Қазақстан • 16 Маусым, 2017

Тамыры терең достастық

139 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қа­лықова ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында өтетін Поляк диаспорасы күніне қатысуға Астанаға келген Польша Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мария Коц бастаған делегациямен кездесті.

Тамыры терең достастық

Мемлекеттік хатшы алдымен қазақ пен поляк ұлттары арасындағы достықтың  тамыры тереңде жатқанын атап өтті. 
Жалпы, поляктардың ұлты­мыз­ға деген құрметі мен ілти­паты ерекше екені белгілі. Ең ал­ғаш еуропалықтарға Ұлы Дала­мыз туралы сыр шерткен Польша монархы Бенедикт болса, әлем әдебиетінде қазақтар жайлы тұң­ғыш поэма жазған да поляк перзенті, әйгілі романтик ақын Густав Зелинский болатын. Бер­тінде халқымыздың мың күйін нотаға түсіріп, рухани қазы­намызға өлшеусіз үлес қосқан Алек­сандр Затаевич те поляк екенін көзіқарақты қауым жақсы біледі. Міне, екі ел арасында байырғыдан қалыптасқан достық рәуіштегі дәстүр бүгінге дейін жалғасын тауып отыр.
– Біз Польшаны қарқынды да­мып келе жатқан мемлекет ре­тінде жақсы білеміз. Ел­дері­ңіз­де экономика саласына, соның ішінде орта және ша­ғын кәсіп­кер­лікті дамытуға қолай­лы жағ­дай жасалғанын былтыр­ғы са­парымызда анық байқа­дық. Өт­кен жылы тамыз айында Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Польшаға ресми са­пармен барғаны мәлім. Сапар ба­ры­сында екіжақты байланыс­ты нығайтатын көптеген, келіс­сөздер жүргізіліп келісімдер жасалды.  Ал биылғы қыркүйек айында Польша Республикасының Президенті Анджей Дуданың елімізге сапары күтіліп отыр, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, бүгінде Қа­зақ­­станда поляк этносының 32 мың­­нан астам өкілі тұ­ра­ды. Екі­­жақты қарым-қаты­настың ау­қымы мәдениет пен гу­ма­ни­тарлық салада да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда еліміз­дің 700-ден астам жасы Польша­ның уни­верситеттері мен колледж­дерінде білім алып жатыр. «Жақында Астана мен Варшава арасына ұша­тын тікелей рейс ашылды. Орталық Азия мен Польшаны біріктіретін рейстің арқасында екі елдің байланысы артып, туризм саласы дамитыны анық», деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен бірге, ол Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге Польша Парламенті алғашқылардың бірі болып үн қосып, келісімді ра­ти­фикациялағанына алғыс білдірді.
Өз кезегінде сөз алған Польша Пар­ламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мария Коц жылы қабылдауға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, тағдыр талайымен Қазақстанға көшіп келген талай этнос өкілі осында бейбіт жағдайда өмір сүріп жатыр. Соның ішінде поляктарға да салт-дәстүрін сақтап, тарихы мен мәдениетін дамытуға мүмкіндік берілген. Бұл Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай отырып өркендеп келе жатқан ел екенін көрсетеді.
Сондай-ақ, ол қазақ-поляк қарым-қатынастарының қазіргі ахуалы мен саяси-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесін қозғады.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Польшаны 2018-2019 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтады. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»