Тәрбие ошағының дәл осы ықшам ауданда ашылуының өзіндік себептері бар. Өйткені, қазіргі уақытта бұл ықшам ауданда тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр, халық саны да артып келеді. Өскемен қалалық бiлiм бөлімінің бас маманы Айгүл Ережепова Жібек маталар ықшам ауданында 1050 баланың балабақша кезегінде тұрғанын айтады. "Өскеменде жеке меншік-мемлекеттік серіктестік аясында бұған дейін 19 балабақша ашылды, бұл – жиырмасыншысы. "Ақбота" балабақшасы осы ықшам аудандағы балабақша кезегін азайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын", дейді ол.
Жаңа балабақшаның меңгерушісі Жадыра Шибұтова мұнда балғындардың 2 жастан бастап қабылданатынын, әзірге үш топ бар екенін, мемлекет тарапынан әр балаға субсидия төленетінін айтты.
«Бұл балабақшаның ерекшелігі, мұнда логопед пен би маманының жұмыс істейтіндігі. Содан кейін инновациялық оқытуға көңіл бөлетіндігі. Мұндағы тәрбиешілер соңғы технологияларды жетік меңгерген. Сондықтан баламызды осында беруді жөн деп ұйғардық», дейді Інжу есімді бүлдіршіннің анасы Арайлым Мұсақанова.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Сурет автордікі