Егіс алқабы ұлғайды
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың мәлімдеуінше, биыл еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 мың гектарға артық. Егін егу жұмыстарын әртараптандыру аясында сұранысы жоғары дақылдарды егетін алқаптар 1 млн 348 мың гектарға ұлғайтылды, бұл АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасының жоспарланған индикаторынан 340 мың гектарға жоғары көрсеткіш болып отыр.
Қ.Айтуғанов сондай-ақ, жасымық егісін ұлғайту Қазақстанға әлемде аумақ бойынша бесінші және экспорт бойынша төртінші орынды иеленуге мүмкіндік беретінін, бұдан өзге, биыл қант өндірісі бір жарым есеге, майлы дақылдар 1,3 есеге ұлғайтылатынын атап өтті. Себебі, жүзеге асырылып жатқан әртараптандыру жұмыстары әр гектардың тиімділігі мен өндірістің табыстылығын арттырған. Бірінші вице-министр, сонымен қатар, тұқым шаруашылығына қолдау көрсету қаражаттарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өскенін, бірегей және элиталық тұқымдар өндірісі қайта қалпына келтірілгенін және тұқым шаруашылығына қолдау көрсетудің өзге де шаралары қабылданғанын жеткізді.
Жиында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу науқанындағы аса маңызды мәселе – дизельдік отынмен қамту жайы да сөз болды. Қ.Айтуғановтың айтуынша, отынға сұраныс толығымен қамтамасыз етілген. Ол, сондай-ақ, Үкіметтің жаздық егіс кезеңінде акциздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешімі дизель отыны бағасын республика бойынша орта есеппен литріне 123 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Егістерді химиялық өңдеу бойынша қорғау шараларын жүргізу үшін еліміздің оңтүстік өңірлеріне қосымша пестицидтер мен техникалар жеткізілген. 591 мың гектар жер өңделген. Ауыл шаруашылығы жерлеріне зақым келтірілмеген. «Өзге өңірлерде үйірлі көкқасқа шегірткелерге қарсы олардан қорғау шаралары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр», деді бірінші вице-министр Қ.Айтуғанов.
Отырыста сонымен қатар Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарының әкімдері, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарының нәтижелері және АӨК дамыту Мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған шаралардың орындалуы туралы есеп берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер – шаруа қожалықтарының басшылары А.Касицин, М.Фазулов сөз сөйледі.
Мәселені талқылау қорытындысында Үкімет басшысы Б.Сағынтаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау және егістіктердің фитосанитарлық қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді. Б.Сағынтаев Инвестициялар мен даму министрлігіне тыңайтқыш өндірушілерге қолдау көрсетуді және минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін арттыру оларды тұтынушыларға жеткізу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу керектігін және өсімдіктерді аурулар мен зиянкестерден қорғау құралдарымен заманауи өңдеу шараларын қолдану қажеттігін ескертті.
Еңбек нарығы реттеліп келеді
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан еңбек нарығының тиімділігі факторы бойынша әлемнің озық отыздығына енді. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында мәлімделді. Онда, сондай-ақ, қазір Қазақстанда еңбек даулары мен еңбекақы бойынша қарыздар азайып келе жатқаны айтылды.
«Бүгінде ел экономикасында жұмыспен қамтылғандардың саны 8,5 миллионнан асты немесе жалпы Қазақстан халқының 50 пайызына жуықтады. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу қай қоғамның болса да, өзекті мәселесі болып келеді. Дүниежүзілік экономикалық форум еңбек нарығының тиімділігін жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі тізбесіне енгізіп, жыл сайын жұмыс берушілер арасында тәуелсіз сауалдама жүргізеді.
2016 жылдың қорытындысы бойынша, осы белді ұйымның жүргізген сауалдамасы бойынша, Қазақстан 140 мемлекеттің арасында 20-орынды алып, 30 дамыған мемлекеттің қатарына кірді. Бұл еңбек қатынастарын реттейтін тараптардың мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жаңа Еңбек кодексінің құқықтық қолданылу тәжірибесі мәселелері мен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары туралы баяндамасында.
Қазақстанда 122 еңбек стандарты бекітіліп, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарынан тұратын 11 стандарт қайта қарастырылып, бизнеске байланысты тексеру парақтарының талаптары 43-тен 24-ке дейін ықшамдалған. Нәтижесінде тексерілетін нысандар саны 2012 жылғы 18 мыңнан 2016 жылы 10 мыңға дейін азайса, 2017 жылдың 5 айында 5 мың ұйымның тыныс-тіршілігі екшелген.
«Биылғы 5 ай ауқымында 10 мыңнан астам жұмысшының 1,5 млрд теңге қарызы өндірілді. Ағымдағы 2017 жылдың маусым айындағы еңбекақы бойынша қарыз 88 млн теңгені көрсетуде. 2016 жылы өндірісте зардап шеккендердің саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға азайып 670 мыңнан астам жұмысшы зиянды еңбек ахуалындағы жұмысы үшін түрлі өтемақыларға ие болды. Бұл мақсатқа жұмыс берушілер жағы 99,7 млрд теңге бөлді», деді министр.
Жұмыс орындарының қысқаруына жол бермес үшін министрлік тарапынан тиісті меморандумдарға қол қойылуда. Қазіргі уақытта меморандумдар арқылы 2,8 млн. адамның жұмыс орнының сақталынуы көзделіп отыр. Кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруда, құрамына жұмыс берушілер мен кәсіподақтар өкілдері кіретін 12 000 өндірістік кеңес жасақталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, кәсіподақтар қызметін жетілдіру мен еңбек кикілжіңдерін шешу мәселелері бойынша заң жобасы тұжырымдамасын әзірлеген. Бұл мәселе бойынша Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Р.Ізмұханбет, сондай-ақ, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының әкімдері қосымша баяндады.
Талқылау қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев қазақстандықтардың еңбек құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуді тапсырды. Үкімет басшысы жұмысшыларды босатуды жоспарлап жүрген кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, мәселені бақылауда ұстау қажеттігін де ескертті. Сондай-ақ, әкімдерге Еңбек тәуекелдері картасы аясында еңбек нарығындағы жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізу тапсырылды. Қазақстанның әрбір өңірінде жұмыскерлерді қысқарту бойынша болжамдар болуы керек, оған қоса, онда қысқартылатындардың саны ғана емес, болжалды еңбекпен қамту орындары да ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, еңбекақыны кідіртпей төлеу бойынша жұмыс жүргізу қажет, деді Премьер-Министр.
Жемқорлық азаймай тұр...
Үкімет отырысында талқыланған тағы бір мәселе – мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықты жою шаралары. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев жемқорлықтың алдын алу бойынша қолданылатын шаралар туралы баяндады.
«Біз жемқорлық схемаларын анықтау жұмысына көп көңіл бөліп келеміз. 2016 жылдың өзінде 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі анықталып, 90-нан астам лауазымды қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұндай қылмыстық топтар Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қызмет еткен», деді агенттік төрағасының орынбасары. Сондай-ақ, ол былтыр жемқорлықтың 89 фактісі тіркелгенін, олар бойынша 360 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.
А.Шпекбаевтың мәлімдеуінше, 2001 жылдан бері сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша елімізде 10 мыңнан астам адам сотталған. «Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша сотталғандардың 70 пайызы атқарушы билік органдарында қызмет еткен. 2001 жылдан бері жемқорлық қылмыстардан келген материалдық шығын 240 миллиард теңгеден асты. Оның 44 пайызы қайтарылды. Бұл жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің тиімділігі мен азаматтық қоғамның қолдауы артқанының нәтижесі», деді А.Шпекбаев.
Орталық атқарушы органдардың ішінде сотталғандардың саны бойынша Ішкі істер, Қаржы, Әділет, Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы министрліктері көш басында тұр. 2016 жылы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты тіркелген 398 фактінің 50 пайызға жуығы жергілікті полиция қызметімен байланысты болған. Сондықтан да осы салада жемқорлықпен күрес бойынша жоспар әзірлеп, іске асыратын қажеттілік туындап отыр екен. Агенттік төрағасының орынбасарының мәліметінше, Қаржы министрлігінде сотталғандардың 86 пайызы – кедендік, салық, сондай-ақ, экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері. Ал жергілікті атқарушы органдар ішінде білім беру ұйымдары, әкімдердің аппараты, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мәдениет және тілдерді дамыту салаларында жемқорлыққа жиі жол беріледі. Ал өңірлер арасында рейтингті Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстары бастап тұр.
Үкімет басшысы барлық салада сәйкес талдау жүргізуді қамтамасыз етуді және анықталған жемқорлық тәуекелдерді жою бойынша нақты шаралар қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, басқару органдарында сыбайлас жемқорлықтың жай-күйіне ішкі талдау жүргізу және әрекет етудің кешенді шараларын қолдану қажет екенін айтты.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»