Омбудсмен өз үндеуінде балалардың құқықтарын қорғауды жетілдіру бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың, жоғарыда аталған қалалар мен облыстардағы денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жүргізіп жатқан жұмысын атап көрсеткен.
Сонымен қатар, үндеуде мониторинг жүргізу қорытындысы бойынша өмір бойы тиісті мекемелерде қалуға мәжбүр тастанды және физикалық, ақыл-ой ауытқулары бар ауру балалардың саны өсіп отырғаны айтылған. Сондай-ақ, осындай балаларды асырап алу және отбасыларға орналастырудың баламалы нысандарын қолдану тәжірибесі (патронаттық тәрбиеге, қамқорлыққа және қорғаушылыққа беру) Қазақстанда кездеспейтіні қозғалған.
Мамандардың пікірінше, бұл жағдай қазақстандық қоғамның аталған санаттағы балаларды патронатты қабылдауға ниетті еместігін білдірмейді. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу тәжірибесінің жеткіліксіздігіне қатысты болып отыр. Паллиативті науқастардың белгілі бір пайызына қарамастан, осы мекемелердегі балалардың басым көпшілігі әлеуметтендіру процесіне толық қатыса алады.
Омбудсмен жоғарыда көрсетілген өз үндеуінде шет елдердің оң тәжірибесін мысал ретінде көрсетеді. Онда денсаулығында елеулі проблемасы бар балаларды асырап алу процесі кең тараған. Тіпті, шетелдік кейбір азаматтар өз елінен басқа мемлекеттерден де дімкәс балаларды қамқорлығына алады. Мысалы, Испания азаматтары жылына Ресейден 40-қа жуық мүгедек балаларды асырап алады, Италия – 35, Германия – 20, Франция – 10, АҚШ азаматтары Ресейде тиісті мораторий енгізгенге дейін – 100.
Көптеген елдерде дәстүрлі патронаттан өзге, соматикалық және психикалық ерекшелігі бар балалар үшін медициналық және психотерапиялық патронаттар дамыған. Жыл бойы мамандар асырап алған отбасылармен жұмыс жасап, оларға жан-жақты кеңес пен медициналық қызметтер көрсетіп, мерзім аяқталғаннан кейін асырап алушыларға сау күйінде баланы жеткізу мәселесі шешіледі.
Әйтсе де асырап алған уақыттан кейін де, мемлекет асырап алған отбасыларға қолдау жасап, білікті мамандар тарапынан кеңес қызметін көрсетеді, сонымен қатар, баланың қажеттілігі үшін қаржы бөледі. Бұл тәсіл, асырап алушыларға мемлекет пен қоғамның ықпалды көмек көрсетуі мен ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеуге әрдайым көмек қолын соза алатынын білдіреді.
Үндеуде аталған санаттағы балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы жұмыстарды жандандыру қажеттілігі де айтылған. Бұл тұрғыда, Омбудсмен Астана қаласындағы «Нұрлы жүрек» балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің оңды да лайықты тәжірибесін атап өтті. Бұл мекемеде демеушілерді, еріктілерді, сонымен қатар, студенттерді белсенді тарту арқылы балаларды қоғамға әлеуметтендіру және интеграциялауға көңіл бөлініп отыр. Омбудсменнің айтуынша, мекеменің базасында балаларға арналған түрлі білім беру және сауықтыру шаралары өтеді. Мысалы, сау балалармен бірлескен жазғы лагерьлер, сонымен қатар, жаяу экскурсиялық шаралар ұйымдастырылады.
Омбудсменнің пікірі бойынша, мемлекеттік орталық және жергілікті органдардың, мүдделі үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың қатысуымен ерекше қажеттіліктері бар балаларды бақылауға алу мен олардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шараларды қолға алу қажет. Осыған байланысты, үндеуде Денсаулық сақтау министрлігі ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға қатысты мемлекеттік бағдарлама әзірлеуде бастамашы болу керектігі атап өтілген.
Адам құқығы жөніндегі уәкіл мониторинг жүргізу барысында Қазақстанда балалар үйінің қызметін реттейтін, нормативтік құқықтық құжаттың, балалар үйінің қызметін айқындайтын құқықтық базаның жоқтығына ерекше назар аударды. Бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау iсi жөнiндегі агенттiгi төрағасының 2000 жылғы 6 маусымдағы № 228 «Балалар үйi қызметін ұйымдастырудың ережелерін» және «Балалар үйiне балаларды қабылдаудың және одан шығарудың ережелерін» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2014 жылғы 22 сәуірдегі №206 бұйрығы бойынша өз күшін жоғалтқан. Содан бері жаңа ереже қабылданбаған.
Сонымен қатар, «Баланың құқықтары туралы» Заңның 30-бабы 2-тармағында, баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға балаларды қабылдау және оларды күтiп-бағу талаптары Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген орган бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады деп белгілейді.
Омбудсмен бірқатар әкімшілік қызметкері өз қызметін жүзеге асыру кезінде, жарамсыз нормативтік құжатты басшылыққа ала отырып әрекет ететінін атап өтіп, осыған байланысты тиісті шараларды қабылдауға шақырған.
Жолдыбай Базар,
«Егемен Қазақстан»