Басқосуда Жеңіс Махмұдұлы ведомствоның атқарған жұмыс нәтижелерін баяндап, алдағы жоспарлар мен міндеттерге тоқталды. «Жыл басындағы 4 айдың қорытындысы бойынша өндірістік өнеркәсіп көлемі 7,1 пайызға өскенін көреміз. Оның ішінде тау-кен өндіру мен өңдеу өнеркәсіптерінің, түсті металлургияның өсімдері есебінен қара металлургия мен фармацевтиканың кірісі ұлғайған», деді министр.
Аймақтардың қатысуымен бейнеконференция режімінде ұйымдастырылған жиында жасалған баяндамада биыл Индустрия 4.0 элементтерін енгізу аясында жүйелі шаралар пакетін және өнеркәсіпті цифрландыруда мемлекеттік қолдау құралдарын әзірлеу жұмыстары жүргізілгені айтылды.
«Былтырғы қорытынды бойынша тікелей шетелдік инвестиция 40 пайызға өсіп, 20,6 млрд АҚШ долларын құраған. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде биыл ақпан айында ЭЫДҰ кеңесі Қазақстанның ЭЫДҰ халықаралық инвестициялар және көп ұлтты кәсіпорындар жөніндегі декларациясына қосылуын, сондай-ақ ЭЫДҰ инвестиция жөніндегі комитетіне «қауымдастырылған мүше» ретінде кіруін мақұлдады», деді Ж.Қасымбек. Оның айтуынша, инновация саласында өткен жылы жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге инновациялық гранттар беру туралы 66 келісімге қол қойылыпты. Халықаралық технологиялар трансферті орталығының ықпалымен Қазақстанға шетелдік технологияларды трансферлеу бойынша 15 жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Іріктеу нәтижесінде 4 жобаға жалпы сомасы 800 млн теңгенің инновациялық гранты берілді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жүзеге асыру аясында аталған орталықтың 2 қанатқақты жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Министр техникалық реттеу және метрология саласында ЕАЭО-ның 40 техникалық регламенті бекітіліп, 35-і күшіне енгенін мәлімдеді. Стандарттау жөніндегі жоспарға сәйкес, 747 ұлттық стандарт әзірленген. Қазақстан Орталық Азия аумағы елдері ішінде бірінші болып 58 өлшеу мәліметінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдепті.
Министрлік 2016 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасын әзірледі. Қазіргі таңда жұмыс тобының қарауындағы жобаны жыл соңына қарай қабылдау жоспарланған. Кодекстің қабылдануы геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық юниорлық компанияларды дамытуға және қосымша инвестиция тартуға тың серпін бермек, сонымен қатар елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға оң ықпал етеді деп күтілуде.
«Былтыр көлік саласында қызмет көрсету көлемі 3,8 пайызға өсті. Логистика тиімділігінің халықаралық рейтингінде Қазақстан 88-орыннан 77- орынға көтерілді, ТМД-да үздік болды. Қытай – Еуропа – Қытай бағытында транзитті контейнерлік тасымал 2 есе өсіп, 104,5 мың контейнерді құрады. биыл контейнерлер санын 320 мыңға, Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша 165 мыңға арттыру көзделіп отыр.
Транзиттік авиажолаушылар саны өткен жылы 250 мыңнан 478 мыңға дейін жетсе, 2017 жылы бұл санды 600 мыңға жеткіземіз. Негізгі жолаушылар легін Азиядан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері бағытқа қатынайтындар құрайды», деді баяндамашы.
2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 920 шақырым автокөлік жолында жөндеу жұмыстары аяқталған. Оның 767 шақырымы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобаның жұмысы жалғасып (Астана – Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған, Астана – Петропавл және Орал – Каменка), жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыс аяқталмақ. «Жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 15 жаңа жобаның құрылысы басталады. Сөйтіп, биыл 4,4 мың шақырым жолға жұмыс жүргізіп, 100 мың адам жұмылдырамыз», деді министр.
Басқосуда мәлім болғандай, былтыр жалпы тұрғын үй құрылыс алаңының физикалық көлем индексі 118 пайызды құраса, 10,5 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл – шамамен 90 мың пәтер. Инвестиция көлемі 2016 жылы 830 млрд теңгеге жеткен салада жүргізілген реформалар нәтижесінде кәсіпкерлер үшін құрылыс жүргізуге рұқсат алу мерзімі 3 айдан 1 айға қысқарыпты. Осы көрсеткіштер нәтижесінде Қазақстан екі жылда Бүкіләлемдік банк рейтингінде 152-орыннан 22-орынға көтерілді.
Айтпақшы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 1,5 млн тұрғын үй салынатын болса, соның 100 мыңы ағымдағы жылдың еншісіне бұйырып тұр.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»