Қазақстан • 13 Маусым, 2017

Құрылыс компаниясы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бірінші болып субсидия алды

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің құрылыс нарығында 7 жылдан бері жұмыс істеп жатқан «Соллерс» компаниясы «Даму» Қорынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бірінші болып субсидияға қол жеткізді.

Құрылыс компаниясы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бірінші болып субсидия алды

Ендігі жерде 14 пайыздық жылдық мөлшерлеменің 7 пайызын «Даму» Қоры субсидиялайды. Жалпы сомасы 400 миллилон теңге болатын несие 3 жыл мерзімге «Сбербанк» АҚ ЕБ арқылы беріледі. Компанияның өз қаражаты 102 млн теңге, жобаның жалпы құны 502 млн теңгені құрайды.

Бөлінген қаражыға құрылыс компаниясы Ақтөбеде жалпы аумағы 3 771 шаршы метр (54 пәтер) болатын 9 қабатты тұрғын үй кешенін салмақ. «Нұрлы жер» бағдарламасы мен «Сбербанк» АҚ ЕБ және «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасындағы талап бойынша жаңа кешеннің 27 пәтері Тұрғын үй құрылыс жинақ банк салымшыларына шектеулі бағамен беріледі. Осылайша, құрылыс аяқталған соң аталған банк салымшылары шаршы метрі 140 мың теңге болатын пәтерлерге қол жеткізе алады. Ақтөбедегі бұл жаңа тұрғын үй кешені биыл 15 тамызда пайдалануға беріледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бағыттарының бірі – жеке компанияларды құрылыс жұмыстарын жүргізуге ынталандыру. Есесіне екінші деңгейлі банк несиесінің сыйақы мөлшерлемесі субсидияланады. Бұл – халықтың қол жетімді пәтерге ие болуына мүмкіндік береді», – деді «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.

Естеріңізге сала кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы жеке құрылыс компанияларға ҚР Ұлттық банк белгілеген 16 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен несие беруді көздейді. «Даму» Қоры 7%-ын субсидиялайды. Компания қалған 9 пайызын өтейді. Субсидиялар тұрғын-үй құрылысымен айналысып жүрген кәсіпкерлердің жаңа несиелеріне беріледі.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»