Аймақтар • 13 Маусым, 2017

Оңтүстік Қазақстанда суға бату оқиғалары 24%-ға азайды

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік пен  өрт қауіпті кезеңінде төтенше жағдайларды алдын алу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық спорт басқармасы өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. 

Оңтүстік Қазақстанда суға бату оқиғалары 24%-ға азайды

Онда сөз алған департамент бастығының орынбасары полковник Батырғали Сопбеков шомылу маусымы басталғанын айтып, оңтүстікқазақстандықтарды сақ болуға шақырды.

«Су айдындарында адамдардың өлімін болдырмау мақсатында, әсіресе шомылу маусымы кезеңінде, жедел-құтқару жасақтың мүмкіндіктері максималды түрде пайдалануда.  Бүгінгі күні облыстың су айдындарында қауіпсіздікте 90 жедел-құтқару жасағымен қамтамасыз етілсе, 22 автокөлік және құтқару техникасы, 30 судағы құралдары, 50 сүңгуір жабдықтары мен құрал-саймандары дайындыққа келтірілген. Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген қабылданған іс-шаралардың арқасында суға батқандардың санын жыл басынан бері  24% -ға төмендетуге қол жеткіздік. Алдын алу және түсіндірме жұмыстары шомылу маусымының соңына дейін жалғасады»,-деді Батырғали Сопбеков.

Мұнан бөлек, баспасөз конференциясында өрт қауіпсіздігі бойынша департамент бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Нұрғали Жүнісов мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, дала алқаптарындағы өрттерді сөндіру үшін жұмылдырылатын барлық күштер мен құралдарға жалпы 37 млн. 163 мың теңге қаржы бөлінген. Ал, облыс аумағында орман және дала өрттерін дер кезінде анықтау мақсатында ғарыш мониторингіне жалпы 6,5 млн. теңге қаржы қаралып, тиісті мекемемен келісімшарт түзілген.

«Орман-дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында ауыл округтерінде жалпы 9281 адамдардан тұратын 825 ерікті өрт сөндіру құрылымдары құрылды. Бүгінгі күні облыс аумағында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары, теміржол бойы мен егіс алқаптарында өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілуде. Жолақтардың сапалы жүргізілуін қадағалу мақсатында  облыстан арнайы комиссия шығып бақылауда»,-деді Нұрғали Жүнісов.

Сондай-ақ, баспасөз конференциясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары А.Бердашов шомылу маусымы қарсаңында «Қажымұқан» стадионындағы жабық «Су комплексінде»  суда жүзу бойынша тренерлермен  және құтқарушылармен 100-ден аса жасөспірімдерге жаттықтыратын сабақтар өткізілгенін айтты. Сонымен қатар, ол облыстағы аудандар мен қалаларда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын жеткізді. Мәселен,  Созақ ауданындағы «Шұғыла» бассейнінде 7 топтан тұратын 84 балаға үйірме жұмыс жасайды.  Ал, Кентау қаласындағы Мәдениет сарайында  1000 студенттер мен оқушыларға арнайы тренерлердің қатысуымен судағы қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды.

«Жалпы облыс бойынша бассейнде шұғылданатын спортшыларының саны 507 адамды құрайды. Ал денсаулығын сауықтыру және жүзуді үйрену мақсатында 18 жастан 70 жасқа дейінгі 500-ге   жуық азамат күніне негізгі сабақтардан тыс уақытта шұғылданады», -деді А.Бердашов.