Парламент • 13 Маусым, 2017

Балаларды қатыгездіктен қалай қорғауға болады?

1162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Онда бүгінгі күннің аса өзекті де көкейкесті проблемасы қозғалып, былай делінеді:

Балаларды қатыгездіктен қалай қорғауға болады?

«Бүгінгі күні қоғамдағы өзек­ті проблеманың бірі – ата-ана­лар жә­не басқа да ересектер тара­пы­нан кәмелетке толмаған жас­өс­­-
п­і­рімдерге зорлық-зомбылық жа­салуы.

Қазір мектептерде, отбасы­лар­да, қоғамдық орындарда кіш­кен­тай балаларды ұрып-со­ғу­ды, оларға әлімжеттік жасау­ды ашық көрсететін бейнежазбалар интернет арқылы таратылып жатыр. Олардан бұқаралық ақ­парат құралдары да қалысар емес. Осындай теріс насихаттың да салдарынан болар, соңғы кезде үлкендер тарапынан балаларға көр­­сетілген зорлық-зом­бы­лықтың қай­ғылы оқиғалары жиілеп барады. Солардың ішінде, әсіресе, өгей ше­шесінің қолынан қаза тапқан 11 жа­сар Өркен Аза­мат­ұлы­ның ая­ныш­ты тағдыры естіген жұрт­тың жа­ғасын ұстатты.

Қоғамда балаларға зорлық-зом­былық көрсету фактілерінің орын алуына ата-аналар мен ере­сек­тер арасында түсіндіру жұ­­мыстарының жеткіліксіздігі, бұ­қа­ралық ақпарат құралдарының сен­сация қуушылығы, интернеттің теріс әсерінің ар­туы, жалпы, өскелең ұрпақтың әлеуметтік-мәдени өмірінің өз­ге­руі ықпал етеді. Сонымен қа­тар, халық­тың кей топтарының құ­қық­тық, моральдық, эко­но­ми­ка­лық жа­ғынан әлсіз қорғалуы да ер­лі-зай­ыптылардың өздерінің ара­сын­дағы және ата-аналар мен бала­лар арасындағы кикілжіңдердің пайда болып ушығуына, ал мұның а­яғы бейкүнә бүлдіршіндердің қа­т­ыгездік құрбанына айналуына әкеліп соғуда. Осы ретте, жас­тайынан қысым мен зәбір көріп, пси­хикасына зақым келген бала ер­­тең өсе келе айналасындағы әлеу­­­меттік ортаға қауіп тудырмай ма деген заңды сұрақ туындайды.

1994 жылғы 8 маусымда Қазақ­с­тан Республикасы ра­ти­фи­ка­ция­ла­ған Бала құқықтары туралы кон­венцияның толық мүшесі бол­ған­дықтан, аталған мәселелер то­лы­ғымен біздің ортамызда орын ал­­мауы тиіс деп есептеймін.

Жоғарыда айтылғандарға бай­л­а­­­нысты төмендегідей ұсыныстар енгіземіз:

– қолданыстағы заңнамада от­басындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік, негізінен, әйел­дерге қатысты қарастырылған, ал балаларға қатысты зорлық-зом­бы­лық жете ескерілмеген. Осы­ған орай, ата-аналар мен ере­сектерге олар­дың балаларға көр­сететін зор­­лық-зомбылығы үшін жау­ап­­­кер­ші­лігін күшейту мә­се­лес­ін заң­на­малық тұрғыдан пы­сық­тау қажет деп санаймыз;

– жалпы білім беретін оқу орындарының қызметкерлері – мұ­ғалімдер, сынып жетекшілері, пси­хологтар ішкі істер орган­да­рының өкілдерімен бірлесе оты­рып, сабақтан тыс уақытта қа­рау­сыз қалатын балаларды жә­не жайсыз отбасылардың балал­а­рын анықтап, олардың бос уа­қытын тиімді ұйымдастыруды қамт­а­ма­сыз етуі тиіс. Өйткені, жауапсыз ата-аналар тарапынан балаларды үй­де қараусыз қалдырып, тіпті сыр­тынан құлыптап кету салдары қайғылы оқиғаларға әкеліп соқ­тырып жатады. Сондықтан, «Көр­шілер бақылауын» күшейту жә­не тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінен жедел әрекет ету топтарын құру қажет. Бұған қоса, «Мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған әрекет ету» бағ­дарламасының аясын кеңейту мәселесін де қарастырған жөн;

­– интернеттегі балаларға қа­тыс­­ты порнографиялық сайт­тар­ға тыйым салу және балалар қолданатын коммуникация құ­рал­дарына «Ата-ана бақылауы» бағ­дарламасын орнатып, оның қол­жетімділігін қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құ­ралдары, әлеуметтік желілер бала­ларға көрсетілген зорлық-зом­былық туралы «сүйінші сұ­ра­ғандай» тұрғыда хабарлап қа­на қоймай, осы көкейкесті мәселеге алаңдаушылық білдіріп, жұрт­шы­лыққа ой салуы қажет деп ойлай­мыз. Осы орайда, мемлекеттік тап­сырыспен жұмыс істейтін рес­публикалық және өңірлік те­ле­­­радиоарналарда отбасылық құн­­дылықтарды дәріптеуге ша­қы­ратын әлеуметтік ролик­тер көр­сету мүмкіндігі де қарас­ты­рыл­ғаны жөн;

– тиісті мемлекеттік органдар та­ра­пынан осы өзекті мәселеге жүйелі көзқарастың болмауы, ба­лаларға көрсетілетін зорлық-зом­бы­лыққа салғырт қарау, оңалту ор­­та­лықтарының тек зардап шеккен балалар шоғырланған жер­лер­­де ғана ұйымдастырылуы ой­ландыр­май қоймайды. Ба­ла­лар мен жасөспірімдерді қаты­гез­діктен қорғау мен зорлық-зом­бы­лықтың алдын алу шараларына құқық қор­ғау, қорғаншылық жә­не қамқор­шы­лық органдары, әлеу­меттік және педагогикалық са­ла мамандары, меди­цина қыз­меткерлері және психологтар бір­лесе атсалысулары керек. Бұл Үкі­мет тарапынан кешенді шаралар қабылдауды талап етеді».