![Грузия мемлекетінің Ұлттық күні салтанатпен аталып өтті](/article_photo/1497409435_article_b.jpeg)
Грузия мемлекетінің ұлттық күнінің ашылу салтанаты Қазақстан және Грузия мемлекеттерінің әнұрандарын орындаумен басталды. Содан кейін сахнаға Грузияның Бас комиссары, энергетика министрінің орынбасары Илья Элошвили шығып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы уақытпен шыңдалған достықты тілге тиек ете келіп, Астанада өтіп жатқан әлемдік көрменің мәні мен маңызына тоқталды. Одан әрі ол өз сөзінде Грузия ұлттық павильонының тақырыбы «Энергия көзі – адамдар» деп аталатындығын, өз елінде бұл көрмеге деген қызығушылықтың жоғары болғандығын атап көрсетті. Грузия «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуын растаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Соңғы деректер бойынша Астанадағы көрмеге Грузиядан 10 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде.
Грузия Ұлттық күнінің ашылу салтанатына Грузия Президенті Георгий Маргвелашвили бастаған үлкен ресми делегация келіп қатысты.
Ұлттық күннің ашылу салтанаты Грузиядан арнайы келген өнер шеберлерінің концертіне ұласты. Грузин халқының ұлттық музыкасы, биі мен фольклоры бүкіл әлемге танымал. Өнер шеберлерінің концерті жиналған көрерменді бей-жай қалдырмады. Сахнада Тбилиси мемлекеттік оркестрінің сүйемелдеуімен атақты әншілер Нани Брегвадзе, Тамара Гвердцители, Эки Мамаладзе ән шырқады.
«Энергия көзі − адамдар» деп аталатын Грузия павильоны 500 шаршы метр алаңға орналасқан. Павильондағы жәдігерлер осы елдің энергетикалық әлеуетімен таныстырып, су, жел, күн және басқа жаңғырмалы энергия көздері арқылы электр қуатын өндірудегі көптеген озық технологияларды дәріптейді. Сонымен бірге, Грузия павильонында қолөнер жәрмеңкесі ашылған. Тоқыма, зергерлік бұйымдар, керамика, тігіншілік, шыны, эмаль және саздан жасалған қолөнер бұйымдары көрмеге келушілерге көптеп ұсынылады. Осындай мазмұнды әрі қызықты бағдарламамен өрілген Грузия мемлекетінің көрмедегі Ұлттық күні ерекше тартымды өтті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»