Ғаламшардың жыл санауында 1851 жыл болатын. Альберт ханзаданың алқалауымен адамзаттың даму тарихына жаңа бетбұрыс әкелетін қадам жасалды. Әлекедей жаланған Жозеф Пакстон есімді сәулетшінің ақыл-қиялынан туған Хрусталь сарайы 365 күн ішінде салынды. Содан бері бұл шара адам баласын жанкүйер ретінде қызықтыратын тарихи мәнге ие болып келеді. Әрине, Олимпия ойындары мен аяқдоптан әлем чемпионатынан кейінгі үшінші маңызды оқиға ретінде...
Күні кеше ғана Астана төрінде жалауы желбіреген ЭКСПО көрмесінің тарихы туралы айтып отырғанымызды оқырман ұққан болар. Әлемдік көрме өз шежіресінде ғаламшар мен адамзаттың өркендеуі үшін игілік пен ізгіліктен басқа мақсатқа қызмет етпегені анық. Керісінше, дүние жүзінің тұрғындары әр жылдары, түкпір-түкпірде ашылған ЭКСПО ғимараттары қабырғасында таныстырылып, тұсауы кесілген жаңалықтар үшін... өркениет алдында қарыздар сезінуі тиіс сияқты ма, қалай?..
Оқырманға әлемнің әр еліндегі ерекшелікке толы өмір мен даму белгісін сипаттайтын дәлелдерге көз жеткізу үшін ғана көрмені аралап шығуға кеңес берер едік. Себебі, Астанадағы көрме павильондарында адамзаттық құндылықтар мен болашақтың сипатын анықтайтын нышандардың менмұндалайтыны анық. Дәл сол жерден «ЭКСПО не береді?» деген сауалдың жауабы да Ньютонның басына топ ете түскен алмадай табыла кетуі кәдік емес...
Осы тұстан көрме туралы сөзді тәмамдаймыз. Өйткені, әрекетсіз қозғалыс болмайтыны сияқты, адамзаттың дамуына қозғаушы күш ретінде әсер ететін факторларды анықтап алмай тұрып, нақты нәтиже туралы үмітпен толғану мүмкін емес.
Ал адамзат пен ғаламшар тіршілігін алға жетелейтін бағдардың бір аты, жаңаша жазғанда – innovation ұғымы. Қазіргі танитын қарпімізбен тәпсірлегенде, инновация деп оқитын бұл атаудың өн-бойына арғы дамуымыз ғана емес, түпкі тағдырымыз байлаулы сияқты көрінеді. Себебі, енді әлемнің бұрынғыдай қалыпта болмайтыны анық. Оны өзгертетін құдіретті күш те осы инновация болып отыр. Демек, қазақ қоғамы енді бұрынғысынша өмір сүруге болмайтындығын сезінуі, тіпті сезінуді қойып, мойындауы тиіс! Яғни, жаңа әлемдегі жаңа қазақ ұғымы қалыптасып үлгерді немесе керісінше...
Дамыған елдер инновациялық дамуды ғылым ретінде қарастырады. Ғылымға негізделген идеялардың жемісті әрі өміршең болатындығының дәлелі осында жатыр. Бірақ, адамның интеллект ретіндегі ойлауының нәтижесі, ол тіпті пісіп-жетілу кезеңін бастан өткерген болса да, жемісті болуы үшін қажет сынақ мерзімі мен пайдалы әрекет кезеңінің арасындағы мерзім ұзаққа созылуы мүмкін. Яғни, инновациялық даму үрдісі бір күнде пайда болмайды. Кез келген мемлекеттегі инновацияны дамытуға кемінде 30 жыл керек дейді ғалымдардың өздері. Мысалы, АҚШ дамудың инновациялық моделіне көшуді сонау 1960 жылдары бастаған екен, демек Америка 20 жыл уақыт жұмсады деген сөз. Ал Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар тек 2003 жылдан бастап қана қолға алына бастады.
Сүйінерлігі, инновациялық жобаларды қолдау мемлекет тарапынан қарқынды жүргізіліп келеді. Айталық, 2003-2009 жылдар аралығында 180 инновациялық жоба қолдауға ие болса, араға тағы екі жыл салғандағы көрсеткіш екі еседен астамға өсіп, 400-ден астам жобаға жеткен екен. Мұны неге айтып отырмыз? Қараңыз, мемлекет инновацияны дамытуға мүдделі, ал отандық ғылым дайын ба? Үкіметтің инновацияға негізделген ғылымды қолдауға бөлетін қаржысы жыл сайын артып келеді. Мысалы, ғылымға 2010 жылы 20 млрд теңге бөлінсе, өткен 2016 жылы негізделген жалпы қаржының үлесі 36,4 млрд теңгені құрады. Бұл қаржы еліміздің ішкі жалпы өнімінің 0,15 - 0,18 пайызына жуықтайды. Ал әлемдік рейтинг бойынша ғылымда көш бастап тұрған елдердің бестігінде Швейцария, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ, Финляндия тұр. Қазақстан... әзірге 75-орында. Бұл біздің ғалымдар дарынсыз, ізденбейді, жаңашыл емес деген сөз емес. Керісінше, әлемнің қасын кергізетін таңғажайып жаңалық ашқан қазақ ғалымдары жеткілікті. Олар ашқан инновациялық жобалардың қатарында наноталшық, тіс эмалін қалпына келтіретін дәрі және жұмыртқа қабығынан пломба жасау, көп уақытқа жарамды аккумулятор мен оның құрамын күріш қабығынан жасақтау, отқа төзімді сырлау материалы, су бетіне жайылған мұнай қалдықтарын залалсыз жинау, адам ағзасын желімдеу немесе шеміршек ағзасын өсіру технологиясы сияқты кереметтерді айтуға болады.
...Дей отырып Абайды қайталаумен тоқтаймыз. «Ғылым таппай мақтанба...» демейтін бе еді данышпан. Ендігі жерде жаңа қазақтың ниеті соны сипаттағы ғылымды игеруге ауса екен дейміз. Сонда ғана мақтауға ғана емес, мақтануға да әбден қақысы бар ұлтқа айналамыз.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»