Командалық спорт түрлерінің қиындығы көп. Боксшы немесе балуан секілді жалғыз өзің дайындалып, қарсыластың бәрін «қирата» салмайсың. 11 ойыншының біреуі әлсіздік танытса болды, соның өзі жалпы нәтижеге әсер етеді. Ал біздің құрамадағы жағдай тіптен қиын. Команданы алға жетелейтін ең болмаса бір футболшы жоқ. Сенім артқан капитан Бауыржан Исламханның өзі командасын қиын жағдайға қалдырып кетті. Осыдан кейін не айтуға болады?
– Құралбек Досжанұлы, Алматыда Дания құрамасымен кездескен Қазақстан құрамасының өнеріне қандай баға бересіз?
– Қазақстан мен Дания кездесуін тамашаладым. Мен бұл ойынға «3» деген баға қойдым. Дания құрамасының футболшылары өте жас, әрі дарынды. Болашақтарынан үлкен үміт күттіретін ойыншылар. Соған қарамастан, біздің құрама өз мүмкіндіктерінен төмен ойнады. Бас бапкер Александр Бородюк кейбір футболшыларға дұрыс бағыт бермеген секілді. Құраманы таңдауда қателіктер жіберген. Ғафуржан Сүйімбаев «Қайратта» сол қапталда ойнаса, кешегі ойында қорғаныста, оң қанатында өнер көрсетті. Екінші таймда Шомконы ауыстырып алаңға шыққан Ян Вороговский негізі жартылай қорғаушы. Сондай-ақ, жалпы қорғаныста алты футболшы жүрді де, шабуылға тек Нөсербаевты шығарды. Ойын тактикасы орташа болды. Себебі, футболда шеберлік басым рөл ойнайды.
Дания футболшылары бізді менсінбей шыққан секілді көрінді. Матчтың алғашқы 15-минутында басымдықты Қазақстанға беріп қойды. Алайда, біздің футболшылар допқа көбірек бақылау жасаса да өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады. Әрі-бері жүгіріп, босқа шаршап қалған сияқты. Ал қонақтар бірінші таймда екі шабуыл ұйымдастырды. Оның біреуі голмен аяқталды. Футболда босқа көп жүгіре берудің қажеті жоқ.
– Ғафуржан Сүйімбаевтың өз позициясында ойнамағанын айттыңыз. Бапкер мұндай қадамға неліктен барды деп ойлайсыз?
– Бас бапкердің өзінің тактикасы болған шығар. Бірақ, қандай тактика болсын әр ойыншының футболда орны болады. Ғафуржан негізі солақай. Екінші таймда Бейсебековті шығарды. Оны негізі матчтың басынан ойнату керек еді. Сонда дұрыс болар ма еді деп ойлаймын.
– Капитан Бауыржан Исламхан құраманы бірінші таймда-ақ қиын жағдайға қалдырып кетті. Бауыржанның бұл бірінші әрекеті емес. Неліктен аса маңызды ойындарда капитанның жүйкесі жиі сыр береді?
– Исламханның істегені дұрыс емес. Қарсыласың қаншалықты теуіп тоқтатып жатса да, ашуға бой алдырмаған жөн. Футболшы деген салқынқанды болуы керек. Бұл жерде Бауыржан орталық алаңда, ешқандай қауіпті шабуыл болмаса да, осындай тәртіпсіздік жасап отыр. Мұның бәрі Қазақстанда чемпионатындағы кейбір төрешілердің мұндай әрекеттерге көз жұма қарауынан. Ішкі чемпионатта әбден еркінсіп үйреніп қалғандықтан мұндай оспадар қылықтар халықаралық арена да қайталанып жатады.
– Алдағы тағы бірнеше матч бар. Сол кездесулерде мынандай ойынмен ұпай жинай аламыз ба?
– Енді бапкерлер штабы қай жерде қателік кеткенін талдау жасап, қорытынды шығаруы қажет. Сол қателіктерді келесі жолы жібермеуді ойластыруы тиіс. Әрдайым ұтуға мүмкіндік болады. 1 қыркүйекте Астанада Черногорияны қабылдаймыз. Сол кезде қалай болғанда жеңілмеудің жағдайын жасауы тиіс. Мен әрдайым құрамадан үлкен үміт күтемін. Мұның барлығы чемпионатқа байланысты. Чемпионат жоғары деңгейлі болса, футболшылардың шеберлігі өседі, шыңдалады.
– Соңғы ойынға бас бапкер шабуылшы Сергей Хижниченконы шақырмады. Бородюк мұның себебін Сергейдің Беларусь чемпионатындағы ойын практикасының аздығымен байланыстырды.
– Кімді шақыру, кімді шақырмайтынын бапкер өзі біледі ғой. Дегенмен, Бородюктің стадион жағалап ойын көрмейтіні таңқалдырады. Жақында Алматыда «Қайрат» пен «Астана» кездесті. Чемпионаттың орталық ойыны. Бородюкті стадионнан көрмедім. Бас бапкер стадионға барып ойын көрмесе, футболшыларды қалай таңдайды? Беларусь мемлекеті де жақын орналасқан. Неге көмекшілерінің бірін жібермейді. Сол кезде Сергей Хижниченконың қандай формада жүргенін көретін еді ғой. Жаттықтырушы өз жұмысына салғырт қараса, нәтиже қайдан болсын?
Әңгімелескен
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА