22 Қаңтар, 2010

БІРЕГЕЙ

1431 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазақ журналистикасының қалып­тасу, өсу жолдарын зерделеп, жанрлық ерекшеліктерін талдап, болашақ бағытын белгілеп, талай зерттеу, монография, оқу құрал­дарын жариялаған ғалымның осы ізденістерінің ішінде практикалық мәні бар ерекше бір жаңалығын атап өтпеуге болмайды. Намазалы­ның табанды зерттеуінің арқасында Қазақ радиосының тарихы он жыл­ға әрі шегеріліп, 1921 жылдан бастау алды. Адамның бүкіл саналы ғұмыры көз алдыңда өтіп, оның өмір белес­тері­не өз көзіңмен куә болсаң, тағ­дырдың тарау жолдары, бұры­лыс-қайырылыстары кісіні қандай өз­геріс­терге ұшырататыны анық бай­қалады. Жақсы адам да, жаман адам да аспаннан түспейді. Әркім өзінің мінез-құлқын, кісілік кел­бетін, көзқарасын, әрекетшілдігін, болмаса кембағалдығын өз қолы­мен қалып­тастырады. “Ондай бол­мақ қайда деп Айтпа ғылым сүй­сеңіз”, деп хакім Абай да адамның өзін-өзі тәрбие­леуі­нің, ұштауының, жетіл­діруі­нің құпиясы тұлғаның өз ырқына, ерік-жігеріне тәуелді еке­нін айтса керек. Осын­дай ой менің қырық жыл­дан бергі өмір са­парында қа­нат­тас келе жат­­­қан досым, белгілі ғалым-жур­на­лист, фи­­ло­ло­гия ғы­лым­дары­ның док­то­ры, про­фес­сор На­ма­за­лы Омаш­ұлы­ның қалыптасу жо­лын оймен көк­тей шолған­да санама орныға берді. Кешегі үрпек­бас студент Намазалы мен бүгінгі салиқалы саңлақ Омаш­ұлының арасындағы жер мен көктей айыр­машылық оның өзін-өзі қам­шы­лауы мен қанаттандыруының нәтижесі екенін басқа білмесе де, онымен ұдайы үзеңгі қағыстырып келе жатқан біздер жақсы білеміз. 1969 жылдың талапкерлері едік. Әрқайсымыз әр қиырдан арманы­мыз­ды арқалап келіп, ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде тоғысқанда, ертеңгі күні кім болып шығарымызды өзіміз де болжай алмас едік. Шамаласақ, шамалаған шығармыз. Дәуітәлі Стамбековтің поэзия патшалығында ғұмыры өтетіндігіне күмән жоқ еді. Асқар Егеубаевтың ғұлама ғалым болары­на да күдік келтіре қоймаушы едік. Ал Намазалы Омашұлының дәл осындай зерделі зерттеуші, көсілген көсемсөзші, ұлағатты ұстаз бо­ларын сол кезде біліп едім дейтін еш­кім табыла қоймас. Өйткені, қал­жасы қағылездеу, қимылы шап­шаң­дау, сөзі қиқарлау Намазалы­дан дәл бүгінгі ақырын жүріп, анық басатын профессорды көру үшін көріпкел Мишель Нострадамустың жұрағаты болуың керек қой. Рас, оқуға қабілетті болды. Ынталы болды. Аудиторияға келіп, алды­мыз­да дәріс оқитын сұңғыла ұстаз­дарымыз Тауман Амандосовтың, Қайыржан Бекхожиннің, Темірбек Қожакеевтің, Әбілфайыз Ыдыры­сов­­­тың, Рымғали Нұрғалиевтің, Аб­дул­хамид Мархабаевтың, Светла­на Сагаловичтің сан қияға сала­тын, сөз өнерінің қыр-сырына қа­нық­­ты­ратын телегей-теңіз трактат­тарын тез ұғатын, қалпынан аудар­май қайырып айтып беретін санау­лы шәкіртінің бірі еді. Қолына гитара­­сын алып, ел жағалап кететін әпен­ділігі де аз болған жоқ. Сөйте тұра, істің ығын білетін, жұрттың тілін табатын қабілеті де байқала баста­ды. Күреп ақша табуды қиялдап, студенттердің құрылыс отрядын жасақтап, Арқа жеріне жол бастап баратын белсенділердің қатарынан Намазалы екінші курста-ақ табыл­ды. Біз лай тасып, кірпіш қалап жүргенде, ол командир, комиссар шенімен газик мініп, шикі студент­терге жөн сілтейтін. Көбіне жақын жүретін досы – Рахметалы Асыл­беков еді. Екеуі де юморға, сати­ра­ға бейім болған соң ба, бастары қосылса, әжуаны асқын­дырып, Мұрат­қанды мүйіздеуден жалық­пай­тын. Бір қызығы, уни­вер­ситетті тәмамдап, Қазақ радиосына қыз­метке кірген Намазалы эфир­дегі сатираны, нақты сықақты талай көш жерге жылжытып тас­тады. Сөйлеу, айту арқылы жасала­тын радиофельетонды әуелі іс жүзінде жолға қойып, кейін оның теория­лық негіздемесін ғылыми зерделеуі Н.Омашұлының ғалым­дық жолын­дағы алғаш­қы баспалдағы болды. Оның үстіне, радионың сатирасы мен юморы Намазалының оң жамбасына келе қалғандай. Оның кейбір кітаптары­на мәтіні еніп жүрген сол радио­фельетондары баяғы Бейімбеттің қысқа, реалистік дүниелерін еске салады. Мысал керек болса, Түркі­стан ауданының сауда саласындағы жемқорларын келемеждейтін “Қулар жарысы” атты радио­фельетонын оқып көрі­ңіз. Сонша­ма сорақы қылық­тарды тәптіштеп жіпке тізбей-ақ диалог арқылы алаяқтардың абыройын айрандай төгеді. Объектіні алдын-ала әбден зерттеп, бұлжытпайтын фактілерді жиып алған журналист енді соны эфир арқылы ұтымды жеткізудің оңтайлы әдісін қапысыз тапқан. Оңай олжа емес. Және сол кездің өзінде-ақ эфирдегі сатира­ның аса қауіпті, қатерлі қару екенін анық біліп, кейінгі зерттеулерінде осыған ерекше мән беріп, радио­журналис­тің сынға сақ, мұқият болуын бажайлайды. Қазақ радио­сының қазанында қайнап піскен болашақ ғалым өмір тәжірибесі мен тео­риялық байыптауларды осылай ұштастырады. Жүрдек қаламынан туындаған мақалалар, очерктер, портреттер, рецензиялар легі Нама­за­лыны ғылымға қарай жетеледі. Ол көп ұзамай университеттегі ұста­ханаға қайтып оралды. Кешегі өзіне дәріс берген ұстаздардың қа­тарын толықтырып, болашақ жур­налистердің шеберлігін шың­дайтын санаулы мұғалімдердің біріне айнал­ды. Өзі де ғылыми ізденіс­терінің өрісін кеңейтуге бет бұрды. Бұл күнде телерадио-журналисти­ка­ның тарихы мен теориясын зерделеп шыққан бірегей зерттеуші ретінде мойындалған Н.Омашұлы осы жылдары көзі талғанша мұра­ғат ақтарып, сөз өнерінің тари­хын­дағы талай ақтаңдақтарды толық­тырып, қажымас қайрат көрсетті. Қазақ журналистикасының қалып­тасу, өсу жолдарын зерделеп, жанрлық ерекшеліктерін талдап, болашақ бағытын белгілеп, талай зерттеу, монография, оқу құрал­дарын жариялаған ғалымның осы ізденістерінің ішінде практикалық мәні бар ерекше бір жаңалығын атап өтпеуге болмайды. Намазалы­ның табанды зерттеуінің арқасында Қазақ радиосының тарихы он жыл­ға әрі шегеріліп, 1921 жылдан бастау алды. Осы жылы Ахаңның, Ахмет Байтұр­сыновтың ұйытқы болуымен Орын­борда жұмыс істей бастаған ұлттық радио бүгінгі ақ­парат кеңіс­тігінде ойып орын алып отырса, өз шежіре­сінің шындығын қалпына келтіргені үшін ол Омаш­­ұлына қарыз­дар. Жур­налистік кәсіп­тің арнайы ма­ман­дарға ғана түсінікті қыр-сыр­ларын ғылыми тұрғыдан тұжырым­даған Намазалы­ның ға­лым­­дық қайрат-қажырын тәпіште­мей-ақ қоялық. Бір ғана нәрсеге назар аударғымыз келеді: ол өзінің кандидаттық диссерта­ция­сын да, докторлық диссерта­ция­сын да өзі, Мәскеудегі беделді сарапшылар­дың алдында қорғап шықты. Қазақы ауылда туып-өскен ұлт кадры үшін осының өзі ерлік­пен пара-пар екені түсінікті. Намаза­лының іргелі ізденіс­терін әуелі орыстар мойын­дады. Әйтпесе, күні кеше өзінің аға деп жағалаған үлкендері мұны аяқтан шалып, тобықтан қағып, қолбала еткісі келгендері рас. Ол өзінің алған бағы­тының, ұстанған жолының дұрыс екенін Мәскеуге барып дәлелдеді. Сары сөмкесін арқалап, Алматы мен Мәскеудің арасын жол қылып жүрген Намаза­лының сең соққан балықтай сен­делген күйіне талай куә болғанбыз. Сыр бермеген шақтарына сүйсініп, сабаз-ақ екен дескенбіз. Қажырлы еңбек қайы­рын берді. Жүздеген шәкірті­нің алдында жалықпай дәріс оқыған досымыз доктор да болды, про­фессор да атанды. Қазақстанға ең­бек сіңірген қайраткер, Президент сыйлығының иегері, екі ака­де­мия­ның толық мү­ше­сі болып үл­гер­ді. Кеше ғана өзі оқып шық­қан жур­­­налис­тика фа­куль­­­­теті­нің де­ка­ны бо­лып ұзақ жыл жемісті ең­бек етті. Уни­вер­си­теттің про­рек­­торы бо­лып, қа­ра ша­ңы­­рақ­тағы тәр­бие жұ­мы­сын жолға қоюға көп үлес қос­ты. Та­лай жас ғалымды қанатының ас­ты­на алып, ғы­лым соқпағында сүрінбеуіне бас-көз болды. Бір қызы­ғы, Қазақ­стан­ның қай облы­сына, қай ауданы­на бар­саңыз да Н.Омашұлының шәкірт­тері­не жо­лы­ғасыз. Бәрі де оны риза­лықпен еске алып жат­қанда, ішіңіз жылиды. Намазалыны ұстазым деп мойын­дай­тындардың, оның алдын кесіп өтпейтіндердің арасында министр де, профессор да бар екенін көзіміз­бен көріп жүрміз. Ғылымның түбін түсіріп, зерделі зерттеулер жазған Нәкең дәріс оқу­ға келгенде де май­талман. Ана бір жылы Семей уни­верситеті арнайы шақырып, құр­метті профессор ата­ғын бергенде қасын­да болған едік. Құрметті про­фессордың келіс­ті шекпенін киген Н.Омашұлы үлкен аудитория­ның алдында дәріс оқы­ған­да, мәселенің егжей-тегжейін санаға құйып жібе­ретін ғалымның парасат-пайы­мына да, шұрайлы тіл шеберлігіне де қай­ран қалып, қол соғып, қуанғанбыз. Сөйтсек, өмір ағымын жіті ба­қы­лап отыратын Намазалы журна­лис­тиканың кәсіп ретінде де, ғы­лым ретінде де жаңарып, жаң­ғырып келе жатқанын жете зер­де­леп, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі жылт еткен жаңалықты төл топы­рағымызға сіңіру үшін қажырын жұмсайды екен. ЮНЕСКО-ның Орта Азия мен Қазақстандағы тұң­ғыш кафедрасын ұлттық универ­ситеті­мізде аштырып, өзі соның жалғыз профессоры болып сай­лануы­нда да осындай мән жатыр. Ақпараттық технологиядағы ілгері өзгерістерді осы кафедрада орнық­тыру арқылы жас журналистерді әлемдік деңгейдегі кәсіби шебер­лікке баулу дәл осы азаматтың ең­бегі екенін біреу білсе, біреу білмейді. Біздер, әріптестері, “е, өзіміздің Намазалы ғой” деп жүргенде, ол осылайша халықаралық деңгейдегі абыройға ие болып, уысымыздан шығып кетіпті. Баяғы аяқтан шалу­шылар шаң қауып қалды. Әйтпесе, Ресей мен Американың, Франция мен Канаданың жоғары оқу орын­дары оны ат жіберіп алдыр­тып, айлап дәріс оқытар ма еді. Озық ойға, зерек зердеге, бай тәжі­рибеге қызыққан соң, ақшасын да, басқасын да аямайтын болу керек. Сөйтіп, сөздің басын қайта түген­десек, осыдан 40 жыл бұрын сом­бреросын желкесіне киіп, гитарасын асын­ған, аптығы басыл­маған қал­пында оқуға келген боз­бала Намазалы бүгінге танымал журна­лист, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, бірегей білімпаз кейпінде жетіп отыр. Бәрі еңбектің, іздену­дің арқасы. Астанадағы Л.Н.Гу­ми­лев атындағы университеттің жанынан журналис­тика мәселе­лерін зерттеу институтын ашып, директоры ретінде енді соның кем-кетігін түген­деумен табанынан тау­сы­лып жүрген профессор Омашұлы бұл жаңа жұ­мыс­ты да жеріне жеткізеріне күмән­дан­баймыз. Өйткені, қазақта бұл сала­да қазір одан білгір, одан алғыр ешкім жоқ. Жүрсін ЕРМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.