Мұхит жағасындағы Монако
Монако – мұхиттың жағасында орналасқан мемлекет. Содан болар, павильонын мұхит тақырыбына арнаған. Оған кірген бойда су астына сүңгігендей күй кешесіз. Ал төбеде айнамен қапталған колонналар қозғалып, төменнен түсетін проекциялық фильм көрсетілгенде теңіздің астымен де, үстімен де жүріп өтіп, Монаконың өзіне сапар шегесіз. Одан кейін дүрбі іспеттес құрылғылардың көмегімен қала көшелерімен «серуендеуге» мүмкіндік бар.
Монаконың территориясы шағын болғанымен, xалқы көп. Бүгінде мемлекет басшылығы мұхит үстіне шағын қалашықтар салу жобаларын іске асырып келеді. 1950 жылдан бері сондай төрт ауқымды бастама қолға алынған екен. Енді тағы бір арал іспеттес шағын аудан құрылысын қолға алған. «Offshore Project» жобасының аумағы 6 гектарды құрайды. «Жобаның құрылысын 2025 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Оны іске асыру барысында арнайы бағаналар қағылып, бетон құйылады. Соның негізінде жаңа шағын аудан бой көтереді. Теңіз суы да ластанбайды. Барлық жұмыстар экологиялық таза болады. Ол жерде қонақүйлер, тұрғын үйлер мен бизнес орталықтар салынады. Шағын аралдың ауданы үлкен болмаса да, ел экономикасын айтарлықтай дамыта алады деген сенім бар», дейді гид Ардақ Жантас.
Бір қызығы, Монаконың павильонында қазақстандық велошабандоз Александр Винокуровтың қаражатымен құрастырылған велосипед те тұр. Күн энергиясымен жүретін қос доңғалақтыны монаколық студенттер құрастырыпты.
Би мен анимация үйлесімі
ЭКСПО-2017 көрмесінде тамшылатып суару әдісін ойлап тапқан елдің мамандары павильондарын таныстырды. Израиль инновациялық технология саласында көшбасшылардың қатарында екені белгілі. Алайда, «Жасампаздық энергиясы» тақырыбындағы еншілеген аймағы айтарлықтай үлкен емес. Бір мезгілде павильонды 100 адам аралай алады. Екі залда қонақтарға көркем мультимедиалық шоуды тамашалау мүмкіндігі жасалған. «Энергия елі» шоуында баламалы энергетикадағы израильдік ноу-хаумен егжей-тегжейлі танысуға болады.
Шоу өткен ғимарат 2400 LED-шамдармен және 150 шаршы метр айнамен жабдықталған. Меймандар павильонға кірген кезде хореографиялық шоумен көмкерілген энергияның шексіз ағымы арасында жүргендей әсер алады. Мұнда би мен анимацияның өзара үйлесім тапқанын аңғарасыз. Шоуда көпшілік жасампаздық энергиясының құдіретін сезіне алады.
«Израиль табиғи ресурстарға бай емес, бірақ баламалы ресурсқа иелік етеді. Бұл, бірінші кезекте, адами ресурс, яғни осы бағытта Израиль қомақты инвестиция салуда. Біздің барлық жетістіктеріміз Израиль адамдарының жасампаз дағдыларының арқасында мүмкін болды», деді павильон комиссары Элазар Коэн.
Бүгінде Израильде 200-ден астам жоғары технологиялық компания жұмыс істейді. Олар «жасыл» энергетика саласында, яғни күн, жел және биомасса бағытында бірегей шешімдер жасауда. Тағы айта кетерлігі, қазіргі таңда аса танымалдыққа ие тамшылатып суару әдісі алғаш рет 1959 жылы Израильде пайдаланылған еді. Соңғы жылдары олар электр энергиясы мен су үнемдеу технологиясына қомақты қаржы инвестициялады.
Татар мәдениетімен таныстырды
Кеше көрмедегі Ресей Федерациясы ұлттық секциясында Татарстан бөлімі ашылды. Салтанатты рәсімге ел президенті Рустам Минниханов қатысып, сөз сөйледі. «Бұл – әлемдік деңгейдегі оқиға. Астанаға күллі дүние көз тігіп отыр. Энергия мәселесі – өмірдің барлық қажеттіліктері үшін аса маңызды. Мұнда ең заманауи технологиялар мен әдістер жиналған. Әрине, жоба ауқымды әрі күрделі. Жарты жыл бұрын осында келгенде, «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов маған құрылыс пен дайындық жұмыстарын көрсеткен еді. Соңғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың барлығы – ғасырлар бойы мақтануға тұрарлық бірегей ескерткішті тұрғызған адамдардың орасан зор еңбегі. Мұның барлығы Қазақстан халқы үшін қызмет етеді», деді Р.Минниханов.
Басқосуда Татарстан мемлекеттік ән-би ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар, интерактивті және мультимедиалық жабдықтар арқылы он беске жуық ірі компаниялары таныстырылды. Олардың қатарында «Татнефть» АҚ, «ТАИФ» компаниясының тобы, «КАМАЗ» КАҚ, «Татэнерго» АҚ және Қазан мемлекеттік энергетика университетінің жұмыстары бар. Апталық барысында «Жаңа энергетика, инвестициялар және серіктестік» атты конференция өтпек.
Осы күні елордадағы «Family Village» қалашығында Қазан хандығының ханшайымы Сүйінбике атындағы көше ашылды.
Елордаға 30 метрлік орамал келді
Киевтен Астанаға қолдан тігілген 30 метрлік орамал жеткізілді. Рекордты ұзындықтағы шәліні мамандар көрме барысында өтетін Ұлттық күндері үшін дайындаған. Ал оған 20 келі жіп, 30 метр мата пайдаланылған екен. Шеберлер кестелі орамалды тігуге екі апта уақыт жұмсапты. Алайда, олар өз туындыларын рекордтар кітабына енгізіп үлгерген жоқ. Себебі, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін Украина Ұлттық күндерінде ең ұзын оюлы матаны жұртшылық назарына ұсынуға асыққан.
Оксана Дикая мен оның әріптестеріне кестелі орамалды дайындау оңайға соқпаған көрінеді. Тынымсыз еңбектенсе де, симметриялық оюларын тігу біраз уақыт алған. «Біздің шеберлер уақытпен санаспай жұмыс істеді. Олар орамалды биіктіктен көрінетіндей ауқымды және дәстүрлі бояу – қызыл, қара түстердің қанық болуына аса мән берді», дейді Богдан Хмельницкий фабрикасының шебері О.Дикая.
Астанада өтетін халықаралық басқосуда украиналықтар қолөнер туындыларын ғана емес, ұлттық өнерін де көпшілік назарына ұсынады. Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Владимир Джиджораның айтуынша, олар ұлттық мерекелерін естен кетпес сәттерге толтырмақ және қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаймыз деген ниетте.
Украинадан келген алғашқы делегацияның құрамы 15 адамнан тұрады. Жазғы маусымда кем дегенде тағы екі топты әкелуді мақсат етуде. Алдын ала болжамдарға сүйенсек, ЭКСПО-2017 көрмесіне екі мыңнан астам украиналық қонақ келеді. Алғашқы делегация қайтқаннан кейін, олардың қатары еселеп артуы мүмкін.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»