Қазақстан • 15 Маусым, 2017

Оныншы форумның орны бөлек

238 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада «АЭФ-2017» халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

Оныншы форумның орны бөлек

Әрине, форумның негізгі та­қы­рыбы «Жаңа энергия – жаңа экономика» деп аталуы­ның өзінде ерекше мән бар. Бұл елі­мізде өтіп жатқан әйгілі ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесінің тақы­рыбымен үндеседі. Яғни, форум талқысы «болашақтың энер­гиясын» әлем экономикасымен байланыстырмақ. Осылайша эко­номикалық міндеттерді сарап­тап, шешім қабылдайтын Еура­зиядағы тұңғыш үн­қа­тысу алаңында «Болашақтың энер­гиясы» тақырыбы бойын­ша жинақталған жаңа тех-ноло­гиялар мен инновациялар әлемдік экономиканың «ма­йын ішкен» ғалымдар мен эко­но­мистердің талқысына түседі. 

Жыл сайын дүниенің түкпір-түкпірінен атақты экономистерді жинап, ғаламдық ғалымдар­дың басын қосатын, Нобель сый­лығы лауреаттарын шақырып, жа­һандық мәселелерді бірге оты­рып талқылайтын үлкен шараға биыл да әлемнің он­даған мемлекеттері мен беделді халық­аралық ұйымдарынан 3 мыңнан астам делегат қатыспақ. Жалпы, Астана экономика­лық фо­румының негізгі қызметі әлем­дік қоғамдастықтардың және Қазақстанның әлеумет­тік-эко­номикалық, құқықтық, мәдени мәселелеріне тиімді жауап іздеп, Қазақстан Үкіметі, АЭФ-ке қатысушы мемлекеттер үкімет­тері үшін және «Үлкен жиыр­малық» мемлекеттерінің көш­бас­шылары үшін ұсыныстар әзірлеу екені белгілі. Бұл міндетті форум жыл сайын өз деңгейінде орын­дап отыр дей аламыз. Тіпті, форум биыл оныншы мәрте өтке­лі отырғанын ескерсек, бұл ретте еліміздің тәжірибесі мол. Ал шараның жыл сайын өткізі­ліп отырғанына қараған­да, фо­рум­ның ел үшін де, әлем үшін де қа­жет­тілігін аңғару қиын емес. Со­нымен, өткенді тізбектеп көрелік. 
Астана экономикалық форумы алғаш рет 2008 жылы ұйым­дастырылды. Қазақ­стан Пре­зидентінің баста­ма­сын жүзеге асыру үшін сол кездегі Эко­но­мика және бюд­жеттік жос­пар­лау министрлігі мен Эко­номи­калық зерттеулер инс­титу­ты «Ғалымдардың Еура­зия­лық экономикалық клубы» қауым­дастығын құрып, соның аясында «Жаһандану жағдайындағы эко­но­микалық дамудың заманауи аспектілері» тақырыбында I Ас­т­ана эконо­микалық форумын өт­кізген болатын. Оған саясаткерлер, экономистер, кәсіпкерлер жә­­­не ғалымдар, әлемнің 40 елі­нен 400-дей адам, сонымен қатар, 100-ге тарта БАҚ өкілдері қатыс­қан. 

Ал 2009 жылы «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» атты II Астана экономикалық форумы аясында елордамызда 59 елдің өкілдері бас қосты. 2010 жылы III Астана экономикалық форумы «Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты экономика құруды қамтамасыз ету» тақырыбында өткен еді. Ол форумға әлемнің 50-ден астам елінен 2000-нан астам саяси және іскер топ өкілдері жиналды. 2011 жылы IV форум «Жаңа онжылдық: сын-қатерлер мен перспективалар» тақырыбын қамтыды. Форумға әлемнің 80-нен астам елінен 5000-нан аса қатысушы келді. Онда барлығы 18 отырыс пен панелдік сессиялар өткізілді. Ал 2012 жылы «Жаһандық эконо-микалық өзгерулер: сын-қатерлер және даму перспективалары» атты V Астана экономикалық форумы өткізілді. Оған әлемнің 93 елінен 8000-нан астам делегат қатыс­ты. Форум барысында әртүрлі пі­шін­де пленарлық және панел­дік сессиялар, конферен­циялар мен конгрестер, жалпы саны 55 іс-ша­ра өткізілді. Нәтижесінде, 50-ден астам ынтымақтастық келі­сімі мен меморандумға қол қойыл­ған. Сонымен қатар, G20 көш­басшыларына ұсыныстар әзірленген. 

Астана экономикалық форумымен қатар айтылатын маңызды жобаның бірі – «G-Global». Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылдың қаңтарында «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының ықпал етуімен www.group-global.org сайтында «G-Global» коммуникативті интернет-алаңы пішінінде іске қосылған зияткерлік желі. G-Global – әлемдік сарапшылар қоғамдастығына әлемдік экономика мәселелері бойынша интерактивті, ашық және көпшілік алдында пікірталастар, дебаттар өткізуге жағдай жасалған көп функциялы тұғырнама. Жоба әлемдік қаржылық дағдарыстан шығу жолдарын іздестіретін тетіктерді табу, талқылауға және дағдарысқа қарсы жолдарды іздестіретін қатысушылардың санын арттыруға бағытталған. G-Global коммуникативтік алаңы қысқа мерзім ішінде әлемнің 160 елінен 90 000 пайдаланушыны біріктірді. Ал 2013 жылы өткен алтыншы Астана экономикалық форумы «G-Global форматына теңестірілген эконо-микалық дамуды қамтамасыз ету» тақырыбын әлем назарына ұсынды. Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен бірлесіп бастамашылық еткен және БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен өткен I Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция 2013 жылғы форумның аса маңызды іс-шарасына айналды. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы және БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік Дағдарысқа қарсы жоспар жобасының негізгі бағыттары қабылданды.

ІI Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция 2014 жылы VIІ Астана экономикалық форумы аясында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы, экономика министрлері мен орталық банктері басшыларының деңгейінде өтті. Оның қорытындысы бойынша БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік Дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданды. 2015 жылы VIІІ Астана экономикалық форумы «Инфрақұрылым: экономиканың орнықты өсімінің драйвері» тақырыбын арқау етті. Оған 3 мыңнан астам делегат қатысты. Форум барысында Қазақстан Президентінің бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары жоғары баға алғанын атап өткен жөн. Ал өткен жылғы жиын «Жаңа экономикалық шынайылық: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» деген тақырыпқа арналды. Экономикалық форумға әлемге танымал ірі қаржылық құрылымдардың жетекшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, жалпы саны үш мыңға жуық делегат қатысты. 2016 жылғы форумның бір ерекшелігі, оның коммерциялық сипат алуы еді. Форумға қатысу бұрын тегін болса, өткен жылдан бері қатысушылар тіркеуден ақылы өтетін болды. Мәселен, 35 және 100 мың теңге көлеміндегі ақы төлейтін екі түрлі тіркелу жүзеге асты. Бұл биыл да жалғасын тапты. 

 Биылғы форум аясында да әдеттегідей ірі шарттар мен келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. АЭФ-2017-нің мінберлерінде әлемдік экономиканың ағымдағы даму ерекшеліктері, тұрақты экономикалық өсімнің жаңа модельдері, жаһандық әріптестікті нығайту, әлемдік сауда мен инфрақұрылымды дамыту, «жасыл экономика» болашағы және оны жаңғыртудың инновациялық әлеуеті атты кешенді тақырыптар талқыланады. 

Динара Бітікова,
«Егемен Қазақстан»