22 Қаңтар, 2010

БЕРЕКЕЛІ ІСТІҢ БАСТАУЫ

1302 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Әлемдік экономикалық дағда­рыс жағдайында белгілі бір мем­лекеттердің өзара тығыз интегра­циялануды жүзеге асыруы аса қажет. Соның ішінде мәселен, Қа­зақстан, Беларусь және Ресей мем­лекеттері өздерінің экономикалық әлеуетін ескере отырып бірлескен өндіріс орындарын құру және өзара инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар туғызуы берекелі істің бастауы екенін дәлелдеп берді. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Беларусь респуб­ликалары мен Ресей Федерациясы арасында Бірыңғай кедендік тариф күшіне енді. Жалпы, қазіргі уақытта автомо­бильдік өткізу пункттерінде  мемле­кеттік бақылаудың шекаралық, санитарлық-карантиндік, ветери­нарлық, фитоса­нитарлық, көліктік және кедендік түрлерін ҰҚК Ше­кара қызметі, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруа­шылығы, Көлік және коммуникациялар министр­ліктері мен ҚМ Кедендік бақылау коми­теті жүзеге асырады. Мемлекеттік бақылаудың осындай алты түрін жүзеге асыратын бес бірдей мемле­кеттік органның болуы автокөлік құралдары мен жүктерді өткізу тиімділігін төмендетіп, қыз­меттің қайталануын тудырып, құжаттарды тексеру кезінде жауапсыздыққа әкеп соғады. Көліктік, санитар­лық-карантиндік,  ветери­нарлық, фитосанитарлық бақы­лау­ларды жүргізу үшін материалдық-техникалық база­ның жоқтығы және осы­ған орай тиісінше жұмыс тиімді­лігінің төмендігі ең басты ке­дергі келті­ретін бұлтартпас факті болып табылады. Осыған байланысты, үстіміздегі жылы Елбасы “Кеден ісі мәселелері бойынша Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының заңына  қол қойды. Аталған заңды Қаржы министрлігі дайындады. Соған сәйкес министрлік өткізу пункттерінде нақты ықпалдасқан бақылауды енгізуді ұсынады. Мұның нәтижесінде өткізу пункттерінде екі мемлекеттік орган ғана жұмыс істейтін болады, яғни шекара қызметі шекаралық бақылауды ал, кеден органдары кедендік бақылау­ды жүзеге асырады. Бұл ретте, кеден органдарының функцияларына мемлекеттік бақылаудың қалған түрлері (санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық және көліктік) кіреді. Аталған бұл шаралар шекарадағы өткізу пунктте­рін­дегі мемлекеттік бақылаудың нысандарын оңтайландыруға, көлік құралдарын негізсіз кідіртуді болдырмауға, мемлекеттік органдар жүзеге асыратын рәсімдерден өтуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай бақылауды енгізу барысы халық­аралық стандарттарға сай келіп, оны Дүниежүзілік кеден ұйымы қолдап отыр. Өйткені, мұндай қағидат халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мәселен, АҚШ-та шекарадағы мемлекеттік бақылау­ды тек кеден органдары ғана жүзеге асырады. Енді бүгінгі күні қазақстандық кеден қызметі авто­көлік өткізу пункттерінде көліктік және санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыруды өз құзіретіне алуына мүмкіндік бар. Ал ветеринарлық және өсімдік­тер карантинін бақылауды осы саланың мамандары кеден органдарының тікелей басшылығымен жүзеге асыратын болады.  Сонымен қатар, аталған заңда кәсіпкер­лікті тежейтін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған нормалар қабылданды, яғни кедендік ресімдеу кезіндегі артық құжаттар (қағаз тасымал­дағыштар) алынып тасталды. Сонымен еліміздің кедендік заңнамасын Бүкіл­әлемдік сауда ұйымының негізгі келісімдеріне толық сәйкес келтіру мақсатында Қазақстан Республикасы­ның Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бұл орайда өткен жылдың желтоқсан айының басында Елбасы “Қазақстан Республикасы­ның Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл заңды да Қаржы министрлігі әзірлеген еді. Сондықтан тұтастай алғанда, ұлттық кеден заңнамасы аталған БСҰ келісіміне толықтай сәйкес келетіндігін атап өту қажет. Кедендік бақылау комитетінің негізгі міндетінің бірі де Конституция мен өз құзіреті шегінде және кеден­дік, басқа да заңнамалар шеңберінде, мемлеке­тіміздің экономикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қорғау болып табылады. Ал осы міндетті жүзеге асырудың бірі – контрабандаға қарсы күрес. Бұл орайда мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін, сонымен бірге, жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқын қорғап, кеден органының жұмысын әлемдік деңгейде жақсарту барысында комитет ұжымы айтарлықтай жұмыстар жүргізді. Олар контрабандалық жолмен валютаны Қазақстаннан шетке алып кетіп жатқан фактілердің ізін кесу, ашу және әшкерелеу бойынша бірқатар жетістіктерге жетті. Аталған фактіні ашу тенденциясы, әсіресе 2007 жылдың екінші жартысынан бастап бірнеше есе өсті. Тек, 2009 жылы заңсыз айналымнан 393 млн. теңгені құрайтын шетел валютасы алынып, автокөлік контрабандасы бойынша 106 қылмыстық іс қозғалып, 239 млн. теңге тәркіленді. Сөйтіп, 2009 жылы кеден органдары  мемлекеттік бюджеттің қоржынына 575,4 млрд. теңге кіріс әкелді. Александр ТАСБОЛАТОВ. КӘСІПОРЫНДАР  МАҚСАТЫ АЙҚЫН Жаңа жылдың алғашқы күндері ENRC, яғни Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы құрамына енетін “Қазақстан электролиз зауыты” “Қазақстан Алюминий зауыты” акционерлік қоғамдары, “Еуразиялық энергетикалық корпорациясы” “Қазхром” трансұлттық компаниясы АҚ-тың филиалы болып табылатын Ақсу ферроқорытпа зауыты басшыларының басын қосқан өңірді индустриялық-инновациялық бағытта дамыту жайлы еліміздің Индустрия және сауда министрлігі жанындағы үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы болып өтті. Осы жиында алпауыт кәсіпорын басшылары өздері басқарып отырған  өндіріс орындарының алдағы жылдарда тағы да үлкен мақсаттар мен табыстарға қол жеткізетіндіктерін баяндады. 2010 жыл да табалдырықтан аттады.  Бұл уақыт еліміздің барлық өңірлері бойынша жұмыс істеп тұрған алып өндірістердің өркен­деу қарқыны индустриялық-инновациялық даму жолына түскенін көрсетеді. Уақытқа сай мұндай бағалау мәнісін үйлестіру кеңесінің отырысына жиналған өндіріс басшыларының алдағы бес жылда іске асатын инвестициялық жобаларымен таныстырғандарынан-ақ байқалды. Ал, кеңеске қатысқан облыс әкімі Бақыт­жан Сағынтаев еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған индустрияландыру картасына өңір бойынша құны 1 триллион теңге тұратын 49  жоба енгенін атап өтті. Бұлардың қатарындағы 13 инвестициялық жоба жалпы республикалық бағдарлама бойынша жүзеге асады. Биылғы жылдың соңына қарай “Индустрияландыру картасында” жоспарда тұрған үлкенді-кішілі 25 жоба іске қосылмақшы. Мысалы, 2013 жылы құны 118,1 млрд. теңге тұратын Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергоблогының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, келер жылы “Каустик” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік қуаттылығы жылына 30 мың тоннаны құрайтын хлор-сілті сұйықтығын шығарады. Одан кейін, “Қазақмыс” корпора­циясы  жүзеге асыратын Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылысын атап өтуге болады. Яғни, бұл құрылыс жобасы іске асқан күні өңірде мыс өндіру де жақсы жолға қойылады. Қыруар қаржы бөлінген осындай алып жобалар жүйесі еліміздің “Индустрияландыру картасына” нүктедей болып түскені белгілі. Енді осы кішкентай нүктелердің алып өндіріс орындарына айналып, ел игілігіне орай, еліміздің қарқынды дамуына үлес қоса алатындай айбыны қажет. Дегенмен,  өндірісті өңір үшін биылғы жылы электролиз зауыты­ның екінші кезегінің іске қосылуы, Еуразия­лық энергетикалық корпорацияның Ақсу ГРЭС-нің кезекті блогын қайта қалпына келтіруі осы жобалардың маңыздылары болып саналады. Ал, осы корпорацияға қарасты жалпы құны 17,8 млрд. теңге болатын Екібас­тұздағы “Шығыс” көмір кенішінің көмірді жер бетінен аршып алу кешенін салу және Ақсудағы ферроқорытпа зауытының агломерациялық цехының құрылыстары  да аяқталуға жақын. Осыған орай “Қазақстан электролиз зауыты” акционерлік қоғамының президенті Алмаз Ибрагимов осы зауыттың екінші кезегінің құрылысы белгіленген кестеге сай жұмыс жасап жатқандарын  айтып өтті. Қазір зауытта алғашқы кезекте іске қосылған электролиз-қазандықтар тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Жұмысшылар да өз орындарында. Алайда, үлкен зауыттың да бір басына жетер­ліктей “әттегенайлары” жоқ емес. Мәселен, стансалар тарапынан электр қуатына деген тарифтер өсіп, бағаның шарықтап бара жатқа­ны айтылды. Бұл өндірістің өркендеуіне, жаңа жобалардың тезірек іске қосылуына кері әсерін тигізері анық. Өндіріс басшысы осындай түйінді  мәселені  үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысына қатысып отырған  еліміздің  Индустрия және сауда министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Нұрлан Әбідбековке жеткізді. Алмаз Ибрагимовтің екінші бір айтқаны, ол алюминий зауытына аса қажетті күкірт қышқылын шығысқазақстандық “Казцинк” кәсіпорнынан сатып алуға байланысты туындаған мәселе де екі жақты шешімге әлі келмеген көрінеді. Осы орайда Елбасы тапсырмасымен жүзеге аса бастаған қазақстандық үлесті арттыру саясатына орай  “Казцинк” басшылығымен қайтадан келісім жасалмақшы. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев  бұл мәселенің Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен де әңгіме тақырыбына айналғанын, ал, тіпті де өскемендік кәсіпорын  екі жақты  келісімге  келмеген жағдайда, онда, көршілес Ресей елінен де тасымалдап, сатып алудың да еш қиындығы жоқ екенін айтты. Керек десеңіз, жаңа жылдан бастап енетін екі мемлекет арасындағы бірегей кедендік тариф өндірістік жобаларға жақсы жол ашып отыр. “Қазақстан электролиз зауыты” АҚ  прези­денті Алмаз Ибрагимовтің электр қуатына деген бағаның  шарықтап өсіп бара жатқанына орай айтылған пікіріне мынадай бір жақсы ұсыныс жасалды. Мысалы, жоғарыда айтылған Ақсу ГРЭС-нің №2 блогы  техникалық жаңарту мен жаңғыртудың болмауынан әбден тозып өндірістік қуат ала алмай кезінде  тоқсаныншы жылдары жұмысы тоқтап қалды. “Еуразиялық энергетикалық корпорациясы” АҚ  президенті Абдугани Рустамбаев өзі басқарып отырған бұл өндіріс орнының бұл блокты қайтадан қалпына келтіру туралы нақты, дұрыс шешім қабылдағанын айтты. Яғни, егер №2 блок іске қосылатын болса, онда Ақсу электр стансасының  да қуаты екі есе артып, екі млрд.квт. сағатқа артады екен. Бұл дегеніміз, жергілікті кәсіпорындар қажет етіп отырған электр қуаты өндірістерге молынан жетеді деген сөз. Жергілікті кәсіпорындардың алдағы жылдарға  деген жобалары айқын да анық екеніне көз жеткіздік. Жиын қорытындысы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда мемлекет тарапынан қолдау болғанда ғана нақты іске асатынын көрсетті. Ал, келесі бір көшпелі отырыс энергетика және металлургия салалары бойынша өткізіледі деп белгіленді. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ АЙШЫҚТЫ ЖОБАЛАРЫ Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдар­ламасы аясында ағымдағы жы­лы Сыр бойында жүзеге асатын жобалардың атқарылуын қадаға­лау жергілікті биліктің күн тәрті­біне қойылып, басты бақылауға алы­нуда. Бүгінгі күні жобалардың іске асуын бақылайтын штабтар құ­рылып, жоспарлы жұмыс жасауда. Облыс әкімі Болатбек Қуан­дықовтың айтуынша, Сыр өңірін­де алдағы бес жылда құны 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын 92 жоба жүзеге асырылмақ. Егер саралап айтар болсақ, ағымдағы жылы құны 22,4 млрд. теңгеге бағаланған 18 жоба қолға алын­бақ. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында 19,4 млрд. тең­генің 7 жобасы іске қосылса, жыл аяғына дейін 11 жоба ел игілігіне айналмақ. Жеті жобаның жай-жапсарын атап айтсақ, “КазГерМұнай БК” АҚ газды тиімді пайдалану кешенінің 2-ші кезеңінің құрылысын аяқтайды. Оған қоса, “Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ қуаттылы­ғы 25 мВт. болатын 2 газ-тур­биналы қондырғыны пайдалануға береді. Энергетикалық қуаттың артуы өңірімізде бұған дейін жоспарланған бірқатар өндіріс орындарының өркендеуіне мүмкіндік туғызады. “УАД” ЖШС қолға алған жобалар да өміршеңдігімен ерек­шеленеді. Серіктестік битум, қиыр­шық тас және асфальт шы­ғару зауыттарының құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ, “Шалқия-Неруд” ЖШС де сапалы қиыр­шық тас өндіруге ынта танытып отыр. Жол салуға қажетті құры­лыс материалдарын жергілікті жерде өндірудің тиімділігі әлде­қашан дәлелденген. Осылайша, бұ­рындары Ресейден тасымалда­на­тын тауарлар бұдан былай өзіміз­де өндірілмек. Оның үстіне, облыс аумағынан өтетін “Батыс Қытай- Батыс Еуропа” көлік дәлізі халық­аралық стандартқа сай жол құ­рылысы материал­дарына сұра­ныс­­ты арттыра түседі. Отандық тауар өндірушілердің өнімдері Елба­сының қазақстан­дық тауарлар мазмұнын ұлғайту тапсырмасына сәйкес осындай ірі жобаларды жүзеге асыруда көрініс табады. Алғашқы алты айда облыста жүзеге асатын жетінші жоба –“Шапағат сүт” ЖШС-нің нан зауыты құрылысы. Нақты кезеңде қала тұрғындарының сұранысын шағын нан зауыттарының қызметі қанағаттандырмай тұрғанын ескер­сек, жаңа зауыт осы олқы­лықтардың орнын толтырмақ. Мамандардың пайымдауынша, бұл жоспарлар жүзеге асқан жағ­дайда 260 тұрақты жұмыс орын­дары ашылмақ көрінеді. Осы жобаларға байланысты арнайы өңір­лік индустриялық карта әзір­ле­ніп, оның ішінде түрлі бағытта кәсіпорын, өндіріс орындарын ашу және бизнес жо­ба­ларды жү­зеге асыру күн тәртібіне бекітіліп қойылған. Өңірдегі ішкі саясат саласында да ау­қым­ды жұмыс­тар жүргізу жоспарға еніп отыр. Үкіметтік емес ұйым­дар мен жас­тар қо­ғам­дық бірлестіктерін қолдау мақсатында арнайы мемо­рандум әзірленіп, онда бірқатар әлеумет­тік маңызы бар жобалар­ды қар­жы­ландыру қарастырылған. Сон­дай-ақ “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасын басты назарда ұстау, құрылыс сапасын үнемі бақылауға алу, Қызылорда қаласы тұрғын­дарының үйлерін газға қосу, аймақ тұрғындарын электр жарығы, ауыз су, аяқ сумен қамтамасыз ету, бұқаралық мәде­ни-спортты дамыту жоба­лары да бар. Өткен жылы қаржы­лық-эко­номикалық дағ­дарысты еңсерудің басты бағдары болған “Жол картасы” бағдар­ламасы да биылғы жылы жалғасын таба бермек. Аймақ басшысы жұмыс бабы­мен темір-бетон бұйымдары, брус­чатка шығарумен айналыса­тын “Арал-Құрылыс” ЖШС-нің өнді­рістік базасында болды. Серіктестік директоры О. Құлмырзаевтың айтуынша, темір-бетон бұйым­дарын дайындау цехтарын қайта жабдықтау мақсатында 120,0 млн. теңгеге жоба жасалған. Жоба бойынша 25 адам тұрақты жұмысқа тартылмақ. Ағымдағы жылы темір-бетон бұйымдарын қыс айларында дайындау үшін арнайы жабық ғимарат салу қолға алынбақ. “Қамбаш балық” ЖШС “Кіші Арал” өндірістік бірлестігі “СТК және “Оңтүстік” ӘКК-мен бірлесіп, сервистік дайындау орта­лы­ғын құрған екен. Аталған орта­лық бүгінде балық өңдеу ісімен айналысуда. 2011 жылы 300 тон­налық көкөніс өнімдерін сақтай­тын қойма толық пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, мұнда Үкі­мет тапсырмасына сәйкес тәулік­тік қуаттылығы 10,0 тонна бола­тын мал сою пункті де салынбақ. Жоғардағы жобалар толық жүзеге асырылған жағдайда жаңадан 48 жұмыс орны ашылмақ. Арал ауданы бойынша қала­лық және жергілікті бюджеттен 289,6 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Осы жобалар іске асқан жағ­дайда 329 жаңа жұмыс орын­дары ашылмақ. Құны 4500 млн. теңге құрайтын кварц құмын қазу жобасын “Дана” ЖШС-і жүзеге асырмақ. Аталған жоба 2008 жылдан бастау алып, 2011 жылы аяқталып, 200 ден астам адамға жаңа жұмыс орындары ашылмақ көрінеді. Сондай-ақ, тұтынушы­лардың сұранысына ие ас тұзын шығаруды мақсат еткен “Аралтұз” АҚ құны 1500,0 млн теңгені құрайтын “Экстра” маркалы тұзды шығаруға ұмтылыс жасауда. Ал, бүгінде “Құмсай” ЖШС күйдірілген қызыл кірпішті шығаруды қолға алып жатса, “Гүлденді” ЖШС қызанақ пен қияр өсіру үшін соңғы үлгідегі жылыжай салмақ көрінеді. Қазір өнімдерді өсіретін жер белгіленіп, егісті бастауға бетбұрыс жасауда. Тағы бір тиімді жоба туризмді дамытуға бағытталған. Атап айтар болсақ, “Торжымбай Төре” ЖШС Қамбаш көлі жағасына киіз үй пі­шіндес қонақ үй салуды көздеп отыр. Жобаның іске асырылуы 2010-2013 жылдары болмақ. Ал, “Жер Ана Груп” ЖШС Ақеспе елді мекенінен теңіз өнімі – ас шая­нын өндіруді қолға алмақ екен. Аймақ басшысы сапар бары­сында “Кеңқияқ - Құмкөл” мұнай құбырына техникалық қызмет көрсететін “Қазақстан – Қытай құбыры” ЖШС жұмысы­мен де танысты. Сондай-ақ, Арал­да бұған дейін жүзеге асы­рылған ауқымды жоба – “Атамекен холдинг” компаниясының қаржы­сына салынған вагон құрастыру зауыты алғашқы өнімдерін шы­ғара бастаған. Бүгінде мұнда 200 адам жұмысқа тартылған көрінеді. Осы сапар барысында Елбасы бақылауындағы “САРАТС” бағдарламасы аясындағы Ақлақ су тоспасы құрылысында болып, осы бір ауқымды құрылыстың аяқ­талғанының куәсі болдық. Болатбек Қуандықов жұмыс сапары барысында аудан тұрғын­дарымен кездесіп, алдағы уақытта аудан аумағында бірнеше жарқын жобалар жүзеге асырылатынын тілге тиек етті. Атап айтқанда, бұл аудан аймағынан “Кеңқияқ – Құмкөл” мұнай құбыры мен “Бозой – Самсонов” газ құбыры өтетін болады. Сондай-ақ, “Жез­қазған - Сексеуіл” темір жо­лы да салынбақ. Осы аймақта ауыз су, электр желілері, автокө­лік жол­дары сияқты инженерлік-инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу жоспарға еніп отыр. Қазалы ауданындағы “Қазалы – Келешек” ЖШС вагон жөн­деумен айналысады. Бұл серік­тестік өткен жылы 1712 вагонды жөндеуден өткізген. Осы ауданда “Дәулет А” акционерлік қоға­мының тепловоз жөндеу зауыты да қоныс тепкен. Бұл зауытта 750-ге жуық еңбеккер қызмет жасайды екен. Қазалы ауданындағы сан-салалы шаруашылықпен айналы­сатын “РЗА” АҚ-тың өнімдері тек Сыр аймағына ғана емес, елі­міздің өзге аймақтары тұрғын­да­рының сұра­ныс­­тарына ие болып келеді. Өздерінің кәсіптерін одан әрі өркен жайдыруды мұрат тұтқан ұжым ағымдағы жылы 600 басқа арналған ірі қара өсіру кешенін салуды жоспарға енгізіп отыр. Бұл кешен толықтай іске қосылғанда тәулігіне 30 тонна сүт өндіріліп, жаңадан 120 жұмыс орны ашылмақ. Ал, “Асыл-Ғани” ЖШС жалпы құны 35 млн. теңге тұратын кірпіш шығару мен құрылысқа қажетті темір-бетон бұйымдарын дайындайтын ком­би­нат салуға ұмтылыс жасауда. “Қазалы жолшы” ЖШС аудан көлеміндегі автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған зауыт құрылысын салуды жобалап отырса, “Қазалы құрылыс” ЖШС-де осындай зауыт салуды қолға алмақ. Сон­дай-ақ, “МБЕ-Оңтүстік” ЖШС тәулігіне 96 мың дана кірпіш шығаратын зауыт және “Сыр маржаны” ЖШС жалпы құны 215 млн.теңге тұратын құрама жем өнімдерін дайындау жобаларын іске асырмақ. Жеке кәсіпкер Б.Әбдіреймова күніне 10 тонна нан өнімдерін дайындайтын зауыт пен ұн сақтау қоймасының ірге­тасын қалауға құлшыныс білді­руде. Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы ауданда құны 2,4 млрд.теңге тұратын 8 жоба ұсынылып отыр. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде елімізде ірі қара мал өсіруге байланысты бес жоба бар екен. Содан да Қазалы ауданын­дағы “РЗА” АҚ-тың жоғарыдағы бастамасы аса құптарлық. Сондай-ақ, Қазалы ауданының тұрғын­дарын мазалап жүрген ауыз су, аяқ су, электр желілерін жаңар­туға тиісті қаражат кезең-кезеңмен бөлінбек. Балық шаруа­шылығына байланысты Ресейдің ғылыми қызметкерлерімен бірлесіп жаңа жоба да әзірленбек көрінеді. Ауданда жаңа үлгідегі мәдениет үйін салуға да жоба әзірленген. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Елбасының қолдауы­мен жүзеге асырылып жатқан Сыр аймағындағы индустриялық-инновациялық жобалардың өңір­дің өркен жаюына соны серпіліс әкелетіндігіне жолсапар бары­сында көз жеткізіп қайттық. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Көші-қон және демография агенттігі   www.demomіgratіon.kz