Жалпы аумағы 4 жарым гектарды алып жатқан әмбебап спорт нысаны негізгі екі бөліктен тұрады. Әкімшілік тұрмыстық кешенде волейбол, баскетбол, шағын футбол, бокс, тренажер және хореография залдары орналасады. Ал екінші бөлікте стадион, футбол алаңы, 400 метрлік жүгіру жолағы және өзге де ойын алаңдары ашылады. Ойындарды бір мезетте 1200-дей адам тамашалай алады. Бір сөзбен айтқанда, мұнда спорттың барлық түрімен айналысуға, әлемдік деңгейдегі сайыстарды өткізуге мүмкіндік бар.
Мердігер кәсіпорын басшыларының айтуынша, нысан осы жылдың күзінде пайдалануға беріледі. Кешен құрылысына жергілікті қазба байлығын игеруші компания есебінен 700 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.
– Ішінде жаттықтырушылардың, спортшылардың жуынатын, дайындалатын, киінетін, спорт құралдары тұратын бөлмелері бар. 1200 кісі сыяды, – деді құрылыс учаскесінің басшысы Есенаман Қажығалиев.