Парламент • 09 Маусым, 2017

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысымен кездесті

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен жұмыс бабында кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысымен кездесті

Әңгіме барысында Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының мәселелері талқыланды. Қ. Тоқаев біздің еліміз БҰҰ-ны баламасыз әрі әмбебап ұйым ретінде қарастыратынын айтты. «Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына белсене атсалысуы еліміздің сыртқы саясатының басым бағыты болып табылады. Біз сондай-ақ БҰҰ-ны реформалау жөніндегі Бас хатшының күш-жігерін қолдаймыз», - деді Сенат Төрағасы.

А. Гутерриш Президент Н. Назарбаевтың бітімгерлік саласындағы, атап айтқанда, Сириядағы шиеленісті реттеуге бағытталған қызметін жоғары бағалады. Бас хатшының пікірінше, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен халықаралық беделі жоғарылай түскенінің нақты көрінісі болып табылады.