Білім • 14 Маусым, 2017

Назарбаев мектептері Нидерландта аккредиттелді

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нидерландыдағы халықаралық мектептер кеңесінен (CIS) екі құттықтау хаты келді. Еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы және Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы білім беру ошақтары халықаралық аккредиттеуден өтті.

Назарбаев мектептері Нидерландта аккредиттелді

Бүгінде Назарбаев зият­кер­лік мектептерінің төртеуі атал­ған халықаралық кеңестің құра­мы­на кіреді. Беделді мәртебе қазақ­стандық мектептердің халық­аралық жоғары санатты стандартқа сәйкес келетіндігін көрсетіп отыр. Жалпы, аккредит­теу­ден өту үдерісі ұзақ әрі ауқым­ды жұмыс жүргізуді талап етеді. Айталық, арнайы бақылау комиссиясы аккредиттеуден өтуге ниет білдірген мектепте тікелей бақылау жүргізеді. 
Сәуір айында халықаралық мектептер кеңесінің Англия, Германия, Ресей, Әзербайжан, Йордания, АҚШ және басқа да мемлекеттердің өкілдерінен құралған тобы Семей мен Өскемен қалаларында жұмыс істеді. Олар мектептің бас­қару жүйесін, мұғалімдердің кәсіби білім беру машығын, мектептің күнделікті тыныс-тіршілігін зерделеп, өз бағаларын берді. Семей және Өскемен қалаларының мектептері «Өмір­лік құндылықтар», «Оқыту және үйрету», «Басқару және көшбасшылық», «Кәсіби құ­рам және техникалық маман», «Қолжетімді білім», «Опе­рациялық жүйе», сондай-ақ, шет тілдерді білу сынды санаттардың барлығынан сүрін­бей өтіп, жоғары талаптарға сәйкес келетіндіктерін дәлел­деді. 
«Назарбаев зияткерлік мек­теп­­терінде ынталы оқушы­лар оқи­ды. Білімге деген талпы­ныс­тары­на тамсанып отырмыз», деді Халықаралық сарапшылар ке­ңесінің жетекшісі Дэвид Джонсон. 
Зияткерлік мектептердің жаңа мәртебесі педагогика­лық ұжым мен оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша­ды. Сондықтан алдағы жылдарда Назарбаев зияткер­лік мектептерінің барлығын аккредитациядан өткізу жоспарланып отыр. Қазақстандық мек­тептердің таңдаулы білім беру ұйымына мүше болуы отандық білім беру жүйесі үшін айтулы оқиға деуге болады. Себебі, білім саласындағы соны жаңалықтар мен жоғары стандарттарды одан әрі ілгерілету үшін құрыл­ған бұл кеңес әлемдегі та­ны­мал ұйымдардың бірі. Қазіргі таңда клубқа әлем­нің көптеген елдерінің үз­дік мек­тептері мен білім беру кешен­дері қабылданған. Соны­мен қатар, ұйым әлемнің үздік 50 университетімен ынты­­мақ­тас­тық орнатып отыр. Бұл уни­верситеттер аккредиттел­ген мектеп түлектерін оқытуға мүдделі.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»