Медицина • 14 Маусым, 2017

Қандастарға қамқорлық қандай?

279 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шынын айту керек, шет елдерден, атап айтқанда, Қытай, Иран, Моң­ғолиядан келген қагдас­тарымыз Қазақстанда жергілікті кирилл әрпімен оқи алмай, жаза алмай, біраз кедергілерге ұшырап жатады. Осыған орай кейде құқық бұзу­шылық орын алып, тіпті әкім­шілік айыппұл төлеуге соқты­ратын көріністер де қылаң беріп қала­ды. Осы іспетті проблеманың түйі­нін тарқатуда Шығыс Қазақстан облыс­тық «Оралмандарды бейімдеу орта­лығы» маңызды жұмыс атқарып отыр. Таяуда тарихи Отанына орал­­ған ағайындарға көмек қолын созу­­шы орталық төрағасы Айнұр ТӘБІЛТАЙМЕН әңгімелескен едік.

Қандастарға қамқорлық қандай?

– Орталықта тілдік ортаға бейімдеу қалай жүзеге асырылуда?  
– Орталық ашылғаннан бері Семей, Зайсан, Тарбағатай, Өскемен, Үржар өңірлерінде оқыту курстары жүрді. Соның нәтижесінде көптеген қандастарымыз өз беттерінше құжат толтыра алатын болды. Алыстан келген ағайындарды бейімдеу орталығы 2010 жылы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен Ахмет Жамал мен Шәріп Тәбілтай мырзалардың бастамасымен құрыл­ған. Біз 1990 жылдары көшіп келіп, 25 жылға жуық өзіміздің жүріп өткен жолымызда жинаған тәжірибемізді енді келіп жатқан ағайындарымызбен бөлісіп, олардың осы ортаға тез бейімделіп кетуіне көмектесу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап бағудамыз. 2016 жылдан бастап бізге облыстық ішкі саясат басқармасы үлкен қолдау көрсетіп отыр.  Бір қаладан бір қалаға көшкеннің өзінде адамдар жүрексініп жатады. Ал бір елден екінші елге отбасымен көшіп келіп орналасуда қиыншылықтар, әрине, болады. Солардың ең өзектісі − тіл мәселесі. Мысалы, Қытай, Иран елдерінен келген азаматтар қазақша сөйлегенімен, оларға кирилл әрпімен оқу мен жазу қиынға түседі. Себебі бұл елдерде төте жазу қолданылады. Соның салдарынан білместіктен заң бұзып, айыппұл төлеп жатады. Бізде көптеген қызмет көрсету орындарын­да орыс тілінде сөйлейтіндіктен, өздеріне керекті қызметті тиісті дәрежеде ала алмайды. Сондай-ақ, ол жақта алған мамандығымен жұмысқа орналаса алмай жатқандар да кездеседі. Біз аудандарға шығып жиналыс­тар өткіземіз, кеңес береміз. Сонымен бірге заңға еңгізілген өзгерістер мен түзетулерді түсіндіру шаралары, жеке кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін азаматтарға салық жүйесі мен бизнес жоспар әзірлеу туралы семинарлар ұйымдастырылуда. Тұрғылықты жерінде оқытылатын курстар туралы ақпарат беріледі.  Шет елден келген ағайындар өте ұйымшыл. Алған ақпараттарымен өзара бөлісіп, бір-біріне көмектесіп отырады. 
– Семейдегі бейімдеу орталығына келушілер көп пе?
– Алыстан келген ағайындармен 6 жыл­дай жұмыс істеп келе жатқандықтан кеңес алу­ға келушілер аз емес. Орталықта құжаттарды аудару, толтыру, өмірбаян жазу, көші-қон ережелерін талқылап түсіндіру жұмыстары, заңнамаға енгізілген өзгерістерді ағайын­дарға жеткізу сияқты жұмыстар атқарылады. Өткен жылғы қыркүйек айында Семей қаласы мен Тарбағатай, Зайсан аудандарында тілдік курстар оқытылды. Қазан айында Өскемен қаласы мен Үржар ауданында жалғасты.  Басқа елден жоғары немесе орта оқу орындарын бітіріп келген азаматтар арнайы курста оқыған соң  жергілікті меке­ме­лерге жұмысқа орналасу мүмкіндіктері артты. Олар құжаттарды сауатты түрде жаза алатын деңгейге жетті. Орталыққа жаңадан келген ағайындардан бөлек 1992 жылдары көшіп келген қандастар да келіп жатады. Жаңалықтар мен өзгерістерді ағайындармен бөлісіп отыру мақсатында әлеуметтік желіден арнайы парақша аштық. Парақша арқылы Шығыс Қазақстан облысынан бөлек Астана, Ақтау, Көкшетау, Талдықорған, Қараған­ды қалаларынан қоңырау шалып, қажетті ақпараттарға қол жеткізуде. Яғни, еліміздің өзге өңірлерінде сұрақтарына жауап таппай, баратын орнын білмей жүрген азаматтарға да қол ұшын созып отырмыз. Мәселен, тамыз-қыркүйек айларында орталықтан 120  адам кеңес алды.
– Дер кезінде қолдау көре алмай, келген еліне кетіп қалған бауырластарымыз  бар ма? 
− Қай мемлекетте тұрғысы келетінін азаматтың өзі ғана шешеді. Жасыратыны жоқ, бастапқы уақытта ондай жағдайлар да болған. Мемлекетіміз бұл қиындықтар­ды шешу жолында тиісті заңға өзгерістер мен түзетулер енгізіп, келген ағайын­дар­дың қиындық­тарын жеңілдетуге бар­­лық мүмкіндіктерді жасап жатыр. Осы рет­те бір айта кетерім, 2015 жылғы «Көші-қон туралы» заңға енгізілген өзгерістерге байланысты, қоныс аударушыларға Қазақстан Республикасы нақты көрсетіп берген 7 өңірге келген ағайындар өңірлік квота мен оған кіретін барлық жеңілдіктерді ала алады. Өңірлік квота берілетін облыстарға Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары жатады. 

Әңгімелескен Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист

СЕМЕЙ