Елшілік тарапынан алғашқы рет ұйымдастырылып отырған «Түрік зиялыларының басқосуы» атты бұл жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Қазақстан-Түркия парламенттік достық тобының төрағасы Халюк Ипек, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түркия Үкіметіне қарасты Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары құрылымының басшысы Дерья Өрс, «Түркі ошақтары» ұйымының төрағасы Мехмет Өз, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, Ататүрік атындағы Мәдениет орталығы директорының орынбасары Шабан Абак, Түркия Ғылым және әдебиет авторлары одағының төрағасы Мехмет Нұри Пармаксыз, Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздары қорының президенті Яхия Акенгин, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы, Түркі әлемі сәулетшілері және инженерлері одағының бас хатшысы Ілияс Демиржи және «ЕкоЕуразия» қауымдастығының ғылыми кеңес мүшесі Жан Үнвер қатысты.
Жиынды ашқан елші А.Сапарбекұлы Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың негізгі бағыттары мен бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.
Түркияның экс-министрі Н.К.Зейбек Қазақстанның ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктерін атап, Елбасы Н.Назарбаевпен болған кездесу туралы әңгімелеп берді. Әңгіме барысында Елбасының Ататүріктей көреген саясат жүргізіп отырғандығын, бағдарламада көтерілген мәселелердің қазіргі Түркия үшін де көкейкесті екендігін және латынға көшу бойынша Қазақстан Үкіметінің өте құптарлық саясатты ұстанғандығын жеткізді.
Ал ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және гуманитарлық сала бойынша, сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында ТҮРКСОЙ тарапынан атқарылып отырған жұмыстар туралы егжей-тегжей ақпарат беріп, мақалада көтерілген негізгі бағыттардың тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркітілдес халықтарының рухани жаңғыруына аса қажетті екендігін жеткізді.
Ал Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы М.Йылдыз түркі әлеміне ортақ университеттің мүмкіндігін пайдалана отырып, аталған мақаланың басты бағыттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуге дайын екендігін айтып, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды нақтыланған бағдарламалармен қоса, күллі әлемді мойындатқан Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғаларды насихаттауға бағытталған іс-шараларды да көбейту керек екендігін жеткізді.
Ататүрік атындағы Мәдениет орталығы директорының орынбасары Ш.Абак аударма мәселесіне жүйелі түрде көңіл бөліп, аудармашыларға қолдау көрсету керек екендігін айтса, Түркия Ғылым және әдебиет авторлары одағының төрағасы М.Н.Пармаксыз қаламгерлердің қаламақы мәселесінің шешілмей рухани жаңғыруға қол жеткізу мүмкін емес екендігін атап өтті. Бұған қоса, Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздары қорының президенті Я.Акенгин Ислам тарихының ең дамыған кезеңдері туралы мәлімет беріп, дамудың басты себебі ретінде аударма мәселесіне көңіл бөлінгендігін көрсетті. Сондай-ақ, ол аталған мақаланың түгел түркі жұрты үшін қажетті манифест екендігін қоса айтты.
Өз кезегінде, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Я.Омароғлы аталмыш бағдарламаның ХХІ ғасырдың олжасы және рухани жаңғырудан бұрын ұлттық рухты қайта қалыптастыратын үрдіс екендігін айтып, руханияттың негізін қалап отырған әдебиет өкілдеріне қолдау көрсетудің қажеттілігін жеткізді. Аударма мәселесіне тоқталған Я.Омароғлы Түркия тәжірибесіне сүйене отырып, шет тілді меңгергендердің шет елдердің өкілдері емес, шеттегі өз ұлтыңның өкілі болу керек екендігіне назар аударды. Аталған бағдарламаны жан-жақты және шынайы жүзеге асырған жағдайда қазіргі таңда руханиятқа қауіп төндірген радикализм мен лаңкестікке қарсы күрестің бір түрі боларына сенім білдірді.
Түркі әлемі сәулетшілері және инженерлері одағының бас хатшысы І.Демиржи өз кезегінде Елбасының ұсынған бағдарламасының тұтас түркі әлеміне қажетті жол картасы екендігін айтса, «ЕкоЕуразия» қауымдастығының ғылыми кеңес мүшесі Ж.Үнвер мақаланы мүлде жаңа көзқарас деп сипаттады.
Жиын соңында түрік зиялы қауым өкілдері бағдарламаның толығымен жүзеге асуына тілектестіктерін білдіріп,
Қазақстан елшілігіне алғыс айтты.
Дайындаған Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»