Қазақстан • 13 Маусым, 2017

Бәрекелді, бизнес-вумен!

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Іскер әйелдердің экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Кеше Астанада Іскер әйел­дердің ІІІ Конгресі өтті. Ол «Қазақ­с­­тан бизнес идея­лар жер­­ұйығы» атты жал­­пы тақырыппен «Ата­ме­кен» ҰКП съезі ая­сын­да Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Президентінің жа­нын­дағы Отбасы және әйел­­дер істері жөніндегі ұлт­­тық комиссиясының қол­да­у­ымен ұйымдастырылды.

Бәрекелді, бизнес-вумен!

Конгресті ашқан «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Ра­мазанова еліміздің қазіргі дамуында бел­сенді қыз-келіншектердің орны бар­ған сайын маңызды бола түскендігін атап көрсетті.

 «Бүгінде еліміздің ішкі жалпы өнімін қа­лыптастырудағы әйелдер қауымының үлесі 40 пайызға дейін жетіп отыр. Әрбір өңірде іскер әйелдер кеңесі құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі конгреске қатысып отыр­ған іскер әйелдер, әсіресе еліміздің әр аймағынан келген қыз-келіншектер ер адамдармен бірдей жұмыс атқарып, бизнестегі өз орындарын айқындай білді. Соның ішінде облыстардағы іскер әйелдер кеңесі орталық пен шалғай аймақтардың арасын байланыстырушы буын ретінде әрекет етіп келеді. Бүгінде бизнес-леди атауы қоғам тарапынан қызығушылық тудыратындай зор мәртебеге ие болуда. Еліміздің ынталы қыз-келіншектерін осы қатардан көрінуге шақырамын», деді Ләззат Керімқұлқызы.

Конгреске «Атамекен» ҰКП Төр­ал­қа төрағасы Тимур Құлыбаев қа­ты­­сып құттықтау сөз сөйледі. Ол әйелдер қауымының еліміздегі кәсіп­кер­лік саланың қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосып келе жатқандығын атап өтті.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төра­ға­­сының орынбасары Юлия Якуп­ба­ева «Қы­з­­мет көрсету саласындағы МЖӘ жо­ба­сы маңызы» туралы баяндама жасап, жан-жақты әңгімелеп бер­ді.

Конгресте алғашқылар қа­та­рында сөй­леген Оңтүстік Қазақстан өңірлік іс­кер әйел­дер кеңесінің төрайымы, «Асыл Арман» ЖШС директо­ры Алма Архабаева биз­нес құ­ру­­дың ерекшеліктерін айтып, іс­кер нарықтағы өмір­шең­дік қа­ғидаттарын тізді. «Бас­қа­ру­шы­лық – бұл өнер. Уақытты басқару – болашақты бас­қару дегеніміз бизнесті басқару, ақпа­ратқа ие болу. Басқа адамдардың уақытын бағалау, командаға дұрыс адамдарды таңдай білу, отбасы мен жұмыс арасында теңгерімді ұстай білу өте маңызды. Қоғамда әйел іскер болса, мансап қуса, отбасын құра алмайды немесе басқа істі құрбан ету керек деген пікір бар. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Бұған өз өмірім мен тәжірибемді мысал ретінде келтіре аламын. Менің бес балам бар. Мен олардың болашағы үшін бизнеске аралас­тым», деді Алма Архабаева.

 Оның айтуынша, іскерлікте негізгі төрт қағида бар. Біріншісі – уақыт. Уақытты дұрыс жұмсай білудің бизнес­те­гі маңыз зор. Екіншісі – қаржы. Ақшасыз эко­номиканы қалыптастыру, жеке биз­несті құру мүмкін емес. Үшіншісі – өмір энер­гиясы. Мұнда денсаулық пен пси­хо­логиялық жағдайды ұмытпаған жөн. Төртін­шісі – теңгерім, бәріне де теңгерім сақтаған абзал.

Басқосуда Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы іскер әйелдердің өңірлік кеңе­сінің жетекшісі Елена Березинская-Абилова өздерінің аз уақытта жинаған мол тәжірибелерін ортаға салды.

«Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы іскер әйелдердің өңірлік кеңесі 2015 жылы құрылды. Соған қарамастан облыс­тың бизнес саласындағы құры­лым­­да­рымен іскерлік байланысымыз­ды жақ­­сарта отырып, көптеген жұмыстар тын­­дырдық. Бүгінде аудандық дең­гей­дегі 15 кеңесіміз жұмыс істейді. Кә­сіп­керлікпен шұғыл­дан­ғысы келетін жас­тарға кө­мек көрсетіп, тәжірибемізбен бө­лісуді өзіміздің басты пары­зы­­мыздың бірі деп бі­ле­міз. Біз өзі­мізді әйелдердің кәсіпкерлік бел­сенділігін жүзеге асыратын алаң ретінде құрдық», деді ол.

«IDFashhion» халықаралық теле­арна­сының бас продюсері Василий Климчук биз­нес құрудағы медиа мүмкіндіктерді айтты. Телеарнаның басты миссиясы – қазақстандық дизайнерлерге өз қаза­нын­да ғана қайнамай, халықаралық ке­ңіс­тіктен өз орындарын алуына көмек көр­сету. «Біз оларға сән әлемінің үлкен на­рығына, фешн кеңістігіне жол ашамыз. Үлкен сау­да алаңына, со­ны­мен қатар ки­імдерді көп мөл­шерде сатуға мүм­кін­дік беретін байланыстарға шығуға көмек­те­семіз. «IDFashhion» халықаралық телеарнасы – бұл жаңа мүмкіндіктер, жаңа таныстар, жаңа деңгей», деді телеарна өкілі.

Конгресс барысында сондай-ақ, Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйел­дер істері жөніндегі ұлттық ко­миссиясы Төрайымының орын­басары Ләззат Сүлеймен, «ҚазГЮУ» университеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Надежда Коробко, Жам­был облысы Жастар кәсіпкерлігі ке­ңесі орталығының директоры Айнұр Зәу­ір­бе­кова, Маңғыс­тау облысы Өңірлік іс­кер әйел­дер кеңесі­нің төрайымы Сәу­ле Салихова сөз алып, іс­кер әйел­дер­дің бүгінгі аяқ алысы жайлы өз ойларын ортаға салды.

Бүгінде мемлекеттік органдарда, ша­­ғын және орта бизнес саласында іс­кер әйелдер үлесі артып келеді. Жал­пы әйелдер қауымының отандық бизнес ор­та­дағы белсенділігі шамамен 50 пайыз­ға жуықтаса, еліміздің ішкі жалпы өні­мін қалыптастырудағы қосып отыр­ған үлес­тері 40 пай­ызға жетіп отыр. Қазақ­стан­да­ғы әйелдер кәсіпкерлігінің ба­сым бөлігі қызмет көрсету саласына ба­ғыт­талған, сервистік қызмет көрсетудің 63 пайызы әйел­дер­ге тиесілі, ауыл ша­руа­шы­лы­ғындағы кәсіптің 53 пайызын нәзік жан­дылар басқаруда.

Еліміздің шағын және орта кәсіпті 697 355 әйел дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлік саласына қаржылай емес қолдау көр­сету бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы кәсіпкер әйелдерге 17 666 сервистік қыз­мет көрсетсе, 45 501 ақпа­рат­тық қол­дау білдірген.

Шара барысында ел дамуына сүбелі үлес қосқан іскер әйелдер «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдері кеңесі атынан марапатқа ие болды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»