Аталмыш фестивальдің өтуіне ұйытқы болып отырған мекеме Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты қызметкері Анаргүл Мүбәракованың айтуына қарағанда, бұл мәдени жобаның маңызы – түркі тектес халықтардың шығармашылық дәстүрін насихаттау және түбі бір жұрттардың туын көтеру арқылы туысқан өнер қайраткерлерінің басын қосу.
Осы бір ұлы дала мұрагерлері өнер көрсететін концертке – қазақстандық этно ансамбль «Тиграхауд» және «Алдаспан» тобы, өзбекстандық өнер қайраткері Касим Аббосов жетекшілік ететін «Aббос», башқұрт бауырларымыздың «Арғымақ» этно-рок тобы, Венгрияның цыган музыкалық мотивіне негізделген «Tilla Torok’s Band» тобының скрипкашылары, татарстандық Талғат Хасенов басқарған ұлттық-дәстүрлі саз ұжымы, буряттың «Namgar» және «Shono», тәжікстандық «Avesto» топтары, қызғызстандық дәстүрлі әнші Гүлзада Рысқұлова, Таулы Алтайдың қырылдақ кайчылары (жыршылары) Болот Байрышев пен Алексей Чичаков, өзіміздің көмей-жыршы Еділ Құсайынов және тыбалық көмейші Радик Тюлюш басқарған «Чалама» тобы мен 1996 жылы Мұрат Эртел негізін қалаған даб-музыка жанрының насихатшысы түркиялық«Baba Zula» ұжымы қатысады деп күтілуде.
Жоғарыдағы өнер ұжымдары мен музыкалық топтардың қай-қайсы да халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген танымал өнер тарландары. Бұлардың басқа кәсіби музыканттардан айырмашылығы – өздерінің байырғы бабалар мұрасын қайта тірілтіп, оны қазіргі заманауи музыкалық стиль – джаз, рок пен фанк қоспасы арқылы байыта білуінде.
Бұл өнер ұжымдары қатарынан бес күн кешкі сағат 17.00-ден бастап «Этноауыл» қалашығында орналасқан 850 орындық этномюзикл залында концерт береді.
«Әлемге аты мәшһүр ЭКСПО көрмесі кезінде елордада ұлы даланың дәстүрлі музыкалық фестивалінің өтуі мерекелік атмосфераның жандануына үлкен үлес қосады», дейді шараны ұйымдастырушылар.
Суреттерде: Қазақстандық этно ансамбль «Тиграхауд»; тыбалық көмейші Радик Тюлюш; қырғызстандық дәстүрлі әнші Гүлзада Рысқұлова; башқұртстандық «Арғымақ» тобы; өзбекстандық «Aббос» тобы
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»