Қ. Тоқаев «Болашақтың энергиясы» деп аталатын көрменің тақырыбы БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына толығымен сәйкес келетінін атап өтті. Төраға БҰҰ мен оған мүше мемлекеттер «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатыса отырып, жаһандық климаттың өзгеру проблемасын шешуге қомақты үлес қосатынына сенім білдірді.
Төраға Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа табысты ықпалдасуы мен ядролық қару сынақтарына тыйым салу және ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайту жөніндегі біздің еліміздің ұстанымдарына БҰҰ тарапынан қолдау көрсетілгенін атап өтті. «Президент Н.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығына қол қойылған күн – 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде БҰҰ-да атап өтіледі», - деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев 2030 жылға дейінгі кезеңдегі орнықты даму саласындағы БҰҰ-ның жаңа күн тәртібін ілгерілетудегі және климаттың өзгеруі мәселелерін шешудегі Қазақстанның үлесіне тоқталды. Ол біздің елімізде «Жасыл көпір» әріптестігі бағдарламасы іске асырылып жатқанын, «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдама ұлттық деңгейде қабылданғанын атап өтті.
БҰҰ-мен өзара іс-қимылдың келешегіне қатысты айтар болсақ, ол Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретіндегі өкілеттігін іске асыруға бағытталып отыр. «Біздің күш-жігеріміз ядролық қарудан азат аймаққа қол жеткізуге, халықаралық терроризм және зорлықшыл экстремизммен күреске, жаһандық соғыс қатерінің алдын алуға, Еуропа мен Америка, Азия мен Африканың ұжымдық қауіпсіздігі жөніндегі аймақтық ұйымдарының бәрінің арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналып отыр», - деді Төраға.
Қ.Тоқаев БҰҰ аясында алдағы уақытта Астанада ашылатын «жасыл» технологияларды дамыту инвестициялық жобалардың халықаралық орталығына да назар аударды. Орталықты орналастыру үшін ЭКСПО павильондарының бір бөлігін пайдалану көзделіп отыр.
Салтанатқа қатысушылар халықаралық көрмедегі БҰҰ күніне арналған БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бейнежазбадағы үндеуін тамашалады.
Шара барысында БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ-ның Еуропа және ТМД елдері жөніндегі Даму бағдарламасы аймақтық бюросының директоры Джихан Султаноглу мен Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіпті дамыту жөніндегі (ЮНИДО) бас директоры Ли Йонг те сөз алды.
Қ. Тоқаев «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін аралау аясында қазақстандық «Нұр Әлем» павильонына қойылған жобалармен танысты.