Қазақстан • 13 Маусым, 2017

«Бәрі сіздің арқаңыз!»

545 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан біраз жыл бұрын еліміздің шығысындағы Зайсан ауданында әкімнің орынбасары қызметі босай қалып, осы орыннан біраз азамат үміт күтеді ғой. Солардың қатарында ауданның дамуына біраз еңбек сіңірген әрі басшылық қызметтерде жүрген абыройлы ағаларымыз Төребек пен Алғысбек те болады.

«Бәрі сіздің арқаңыз!»

Ақырында аудан әкімінің орынбасары қызметіне үміт­керлер арасында осы екі аға­мыз­дың есімдері дараланып шы­ғып, орынбасар қызметі үшін олардың ортасындағы күрес қызып береді. Екеуін де жақ­таушылар қатары аз емес. Төребекті жақтаушылар Алғыс­бекті сынап-мінеп, Алғысбекті жақтаушылар Төребекті сын тезіне алып дегендей дабылдатып жатқанда, бұл екі ағамыз болып жатқан оқиғалардан бейхабар жандай халық алдындағы сыпайы да сырдаң қалыптарын сақтап қалады. Бір-бірімен кездесе қалғанда аман-сәлемдері де түзу, бірақ екеуі де жаңа қыз­мет үшін «кілем астындағы» тартысты күшейте түссе керек.

Ақыры тәжірибесі де, қыз­мет өтілі де молдау Төребек аға­мыз жеңіске жетіп, аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалады. Астында қыз­мет­тік көлік пайда болады.

Осыдан көп өтпей-ақ аға­мыз көлігіне мініп, кешкісін жұмыстан үйіне қайтып бара жатса, көшеден кешегі бәсе­келесі Алғысбек ұшыраса кетеді. Көлігін жүргізушіге дереу тоқ­таттыра қойып, Алғысбекті кө­­лікке мінуге шақырады. Ша­ма­сы, екеуінің үйі де бір маңайда болса керек.

Алғысбек қарсы болмай көлікке келіп отырып, араларында түк болмағандай баяғыдағы татулық қалыптарымен бір-бі­рі­нен жөн сұрасып, сыпайы әңгімелесіп отырады. Үйінің тұсына жеткенде Алғысбек ағамыз көліктен түсе беріп:

– Төке, «кілем сатсаң көр­шіңе сат, бір бұрышына өзің де отырарсың» деп атам қазақ тауып айтқан екен ғой. Аудан әкімінің орынбасары қызметіне сіздің тағайындалғаныңыз қан­дай жақсы болды. Міне, игілігін көріп жатырмыз, – деп алғысын білдіріпті. Сонда Төребек:

– Рахмет, Алке! Бәрі де сіз­дердің арқаларыңызда ғой, – десе керек.

Сөйтіп екі ағамыздың арасында болып өткен қызмет үшін тартыс олардың арасындағы бұ­рынғы сыйластыққа кір жұқтыр­маған қалыпта, өзінен өзі жуы­лып-шайылып жүре берсе керек.

«Мен сізден уды аяйын ба?!»

Төребек ағамыз аудан әкі­мінің орынбасары қызметін дүрілдетіп атқарып жатқанда тағы да дәл осындай қызметтегі Мұрат ағамызбен арада  жұмыс бабында бір кикілжің пайда болып, ол біршама уақытқа со­зы­лып кетеді. Бірақ бұл ки­­кіл­жіңді екеуі де көп жа­рық­қа шығармай, баяғыдай кейіп танытқандықтарымен, айна­ласындағы қызметтестер оны байқап қалады. Өйткені, ағаларымыздың бір-бірімен сөйлесу мәнерлерінде сәл өзге­рістер білінеді.

Содан көктемгі егіс жұмыс­тары басталған кезде жоғары жақтан оған қатысатын шаруа қожалықтары үшін түрлі зиянкестермен күресуге арналған химиялық дәрілік заттар келіп түсе бастайды. Мұрат ағамыз өз қызмет бабына сәйкес оларды қожалықтарға үлестіріп беру ісіне басшылық жасайды.

Сол жылдары жемір шегірт­келер мен қоңыздар көбейіп кетті ме екен, ауданға әкелінген оларды улайтын дәрілер диқан­дардың бәріне бірдей жетпеуге айналады. Солардың қатарында Төребек ағамыздың бір танысы да болып, ол Төкеңнен көмек көрсетуін сұрап, қайта-қайта мазасын ала берген соң ақыры ол Мұратқа келіп:

– Мүке, әлгі шегірткеге қарсы таратып жатқан уларыңыздан қалып па еді, маған да сол удың аздап қажет болып тұрғаны, – десе:

– Ойбай-ау, Төке! Сіз өзіңіз келіп у сұрап тұрсаңыз, мен сіз­ден оны аяйын ба?! Алыңыз, Төке, алыңыз! – десе керек Мүкең.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»