник Исаев деген болды. Бір ауыз сөзіне төрт-бес боқтық сөз қыстырмаса көңілі көншімейтін еді. Әкем 1944 жылы соғыста өлді. Екі туған інісін, үш немере інісін де соғыс жал­мады, өзімен бақандай алты кісіні соғыс өрті шалды. Шешем 1938 жылы қайтыс болған. Әлгі ағайлардың әйелдері кү­йеуге шығып кетті. Елге 1947 жылы кел­сем, түк жоқ. Жұрт аш-жалаңаш. Арал­дан 340 шақырым жерде Беларанда жер үй кепеде үйіліп отыр. Әкемнен қара қа­ғаз алғанда жыламаған едім, екінші ше­шемнің, қарындасымның жүдеу, жерге қа­раған кейпін көргенде егіл-тегіл жы­лаппын. Ақшаға салақ едім. Бір мысал айтайын. “Курляндия” романым шықты. Оның қандай хикметпен шыққанын жоғарыда жеке әңгіме етіп айттым ғой деймін. 1950 жылы сол “Курляндия” үшін Жамбыл атындағы сыйлық алдым. Сыйлықтың көлемі – 30 мың сом. Артынша 158 мың сом қаламақы қолыма тиді. Барлығы 188 мың сом ақша. Мұндай ақшаны өңім түгілі түсімде көрген емес­пін. Осы ақшаны қалай жараттың деген сауал көлденеңдейді. Ауылға арқалап барайын деп 4х3 метрлік бірі жа­сыл, бірі қызыл екі кілем алдым. Екеуі 3 мың сом болды. Өзім бірсыпыра киіндім. Елдегі үш отбасына арнап қалған ақшаны қылдай бөлдім. 12 мың сомды өзіме қалдырдым. Елге келіп әлгі ақшаны үлестірдім. Аға­йым әр үйге бір-бір түйе сатып алды. Әйелі малжанды болып шықты. Ке­реует­тің тұсына ұстайтын үш-төрт кілемше, өзге де ұсақ-түйек, орамал, көйлек дейсіз бе, әйтеуір баяғы ақшадан түк қалмапты. 1951 жылы маусымда үйленіп, той жасайын десем соқыр тиын ақша жоқ. Кейіннен Мәскеуге келіп, осы оқиғаны айтсам, Солоухин, Евтушенко заман­дас­тарым: “Бұл жазушы бір қаптай қала­ма­қы­сына түйе сатып алған”, – деп кеңкілдеп тұрып күледі. Мәскеуде төрт жылдай оқыдым. Есімде қалғаны – Сәбит Мұқановтан үш рет, Мүсіреповтен үш рет қарызға ақша алдым. Алматыға қайта оралып Зейнолланың үйіне түстім. Ажар, кішкентай қызымыз, өзім, отбасым – үшеу; Зейнолланың үйінде тоғыз жан бар. Түнде далаға шығудың қиындығы сондай, көлденең жатқан біреудің аяғын басып кетпеудің қамын ойлап, қабырғаны жағалап, түртінектеп жүріп аласың. Көңіл жетсе – бәрі жетеді екен. Жас кісіге – дүние кең. “Сырдың суы келмейді сирағымнан”, – деген сөз содан қалған. Қарт кісінің көңілі – күйген тері. Күнде ояна салып “кімнен қарыз аламын” деп ойлап жатамын. Кешегі Мәскеуде жүргенде, бірде, Борис Горбатовтың ақылымен, сол кездегі Одақтың екінші хатшысы Марковтың алдына хат жазып кіріп алты айға шығармашылық іссапар алдым. Есептеп көріңіз: жұмсақ вагон, ұшақпен ұшу өз алдына, әр күндік тамаққа 40 сом ақша, жатын жерге жамбаспұл қосымша төленеді. Қыруар ақшаға қарық болдым. Сол ақшаны алып Аралға келдім. Аралға келсем Нұрпейістің інісі Шо­қы­ман шал әрең күнелтіп отыр. Үйінде жейтін талқан да жоқ. Содан не істейміз деп ақылдастық. Әлгі ағаймен ақылдаса келіп Белараннан үй салайық дедік. Сол жылдары атымды “Курляндия” шығарған жоқ, ауылдағы менің даңқым кесек құйып үй салумен шықты. Аралдан 340 ша­қы­рым жердегі атақонысымнан, жардың басы, ар жағында теңіз өкіріп жататын қырдың басынан балшық илеп, кесек құйып төрт бөлмелі үй салдық. Маған төрден 12 шаршы метр шағындау шығармашылық бөлме жасадық. Үй біткен соң аяңдап, жағалап Алматыға келдім. Ойлап қарасам, бәрінен қарыз алғанмын. Енді кімнен қарыз сұраймын деп қиналып тұрғанда, есіме Мұқан Иманжанов түсті. Салып отырып Татаркадағы үйіне келдім. Бұл кезде жазушы ағамыз 42 жаста еді. Екпіндей басып келіп едім, ағамыз үйінің төр жағындағы бөлмеде күркілдеп жөтеліп жатыр екен. Мойнында түкті орамал, диванға көсіліп жатыпты. Бойы серейген ұзын. Жөтеліп жатқанын көріп көңілім түсіп кетті. Ол кісі басын көтеріп алды да мені көріп: – Ә, бауырым, амансың ба? – деп кеудесін көтерді, төрді нұсқады. Өзі де сүйретіліп тұрып келіп отырды. – Зейнолланың үйінде тұрып жатырсың ба? – деді. – Иә, сол үйде тұрып жатырмыз. – Ол үйда тоғыз адам еді ғой, бөлек шығу керек қой саған. Неге шықпайсың? – Мұқа, оның реті болмай тұр. Аузыма жағдайымды айтатын сөз түспей тосылып қалдым. Жазушы емес пе, ішкі сырымды сезе қойды. – Осы үйде денсаулық болмағанмен, ақша жетеді, – деді жайымды айтпай-ақ түсініп, – 10 мың ал, берейін. – 3 мың жетеді, – дедім. Ол кісі жатып ренжіді. – Кем болғанда 5-6 мың ақша ал, кейін тағы жүгірмей, – деп кейіген кейіп танытты. – Мұқа, оның мәнісі былай. Бұрыннан жұрттан алған қарызым 27 мың еді. Сізден 3 мың алсам круглый болайын деп тұр, қарыздың круглыйы жақсы! Жазушы ағамыз иығы селкілдеп шиқылдап кеп күлді. Сосын сұраған ақшамды санап берді. Үлкен терезе, төрт бөлмелі үй. Рүстем және Мақсұт есімді екі ұлы бар. Екі ұлын да өзіне жолатқысы келмей, “қорада ойнасыншы” деп сыртқа шығарып жібереді екен. Құданың құдіреті дейміз ғой! Әлгі екі сәби қорада ойнап жүрсе, бұл кісі одеялды басына жамылып алып, терезеге үңіліп, сыртқа қарап отырады екен. Бейне, терезе алдына қо­нақ­таған торғай секілді. Екі балаға көзін сүзіп, ертеңді-кеш қадалады да отырады. Рәзия жеңгеміз ас үйдің шаруасынан бір пәс бөлінсе болды жөтелден жаны қы­сылып жатқан жұбайының көрпесінің астына кіріп кетіп, терге малшынған көй­лек, дамбалын ауыстырып шыға­тынын көзіміз көрді. Адал жар болсаң – осындай-ақ бол деп талай іштей риза болғанымды неге жасырайын. Кейін Рәзияны көшеден көрсем жүгіріп барып сәлем беретінім тегін емес еді. Көп ұзамай естідім – туберкулез инс­титутында Мұқаң жатыр екен, жазушылар кіріп қоштасып шықпақшы дегенді естіп, Зейнолла екеуміз бардық, институт қорасына кірдік. Есік алдында ығы-жығы адам. Кезегіміз жетіп, шеткі палатаға біз де енген едік. Бөлмеде жалғыз жатыр екен. Қу сүйек, көзінің асты көгіс, үстінде қоңыр одеял. Бас жағына келіп тұра қалыстық. Сонда Мұқаң былай деді: – Бауырларым, кіндігімнен төменгі жақ менікі емес, қош болыңдар. Көзімнен тамшы жас шықпайды, қатып қалыппын. Майданда опат болған әкемді естірткен кезде де көзімнен жас шықпаған еді. Байқасам, Мұқаң маған көзін қадап жатыр екен. Бетінен сәл-пәл күлкі шуағы жүгіріп өткендей сезілді. Еңкейіп құлағымды тостым: “Қарыздың круглый болғаны жақсы”. Мына сөзді естігенде жан-дүнием босап қоя берді. Жайсаң жігіт, өтірік-өсекке жоқ, пікірін тура айтатын, жүзінен күлкі шуағы үзілмейтін. Жұртқа жақ­сылық жасасам деп үздігіп тұратын. Көп ұзамай аяулы азаматтан айырылдық. Көңілім көші кеткен жұрттай құлазып жүрді. Орны толмайтын қайғыға ұшы­радық. 8 Жүрегімнің төріне орнаған тағы бір азамат туралы естелік есіме оралады. Жақсы адамның өзі кетсе де бейнесі көкіректен еш жуылмайды екен. Ол азаматтың есімі – Ілияс Омаров. Қызметтен босап, саушылығына бай­ла­ныс­ты емделмекші болып, теңіз тол­қынында жүзген жаңқауыққа ұқсап, 1958 жылы көктемде Алматыға қайтып оралды. Ол кезде Зейнолла Қабдолов Орталық партия комитетінде сектор меңгерушісі. Әдейілеп іздеп барып, жолықтым. Мән-жайды түсіндіріп айттым. – Бастықсың, беделің бар, Мәдениет министрлігіне телефон шалып, бір пьеса алсайшы. Екеулеп, тез аударып шығамыз. Қаламақысын аламыз. Ілекеңді көрдім. Кос­тюм-шалбары қырқылып, көнеріп қалыпты. Сол кісіге сыйымыз болсын, екеу­леп костюм-шалбар кигізейік, – дедім. Зейнолла мақұлдай кетті. Екі-үш күнде бір пьеса алып, жылдам аударып, өткіздік те қаламақысын қолымызға алдық. Енді не істейміз дегенге тірелдік. Ойға алған мақсатымызды айтсақ, Ілекең шарт ашуланып, сыйымызды лақтырып, шығып кетуі де ғажап емес. Ұзақ отырып айла-шарғы ойладық. Ілекеңе арнап хат жазып қойдық. Хаттың мазмұны төмендегіше. “Ілеке, бір өтінішіміз бар. Сол өтінішке мойынұсынып көнесіз. Қайда жүр десек те мәу демей, соңымызға ересіз. Сұрамайсыз. Осы шартымызды орындаймын деп қол қоясыз”. Ілекең үстімізге келіп, аман-саулық сұрасқаннан кейін – әзірлеп, алдына қойған хатты оқыды. Күлді. Хаттың соңына қолын қойды. – Бұл не болды екен, – деп басын шайқады. Хатты оқығаннан кейін қалай жүр десек те айтқанымызға көніп, дегенімізге еріп, ноқталы бұзаудай жүре береді. Киров пен Панфилов бұрышында лауа­зымды кісілерге киім тігетін ателье болатын. Материалын алып қойғанбыз. Майер деген еврей тігіншісі елпек қағып алдымыздан шықты. Ілекеңді айнала жүгіріп, майлы ішекше айналдырып, келешек костюм-шалбардың пішімін ала бастады. “Апта аяғында киімдеріңіз дайын болады”, – деді. Ақшасы төленіп қойылған. Сондағы Ілекеңнің үлкен басын қайта-қайта шайқап, бірде қызарып, бірде сұрланып, айтқанымызға көніп, айда­уы­мыз­ға жүргенін айтудың өзі қызық. Жақ­сы көргеніміздің шеті, шегі болсайшы сондағы. Екінші досым Зейнолла Қабдолов болды. Кейінгі кезде қатты ауырып жүрді. Бір күні үйіме әдейілеп іздеп келіп, ұзақ әңгімелесіп отырдық. “Бәрі сенде бар, жоғың жоқ болғаннан кейін ақыл тауып, көңіліңді бірлеп шығайын”, – дедім деп, іш босатып сырласқаны есімнен кетпейді. Қиын дүниені тарылтпайтын. Тар дүниені кеңейтіп отыратын. Біздің ұрпақ – жақсы кезде, жақсы адамдардың арқасында, арасында өсіп-жетіліп қалдық. Қалай ұмытарсың. Ол кісілердің пейілі, ықыласы ашық күндей еді. Кісілердің шарапаты қалай тиді бізге. Соны дұрыстап жаза алмай-ақ келемін! Зейнолла соңғы бір кездескенде ұзақ­тан қайырып төмендегіше шешілді. – Әй, Әбдіжәміл, мен сенен ертерек кетемін ғой. Сен келемін дегенше о дүниедегі гүлдерді өсіріп, баптап, жай­на­­тып қоямын. Сен келгенде – сол гүлдерді құшақтап алдыңнан шығамын, - деп күлгені есімнен кетпейді. Сәбит Мұқановтың зайыбы Мәриям апайға қарызым бастан асады. Көбіне қайтсем көңілін жібітемін деп ойлап жү­ремін. Естелік жазсам ғой деп ар­ман­даймын. Сөзсіз тауға шыққандай болар едім. Өз ойымша: Сәбит Мұқанов 50-ші жылдары дүние салғанда – бірбеткей батыр, ерекше тұлға қалпында қалар еді. Өмірінің аяғын басқаша арнаға бұрып жіберді ме деп ойлаймын. 1949 жылы Ілекең: “КазГУ-ге түсіп оқы”, – деп ректоры Тәжібаевқа телефон соқты, сөйлесті, келісті. Өзімді сонда жіберді. Ректорды іздеп барсам – бір ша­руаға шығып кетіпті. Ол кісінің ал­дын­дағы хатшысы филология фа­куль­тетінің деканына телефон соқты. “Мақұл”, – деп әлгі деканды іздеп барсам – жоқ, таба алмадым. Ол кісі өзінің орынбасары Кох деген еврейге сілтепті. Еврейге келіп жолықсам, аттестатың бар ма деп сұрады. Менде қайдағы аттестат, әлдеқашан жоғалтып алғам. Әлгі Кох қолын бір сілтеді де түңілген сыңаймен: “Бар, ана аудиторияға! Сту­дент­термен қосылып оқи бер”, – деп өзімді студент санатына қосып, айдап қоя берді. Филфакқа кіргізіп жіберді. Отыз студент оқимыз. Майданнан оралған бес жігіт, қалған өңге жиырма бесі – қыз бала. Ойпырым-ай, әлгі қыздардың та­қыл­дап сөйлегені жердің түбін тесіп жіберетіндей, бәрі білгіш, бәрі пысық. Жігіттер, әншейін, шөлден келген түйе се­кілдіміз. Түк білмейміз. Кітап бетін аш­па­ғанбыз. Коллоквиум жақындап қалды. Кі­тап­ханаға барып дайындалайын деп Пан­филов паркіндегі кітапханаға ат ізін сал­дым. Ығысып жүріп, өшіретім жетіп “Илиаданы” алдым. Түп жағына барып тізе бүктім. Үстелдің шетінде елеусіздеу, сепкіл бет, бөденедей қоңырқай қыз отыр. Қасына жайғасып, алып келген кітапты ашайын. Оқи бастасам-ақ, Құданың құдіреті, миым айналып қоя бергені, ештеңе түсінбеймін. Бір кезде жерден жік шыққандай – пысықтау жігіт келіп, әлгі бөденедей қыздың қасына отырып “Огонек” журналын көрсетіп, ананы бір, мы­наны бір нұсқап, бірдеңелерді бық­сытып айтып, көрсетіп отырып, біраз уақыт өте сыбырласып сөйлесуге көшті. Қыздың ойын бөле берді-ау деймін. Әлгі қыз мазасы кетті ме, кенет орнынан тұрып, есікке беттеді. Қарасам, сізге өтірік, маған шын, белі қылдырықтай, бұрымы тоқпақтай, қасы-көзі қиылған сымбатты қыз екен. Талып түсе жаздадым! Іштей: “Қайда қарап отыр­ғамын”, – деймін. Қыздың соңынан түрегеліп, кітапты қайыра тапсырып бойжеткеннің ізіне ілесе мен де шықтым. Саябақтың батыс жағындағы есігіне келдім. Сартылдап тоқтаған трамвайға екеуміз қосыла міндік. Сөйтсем, әлгі қыз өзім оқитын КазГУ-де оқиды екен, өзім жататын жатақханада тұратын көрінеді. Ізінен қалмадым. Жарқанатша жабысып жүріп танысып алдым. Содан не керек, ақыры ару көңілінің кілтін таптым. Пошла любовь!.. КазГУ-де, бейне серуенге шыққандай, бір жарым жылдай уақыт оқыдым-ау деймін. Бұл күндер-дағы, дегенімен, зымыраған поезша зу етіп өте шықты. Осы тұста және бір естелікке жүгінейін. “Соңғы парызға” кіргізбеген бір тарау бар еді. Өзі жиырма-отыз беттей. Нобайы түсірілгенімен, Вальтер Скоттың “Айвенгосы” секілді еді. Ылғи Әзімге қарсы шығып жүретін аққұба жігіт, алғыр болғанымен, адам есінде қалатын ештеңесі жоқ. Тайғанақ, жылпос еді. Осыны кіргізе алмадым. Екінші кейіпкерім – Иманжановтың прототипі еді. Бұл қалай дейсіз ғой. Айдала, құба дүз. Қой соңынан ерген жүдеу қойшы... Осы қойшының көңілді таспен бастырғандай қиын халін суреттеймін деп көп уақытым кетті. Жер-жебіріне жеткізе суреттемесем – көңілім көншімейтін ауруым бар. Негізгі мақсатым – осы жүдеу тіршілікті суреттей отырып, Арал маңындағы экология қатерін, теңіздің шегініп кеткенін, ертеден қара кешке желі азынап, құмы суырып тұра­тын қатал табиғатты көрсету арқылы – оқырманға қазір біз қандай ортада өмір сүріп жүрміз дегенді ұқтыра түсу еді. Мақсатыма жеттім бе, жетпедім бе, білмеймін... Қойшы, әйелі екіқабат, үш баласы бар. Кешқұрым үйіне келсе – сүті мол сау­лығына әйелі шелегін алып жармасып, бір тізерлеп сауғалы жатыр. Осы мезет аспан жерге түскендей гүріл басталады. Айнала абыр-дабыр. Бейне, дүние дөңгеленіп, заманақыр келіп жеткендей күйге бөленеді айнала. Атом бомбасының сынағы осы болатын. Әйелі есінен танып жығылады. Сұлап құлайды. Күйеуі жүгіріп жетсе – әйелі саулықтың сауырына ба­сын сүйеген күйі талып қалған, ол азд­ай түсік тастаған. Келесі жылы үш ба­ла­сынан, әйелінен айырылады. Жаңа туған нәресте ғана өлмей қалады. Тататын дәм-тұзы тау­сылмағаны болар. Сол шала туған нә­ресте өсе келе эколог ғалымға ай­на­ла­ды. Әлгі кейіпкерім – Иманжановтың прототипі, өзі соншама жүдеу, бетінен боздағы шығып күн көрінеді, жағына пышақ жанығандай. Әйтсе де сөзі мірдің оғындай. Өз мақсатына жетпей тынбайды, аса алғыр, шалымды, мінездің адамы. Ит байласа тұрғысыз Арал маңына эколог ғалым болып оралады. Арал мәселесі жөнінде осы өңірде үлкен салиқалы мәжіліс өтеді. Ығай мен сығай бас қосқан үлкен жиналыста баяғы менің кейіпкерім – аспаннан түскен бомбаның алапатын айтып, Азон жыр­тығын термелеп, дерек пен дәйекке жү­гініп сөйлеуге оқталады. Әйтсе де, мінбеге шығып, ызалы сөзін дестелеп төге бас­таған кезде, жөтел қысып, қалтырап, ақ тер, көк тер демігіп, сөйлей алмай қалады. Ештемеге жаны ашымайтын, мән бермейтін былайғы жұрт шулап, жер тепкілеп, әрі қарай сөйлетпейді. Менің кейіпкерім амал жоқ мінбеден түсіп кетеді. Түсіп кеткені құрысын өзін-өзі іштей кеміріп, мүжіліп, жалпақ дүниеге сыймағандай сезініп, үйіне қайтады. Өзін-өзі жерден алып, жерге салып сөгеді. – Сөзімді айта алмадым. Адам емес­пін. Ғылымдағы ең тамаша жаңалық адамзатты өзін-өзі өлтіруге бір табан жа­қын­датады, – деп түні бойы аласұрып ұйықтамай шығады. Аяғын жіппен бұтаға байлаған торғайға ұқсайды. Өз-өзінен қор болады. Міне, Мұқан Иманжановтың бейнесін осылайша бейнелеуге күш салып едім. Мұқаң оратор, төгілген емес еді, сөйлесе – беті қатты еді; бір рет Ғаби­деннің “Қарағандысын” сынап сөйлеген еді, бірін-бірі өле-өлгенше көрмей кетті. Адам деген пенде емес пе. Өкініштісі сол, осы жазғанымды романға кіргізбедім. Қасым Аманжолов шағын денелі, қаншырдай қатқан, шақар, тік мінез адам болатын. Ішіп жүретін. Бірде Одақтан шығарып тастады. 1949 жылдың басы болар. Одаққа кіріп келе жатсам қарсы ұшырасты. ­– Нұрпейісов деген сен бе? Тахауи кі­та­быңды оқыпты. Оның пікіріне сенемін. Ал құтты болсын! – деді де тұсымнан өтіп кетті. Бірде “Иога” деген өлең жазғанын айтты. Бұл өлеңін еш жерден ұшырата алмай жүрмін. Бірде кездескенде үйді қалай алғанын айтып берді. “Пәтерден пәтерге көшіп жүремін, сыған секілдімін десем – артық айтқаным емес. Үй жоқ, күй жоқ. “Әдебиет май­даны” журналына “Дауыл” деген дас­таным басылып шықты. Сәбит бір күні мені өзіне шақырып алды. “Саған Ор­та­лық комитеттегі Ілияс Омаров келіп кетсін деді. Өзіңмен сөйлеспекші, бұдан бұрын да үш күн іздедік”, – деді... Тұрған үйімізден шығарып жіберген. Үшінші күні дегенде қала шетіндегі аядай пәтерде, сынық диванда, теріс қарап ұйықтап жатқан өзімді тауып алды. Дереу жуындырып, шайындырып Ілекеңнің алдына апарды. Ілекең “Дауыл” атты дастаныма керемет талдау жасады. Бір мезетте: “Қасеке, үй жағы қиын болып жүр ме?” – деп сауал тастады. Сонда ақынымыз төгіліп қоя берген ғой. Ілекең сол жерде қалалық кеңестің төрағасы Айбасовқа телефон соғады. “Салынып жатқан үй бар ма?” – деп сұрайды. Айбасов: “Жалғыз үй, темір жол мекемесі салып жатыр”, - дейді Айбасов. Ілекең: “Осыдан кейін үй жөнінде әңгіме айтпаймын. Үш бөлмелік пәтерді мына ақын азаматқа бер”, – деп пәрмен жасайды. Сонымен уақыт өте береді. Қыс өтіп, көктем жетеді. Бір күні Ілекең ақынды іздесе – таба алмайды, ішіп кетіпті. Дереу Айбасовты шақырып алады. Айбасов кірген бойда Ілекеңе қолын ала жүгіреді. Ілияс қолын бермей үстелді қойып қалады. – Сен Орталық комитеттің хат­шы­сының сөзін жерге тастадың! Өтірікші екенсің! Айтқанымды істемедің! – деп кейіп береді. Сонда Айбасов аузына түскен сөзін әрең айтып: – Ойбай, Ілеке, ол үй әлі біткен жоқ қой, – дейді. – Қашан бітеді? – Бір жетіден кейін. – Онда жоғалып кетпей тұрғанда ана ақынды тауып алып, менің мәшинеме мінгізіп ал да салынып жатқан үйге жет, үш бөлмелі үйдің кілтін бер! Сөзі жерде қалмайды. Аз уақыт өтіп үлгермейді. Бастық айтқан соң жан қала ма. Әлгі Айбасов Қасымды мәшинеге мінгізіп алып, салынып жатқан үйге жетіп – жалма-жан кілтін табыстайды. Үй ордерін бір айдан кейін жазып береді. – Ілеке, үйдің кілтін алдым, - деп, мәртебелі хатшыға телефон шалдым, – деп ақынымыз сылқ-сылқ күліп, болған жағдайды баяндап бергені әлі есімде... Мінекей, Ілекеңнің шығармашылық адамына, өнерге деген қамқорлығы ұшан-теңіз еді. Өзгенің тірлігін өзінікіндей етіп тындыратын. Әдебиетке жаны жақын еді. Қазір ойлаймын: ондай ақ жүрек адам азайып кетті. Ілекең секілді тұлға бар ма дегенде – ойыма Иманғали Нұрғалиұлы оралады. “Отырар кітапханасы” деген айдармен 100 кітап шығарды. Қаржысын өзі тапты. Әлгі 100 кітаптың негізгі дені – халтура! Бірде Иманғалимен кездесіп қалып Мариковский есімді эколог ғалым туралы айттым. Бұрын үш кітабы шығыпты. Енді “Охрана животного мира” деген кітабын жазып бітіріп, шығара алмай жүр екен. Жан-жануардың көшелі сезім-түйсігі туралы жоталы зерттеу көрінеді. Инстинкт – қайырымдылықтың көзі деген ойға табан тірепті деп бажайлап берген едім. Иманғали сол арада жұлып алғандай сөзімді бөліп: – Ол қайда. Өзім көмектесіп, шығарып берейін, ­– деді. Мінекей, Иманғали бауырымыз жақ­сыға жаны құмар, елгезек, жұртқа ылғи көмектессем деп елпілдеп тұрады. Ұл­ты­ның жүрегі жұмсақ жанашыры. Кешегі күндері қиырдағы Моңғолия жерінен Күлтегіннің тасын алғызды. Жақында Ас­та­наның төрінен “Қазақ елі” монументін тұрғызды. Жұмыс десе – өзін-өзі ұмытып кетеді, жанып істейді. Ғабиттің қалай қартайғаны есімде қалыпты. Хұсни жеңгеміз үстіне шаң жуытпайтын. Көйлегін тройной одеколон бүркіп өтектейтін. Кейін Хұсни жеңгей қайтыс болып... әнебір келіншегі кетіп... жалғыз қалды. Бір күні қазіргі Қабанбай көшесінің бойында үлкен гастрономға кірсем, басында қалпақ, үстінде көнетоз костюм, қолында қалайы бидоны, сүттің кезегінде тұр екен. Ұялтпайын деп кері бұрылып кеттім... Кісі мезгілінде өмір сүріп, мезгілінде кеткені жөн ғой деймін. *** Қадірменді оқушы! Әдебиетіміздің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың аузынан бес күн бойы үнтаспаға жазып алған естелік-дерекнама осылай аяқталды. Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ. Әрбір сөзі, өзі айтқандай, мірдің оғындай, сақаға құйған қорғасындай, бүкпесіз, риясыз, ынта-ықыласпен шешіле төгілдірген әңгіменің ұзын-ырғасын түгел ұсындық. Ауызекі айтылған әңгіме ғой, қағазға түсірген кезде қайта бір қарап, ықшамдап, жүйелеп беруді де жөн көрдік. Осы әңгіменің бәрін Әбең бірде рахаттанып күліп, кейде қапелімде мұңая қалып, бәйге атындай дүр сілкіне отырып иін қандырып айтты. Әдетте сырт көзге бәріне де бейтарап қарайтын, жұқалтаң, елеусіз кісі болып көрінетін данагөй қарттың ішкі дүниесін соншама ақта­рылғанына таң қаласың. Оның бұралаңы көп өмірден көрген тауқыметі, жа­зу­шылық жолындағы азабы менен мехнаты, шырғалаңы, қамқоршы аға­ла­рына деген шексіз махаббаты, толғаныс-тебіреністері әзіз ағамыздың келбетін бәріміз білетін биіктен де биікке көтереді, көз алдыңа тұлғаланған абыздың өзін әкеледі. Адам баласының өмір бойы ашы­ла бер­мейтіндігінің бір сыры мысалы, міне, осы. Онсыз да жақсы көретін Әбемді осы бір сыр сұхбатынан кейін бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Задында жазушы лабораториясы дейтініңіз осы болу керек. Әңгімелері арқылы Әбеңнің тайниктерін аштық, сырын ақтардық, шынын айтқыздық, сөйтіп жазушыны зерттегенде енді аттап өте алмайтын жаңа, құнды деректерді жариялаудың мүмкіндігі туды. Біз Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ға­би­ден Мұстафин, Әлкей Марғұлан, Әбділда Тәжібаев ағаларымыздың әр түрлі жиын­дардағы сөзін тыңдап өскен ұрпақпыз. Аяулы Мұхаңнан үш жыл тәлім алдық, бір жыл бір кафедрада бірге қызмет істедім. Сәбит ағамызбен бірлесіп мақала жазғаным бар. Әлкей аға менің кан­ди­датт­­ық диссертацияма төреші бо­лған кісі әрі ұстазым. Әбділда ағамен аралас-құралас болдым, жанашырым еді. Ғаби­ден ағаның 70 жылдығына орай Қазақ те­ледидарында 1972 жылы өзін қа­тыс­ты­рып, сағаттан астам хабар жүргізген едім. Бейсенбай Кенжебаевқа, Есмағамбет Ысмайыловқа шәкірт болдым. Шахмет Құсайынов, Зейін Шашкин, Зейнолла Қабдолов, Өзбекәлі Жәнібеков, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев ағаларыммен де жиі араластым. Әбділда ағаға, Мұқағалиға арнап кеш өткіздім, мақала да жаздым. Өзбекәлі туралы да бірнеше рет тебірендім. Десе де жақын інісіндей көрген асыл ағаларым жайында әлі де мандытып ештеңе жаза алмай келе жатқаныма қысыламын. Жүріс-тұрысы, табиғаты, болмысы бөлек Әбдіжәміл Нұрпейісовтің де мен үшін жөні бөлек. Көптен араласпыз. Сый­ласпыз. Ағалы-ініліміз. Ешкімге ұқса­май­тын, ешкімнің алдында кішіреймейтін, басын имейтін, бір ұнаған кісісін ту­ға­нындай қадірлейтін, көңілі түссе – көл, жібектен де жұмсақ; көңілі түспесе – шөл, еменнен де қатты, жаны таза, қарапайым адам, жеті атасынан бері билік, шешендік үзілмеген текті кісі. Әбдіжәміл – менің ағам. Осыны мақ­тан етемін. Біз өмір бойы ұғынысып келе жатқан жандармыз. Осы уақытқа дейін аға туралы бір ауыз сөз жазбағаныма өкі­ніп жүруші ем, соның да сәті түскендей. (жалғасы бар)