Театр • 12 Маусым, 2017

«Отырар сазы» бастап берді

1183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы алғашқы мәдени іс-шарасы Н.Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің концертімен басталды.

«Отырар сазы» бастап берді

«Отырар сазы» оркестрі ұлттық аспаптарымыздың аса бай түрлерімен танысуға мүмкіндік беретін бірден-бір оркестр. Оркестрде домбыра мен қобыздан басқа баға жетпес мәдени мұра болып есептелетін жетіген, шертер, шаңқобыз, мес­қо­быз, сырнай мен сазсырнай, сы­бызғы мен асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас қоңырау, қайрақ үн қатады. «Отырар сазының» негізін қалаушы – Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Нұрғиса Тілендиев еді. Музыка өнерінде қайталанбас із қалдырған тұлға оркестрді бірегей шығармашылық ұжымға айналдыра білді. Бүгінде ұжымға Н.Тілендиевтің қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева жетекшілік етеді. Ал оркестрдің ди­рижерлері – Қазақстанның еңбек сі­ңірген әртісі Жалғасбек Бегіндіков пен Мүсілім Әмзе. Оркестр тек өз елімізде ғана емес, әлемнің көптеген ел­дерінде концерт өткізіп жүрген таң­даулы ұжымдардың қатарында. 
 Астанада өткен концертке де «Отырар сазының» мол дайындықпен келгені көрінді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмила Серкебаева, Жәмила Баспақова, Гүлзия Стамбек, Лариса Насретдиновалар, сон­дай-ақ, Халықаралық байқаулардың лау­реаттары Бақтыгүл Бисембаева, Фархад Кубиев, Нұрсұлтан Ша­тыр­ханұлы концертте қазақ жә­не шет ­ел композиторларының шығар­ма­ларын орындады. 

Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»