Еліміздің аграрлық өндіріс кешенінің негізгі саласы – өсімдік және мал шаруашылығын қазіргі заманауи ғылымдағы жаңалықтарды, өркениетті елдердің, мысалға Бразилия, Канада, Аргентина сияқты мемлекеттердің тәжірибелері негізінде өркендету әлемдік сұраныстарға сай келетін және жоғарғы өнімді қамтамасыз ететін ауылшаруашылық кешендерін құруға мүмкіндік береді. Бірақ бұл үшін мал шаруашылығына қажетті азық қоры болып табылатын шабындықтарды және жайылымдарды тиімді пайдалану қажет.
Қазақстанның ауылшаруашылық жүйесін дамытуға кедергі болып отырған бірнеше мәселе бар. Біріншіден, жайылымдық жердің деградацияға ұшырауы, яғни қазіргі кезде ол жалпы жайылымдық жердің 35 пайызын қамтиды. Екіншіден, жайылымдық жер жеке меншікке ұзақ жылдарға жалға беріліп, негізінен жеке шаруашылықтардың тиімді пайдаланбауында. Үшіншіден, жайылымдық аймақтарды пайдалануда ұйымдастырудың және басқарудың ғылыми тұрғыда негізделген жүйесінің болмауы. Төртіншіден, жоғарыда аталған мәселелер жалпы ел аумағында соңғы жылдары мал шаруашылығын жайылыммен және жем-шөппен қамтамасыз етудің қарқынды дамуына байланысты орын алып отыр.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақстанның жайылымдық алқаптарына түсетін табиғи-техногендік жүктеменің шамасы өте көп болды, яғни ірі қара малы 9.3 млн басқа және қой саны 33.5 млн басқа жетті. Сондықтан, табиғи жайылымдардың Қазақстанның географиялық аймақтарында біркелкі орналаспауының себебінен, әсіресе оңтүстік аймақтағы жайылымға табиғи-техногендік қысым экологиялық тұрғыда шектелген шартты мөлшерден асып кеткен жағдайлар кездесіп отырды. Жалпы жаһандық ауа райының өзгеріске түсуіне байланысты құрғақшылық кезеңдердің жиі қайталануы, жайылымдардағы мал санын реттеп отыру жүйесінің жоқтығы және олардың малдың тұяқтарымен тапталуы Қазақстанның оңтүстік аймақтарында жайылым алқаптарының шөлейттенуіне әкелді.
Ауылдық мекендердің айналасы, радиусы 10-15 шақырымға дейін жеке адамдардың мал жайылымы ретінде пайдаланылады. Бұл жағдай ауылдың айналасының жайылымдық жерлерінің шектен тыс тапталып, тақырға айналуына әкеліп соқтыруда. Қазіргі кезеңде ауа райының өзгеруі, мемлекеттің ауыл шаруашылығы реформасын әлі толық аяқтамауы, мал шаруашылығының қарқынды дамуына толық мүмкіндік бермей отыр және ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізуде.
Соңғы жылдары Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде кешенді мелиоративтік, табиғатты қорғау шаралары, яғни агротехникалық, фитомелиоративтік, орманмелиоративтік, селекциялық тәсілдер сапалы мал өнімдерін алуға бағытталған және құрғақшылық аймақтардағы жайылымдардың экологиялық жағдайының тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Бұл кешенді шаралар құрғақшылық аймақтардағы жайылымдарды заманауи басқарудың негізін құрайды, өзендермен және жер асты суларымен қоректенетін жайылымдардағы бұрынғы мал суғаруға арналған құрылымдарды қалпына келтіруді қарастырады. Бұл құрылымдарды энергия қуатымен қамтамасыз ету өзінен қамтылатын энергия көзінен алынады, яғни жел мен күн көздерінен энергия өндіретін құрылғылар қолдану көзделген. Кезінде еліміз бойынша мал жайылымдарында 300-ге тарта скважиналар қазылды, олардың су ағымы секундына 1 литрден 20 литрге дейін, кейде секундына 50 литрге дейін жететін. Кейде, су атқылап ағатын скважиналардың жанынан 500 гектарға дейін оазистік суармалы жайылымдар ұйымдастырылып, ол жерлерге мал жемшөптері егілді. Аумағы үлкен мал жайылымдарын суландыруға су құбырлары тартылды. Су құбырларын жүргізгенде трассаның қысқа да тиімді жүргізілуіне, құбыр материалдарына, мал су ішетін бекеттерді тиімді орналастыруға, көп көңіл бөлінді. Жердің иесінің өзгеруіне және жайылымдардың жекеменшікке берілуіне, суландыру құрылымдары мен құдықтарды күтіп-баптауға арналған мекемелердің жабылып, машиналар мен қондырғыларды таратып әкетуіне байланысты Қазақстанда жайылымдарды суландыру мәселесі, құдықтар мен скважиналарды, мал суғаратын құрылымдарды қалпына келтіру – қазіргі кезде өте күрделі мәселеге айналып отыр.
Мал жайылымындағы суландыру құрылымдары мен қондырғылары иесіз қалды, себебі, бұл құрылымдарға жауапты мекемелер тарап кеткен. Иесіз қалған мүлік ұрланып, бұзылған. Сорғылар қолды болған, электр тогы жүретін сымдар кесіліп алынған, бағандар құлатылып, ішіндегі білектемелер уатылған, мал суғаруға арналған темірбетоннан соғылған құрылымдар бұзылып, тасып әкетілген.
Қазіргі таңда фермерлік шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары пайдаланып отырған мал жайылымдарын заңды түрде өз аттарына аудармағандықтан, мал жайылымдарын суландыру мәселелерін шешуге құлықсыз. Балқаш аймағындағы мал жайылымында бірде-бір су құбыры жұмыс істемейді. Осы жағдайға байланысты қазіргі кезде ауыл айналасындағы жайылымға мал көп жайылып, ол азып-тозып, тақырлануына әкеліп соғып отыр. Халықтың қолда бар малын бұрынғыдай жайлауға мүмкіндігі жоқтықтан, мал ауыл айналасында 10-15 км радиустағы шөпті жеп тауысып, тақырға айналдырды.
Осындай тығырықты жағдай бүкіл Қазақстандағы жайылымдарға, суландыру құрылымдары мен құрылғыларына тән нәрсе. Осыған байланысты бүкіл Қазақстандағы мал жайылымдарындағы суландыру құрылымдарына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жеке төлқұжаттарын жасау жұмыстарын орындау қажет. Сонымен қатар, құдықтар мен тік ұңғылы құдықтарды су көтеретін қондырғылармен жабдықтау керек. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бірінші кезекте, тезірек құдықтарды жөндеп, тазалап, қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Ал тік ұңғылы құдықтарды жөндеп қалпына келтіру қиынырақ, себебі, бұларды бұзған кезде скважиналар жабылмаған, ішіне тас, темір, бетон қалдықтары тасталған.
Үкімет тарапынан жайылымдық жерлерді қалпына келтіруге шаралар қолдануда. Жайылымдық жерлердегі мал шаруашылығын дамыту кезінде табиғи жемшөппен қамтамасыз ету инфрақұрылымының болмауына байланысты малдарды жайылымдарға жаю арқылы жүзеге асыру көзделген. Бірінші кезеңде 10 млн гектар жерді пайдаланып, негізгі жайылымдарды сумен қамтамасыз ету көзделуде. Осыған байланысты суару жүйелерінің техникалық жағдайын, шахталық, құбырлық құдықтарды қалыпқа келтіру мүмкіндігін және қаржылық тұрғыдан ұтымдылығын анықтау қарастырылып отыр. Өйткені, барлық суландыру жүйелері 1991 жылға дейін тұрғызылған және олардың нормативтік қызмет көрсету уақыты өтіп кеткен. Бұрынғы кезде салынған, бірақ жайылымдардағы жұмыс істемейтін шахталық және құбырлық құдықтарды қалпына келтірумен қатар, жаңа сумен қамтамасыз ететін ғимараттарды тұрғызу көзделмекші.
Жайылымдық жерлердегі мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы − жайылымдық жерлердегі мал шаруашылығы саласының дамуына оң ықпалын тигізеді. Ет өндірісінің экспорттық әлеуетін арттыру, тозған жайылымдарды қалпына келтіру және оларды дұрыс пайдалануды қарастырумен қатар, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуды қамтиды. Ел аумағында үлкен көлемде шөлейтті жерлерде жайылымдар шоғырланған. Бұл жайылымдар көлемі ТМД елдері жайылымдарының 60 пайызын, ал Орталық Азия мемлекеттері жайылымдарының 71 пайызын құрайды. Соңғы деректер бойынша мал азығының 75 пайызын беретін табиғи жайылымдардың ауданы 188,59 млн га құрайды, бұл мемлекет қорындағы жер көлемінің 69 пайызын құрайды. Барлық жайылымдардың ішіндегі жайлаулық жайылымдар − 51,6 млн га, күздік және көктемдік – 77,1 млн га, қыстаулық − 30 млн га, ал жыл бойына пайдаланатын жайылымдар 26,3 млн га жайылымды құрайды. Мал азығы қоры жайылымдық жерлердің қолданылу қарқындылығына байланысты. Жайылымдардың 77 пайызы жазық жерде, оның ішінде 25 пайызы құмда, 18 пайызы таулы және қыратты жерлерде, ойпаттарда 5 пайызы орналасқан.
Жайылымдардағы негізгі суландыру құрылғылары − шахталы және құбырлы құдықтар. Қазіргі кезде мал суғару бекеттеріндегі құрылымдардың көбісінің су жинау резервуарлары қираған, суару наулары, төселген тақталар бұзылып алынған. Құдықтар көмілген, суалу құрылғылары бұзылған,тік ұңғылы құдықтарда су көтеретін құрылғылары жоқ және минералды су көздері мүлдем қолданылмайды.
Жалпы, жылдан жылға халықтың қолындағы мал басы көбейіп келеді, осыған байланысты жазғы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану өте қажет, ол үшін жайылымдық жерлерді суландыру құрылымдары мен құрылғыларын жөндеуден өткізіп, жайылымдарды қалпына келтіру қажет.
Соңғы 20 жылда жайылымдық жерлерде осы құдықтар мен ұңғымаларға байланысты инвентаризация, судың минералдануы және техникалық жағдайына зерттеу жүргізілмеді. Дұрыс пайдаланбаудың салдарынан суландыру құрылғыларының 70 пайызы істен шыққан.
Қазір бұл мәселемен ҚазҰАУ ғалымдары айналысуда. Шахталы құдықтарды, тік ұңғымаларды тазарту мен дезинфекциялау және су көтеру жабдықтарына техникалық қызмет көрсету үшін жаңа жылжымалы қондырғыны тәжірибелік сынақтан өткізіп өндіріске енгізумен шұғылданамыз. Сонымен қатар, осы су көтеру қондырғылары күн сәулесінің және жел күшінің энергияларын қолданып жұмыс істетіп, жеке шаруашылықтарды жағармай мәселесінен босатпақшымыз. Жайылымдық аймақты сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін суландыру қондырғыларының қажетті санын анықтау және Қазақстанның жайылымдарын суландырудың картасын жасау қажет.
Түйіндей келгенде, еліміздегі жайылымдардың экологиялық өнімділігінің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қазіргі кездегі табиғатты пайдалану саласында көптеп қолданылып жүрген геологиялық ақпараттық жүйелік технологияны пайдалану арқылы жайылымдарды аудандау және олардың табиғи өнімділік жүйесін есепке алып отыратын арнайы порталдық жүйелер құру мәселесін қарастыру керек деп санаймыз.
Тілектес Есполов,
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің
ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик