ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтіп жатқандықтан, батысқазақстандықтар да әлемнің жаңа, экологиялық таза қуат көздеріне өтуіне үлес қосатын жаңа, қызықты жобаларын ұсынып көрмек. Мысалы, қарапайым есікті ашып-жапқанда пайда болатын энергияны, адам еденді басқанда түскен қысымнан өндірілген қуатты жинап, тұрмыста пайдалану идеясы талайды қызықтырары сөзсіз.
Қазақстан Республикасы ҒЗИ Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, «ҚазАТБИ» ғылыми-білім беру кешенінің президенті, ҚР ҒЗА академигі Ақсерік Әйтімов өзі құрылтайшылық ететін ҚазИИТУ Қазақ инновациялық телекоммуникациялар жүйесі университеті ғалымдары халықаралық көрмеге қос жоба әзірлегенін айтады. Оның бірі – Елбасы ғалымдарға тапсырған электронды валюта жобасы болса, екіншісі – адам миының пайдаланылмай жатқан бөлігін іске қосу бағытында екен.
Батыс Қазақстан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Әнуар Ниетқалиевтің айтуынша, облыс 31 шілде мен 5 тамыз аралығында Астана қаласы бойынша мазмұнды бағдарлама әзірлеп отыр екен. 4 тамыз күні ЭКСПО-2017 қалашығында Батыс Қазақстан облысы көрме меймандары алдында үлкен гала-концерт береді.
– Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымы да 28 шілде мен 6 тамыз аралығында Астана қаласында болады. Қалибек Қуанышбаев театрының ғимаратында екі қойылым қоймақпыз. Оның бірі – халықаралық театр фестивальдерінен екі мәрте Гран-при жүлдесін жеңіп алған «Троя арулары» (Эврипид) трагедиясы болса, екіншісі – башқұрт драматургі Ф.Буляковтың «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясы, – дейді театр директоры Қуаныш Амандықов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы