Банктің кепілдігіне алынып есігіне қара құлып салынғалы ауданның ахуалы алға жылжыды деп айту қиын. Жансүгіровтегі жарты ғасырлық тарихы бар жалғыз кəсіпорынға осы он жыл ішінде қаншама инвестор келді десеңізші, бәрі де зауыттың болашағын бұлыңғыр санаған күйі келген ізімен кері қайтты. Алғаш ашылған сонау 1967 жылы зауытқа жас маман болып келген бас инженер Владимир Южков олардың бәріне де куә болды. Енді әлеуетті инвестор табылып, «Энергомост» консорциумы істі қолға ала бастағалы В. Южков, В. Леонтьев сияқты кәнігі кадрлар зауытты қалпына келтіру жұмысына бел шеше кіріскен. Зауыттың ауласына кіргеннен кәсіпорын күні кеше ғана тоқтағандай күй кешесің. Себебі, құрал-жабдықтары, озат қызметкерлерге арналған мақтау тақтасы, тіпті зауыттың жұмыс істеген соңғы мерзімі 2007 жылдың қараша айындағы кезекшілік кестесі ілінген тақта да сол қалпы сақтаулы тұр...
Ирригациядан инвесторға дейін...
Биыл облыс әкімдігі мен «Энергомост» консорциумы арасында Ақсу қант зауытын іске қосуға байланысты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Соның негізінде қазір инвестор зауыттың ішкі құрылымын, сыртқы құрылысын, құрал-жабдықтары мен қосалқы бөліктерін зерделеуден өткізу жұмыстарын бастады. Жарамдысын жөндейді, тозығы жеткенін ауыстырады. Бұл жұмысқа арнайы мамандар тартылған.
Ақсу қант зауытына ақша құятын азаматтар табу оңайға соққан жоқ. Оған дейін облыста ирригациялық жүйені қалпына келтіруден бастап, дайын өнімді өндіруге дейінгі процестердің бәрі рет-ретімен бір арнаға түсірілді. Оның ішінде тұқым алу, арзандатылған бағамен жанар-жағармай алу, техникамен қамтитын сервистік-дайындау орталықтарын құру, қызылша себу мен оны күтіп-баптау, жинау мен өңдеуге өткізу сияқты қыруар жұмыстар бар. Мұны қант қызылшасының кластері деп сеніммен айтуға болады. Өткен жылы 6,5 мың гектарға қызылша себіліп, 240 мың тонна өнім жиналып, Көксу қант зауытында өңделді. Ал биылғы жылы қызылша 9 мың гектарға себіледі. Суармалы егістіктің де көлемі жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылы 932 мың гектар болса, биыл суару жүйелерін қалпына келтіру есебінен тағы 6000 гектар айналымға қосылып, бұл көрсеткіш 938 мың гектарды құрады. Осы бағыттағы жұмыстардың жылдан жылға ілгерілеп келе жатқанын көрген консорциум зауытты іске қосуға батыл қадаммен кірісіп отыр.
Тәтті түбірден табыс мол
Елбасының облысқа жасаған сапарындағы тапсырмасына сәйкес қант қызылшасын өндіруді жаппай қолға алуды бастаған әкімдіктегілер алдыңғы жылы шаруа қожалықтарын қызылша егуге барынша үгіттеп, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіріп баққан. Соңғы екі жылда жұмыстың нақты нәтижесін көре бастаған шаруашылықтар енді қызылша себуге өздері мүдделілік танытып отыр. Мысалы, Ақсу ауданы Б. Сырттанов ауылындағы «Әлихан» шаруа қожалығы өткен жылы 15 гектарға қызылша сеуіп, оның әр гектарынан 700 центнерге дейін өнім алды. Әр гектардан түскен таза кірісі 450 мың теңгені құраған. Ал 15 гектардың табысын есептей беріңіз.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Бекішовтің айтуынша, әр ауылдық округтің қажеттілігі ескеріліп, округтер бойынша құруға қадамдар жасала бастады. Оған қоса минералды тыңайтқыш шығыны 50 пайызға дейін, гербицид 40 пайызға, тұқым шығыны 70 пайызға дейін, суармалы су жеткізуге байланысты шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Көксу қант зауытының қатарына биыл Ақсу қант зауыты да қосылады. Осындай мүмкіндіктерден кейін ежелден қант қызылшасына маманданған шаруалар атакәсібіне қайтып оралуға қалай мүдделі болмасын?!
Инвестиция тартудың арғы жағында ел игілігіне ақша құю мақсаты жатыр. Жалпы, зауытты іске қосудың бірінші кезегіне 8 млрд теңге қажет болса, соның 2,7 млрд теңгесін облыс «Жетісу» ӘКК арқылы бөлмек, ал қалған 6 млрд теңгеге жуық инвестицияны «Энергомост» консорциумы өзі құяды. Мұның барлығы да кәсіпорынның аяғынан тік тұруына жұмсалатын қайыры бар қаржы болмақ. Зауыт алдағы күндерде шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырып, қабылдаған шикізаттары үшін төлем жасаудың кестесін бекітеді. Шаруаларға қант қызылшасымен айналысуға ынта бар деген сөз.
Қызылша қанты ма, қамыс қанты ма?
Қазіргі кезде отандық қант пен сырттан тасымалданатын қамыс қантының айырмасын көпшілік тек бағасында деп қана біледі. Ғаламторға көз салсаң, қамыс қантын өндірушілер оның көнеден келе жатқандығынан бастап, құрамы мен құнына дейінгі түрлі қасиеттерін тізбелеп жариялаған. Алайда, қызылша қантының мұндай жағымды жарнамасы сирек. Дегенмен, қызылша қантын тұтынып үйренген біздің тұрғындар өз өніміміздің артықшылығын жарнамасыз-ақ жақсы біледі деп ойлаймыз. Дегенмен, қант өндірісімен айналысатын зауыттар алдағы уақытта өздерінің сайттарында қант қызылшасын жан-жақты жарнамаласа, бұл да істің ілгерілеуіне өз септігін қосар еді.
Сонымен, отандық өнім шығару ең алдымен, жергілікті жер тұрғындарына жұмыс орны ашылады деген сөз. Мәселен, Ақсу зауытының жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарына қазір 250 адам тартылса, маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 700-ге дейін жетеді. Оған шаруа қожалықтарының алқаптарында маусым кезінде еңбек ететін мыңдаған адамды қосыңыз.
Кейбір мамандар қант қызылшасын суды көп ысырап ететін дақыл ретінде қарап «Өсірудің қажеті бар ма, жоқ па?» деген сұрақ қойып жүр. Бұл орайда алдағы уақытта қант қызылшасы алқаптарына интенсивті технологияны енгізетін күн де алыс емес екенін жуырда облыс әкімі Амандық Баталов зауыттың жөндеу жұмыстарымен танысу барысында айтқан еді. Талдықорғандағы тереңнен су шығаратын сорап өндіретін зауыттың жаңбырлатып суару құралдарын шығаратын кәсіпорын ретінде қайта мамандануға әзірленіп жатқаны осы істің бастамасы деуге болады.
Түйін
Биыл Ақсу қант зауытының ашылғанына елу жыл толады. «Елу жылда ел жаңа» деген тәмсілді осы арада тағы бір қайталау артықтық етпес. 2007 жылдың желтоқсан айында тоқтаған зауыт он жылдан кейін 2017 жылдың желтоқсанында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорынның он жылдан кейін оңалғанына куә болып, «Ақсу қант зауытында жасалған» деген белгісі бар қантты көретін күніміз де алыс емес.
Сағыныш НАМАЗШАМОВА
Алматы облысы