16 Маусым, 2017

Текті Әмір

739 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Тарихымызда қалың көпшілікке танылмай тасада қалған тұлғалар қаншама десеңізші. Қай қиырда жүрсе де еліне елеулі еңбек еткен ерен ерлердің қайсібірі тәуелсіздікпен бірге туған жерімен қауышып жатса, кейбірі көне көздердің қатары сиреген сайын ұмытылып барады. Жас ұрпақ біле бермейтін, интернеттен іздесеңіз де мардымды ақпарат табыла қоймайтын кесек тұлғаның бірі – біздің кейіпкеріміз Әмір Нәжіп.

Текті Әмір

Есімін алғаш естігенде, арапша «текті» деген мағына беретін тегіне қарап, Кавказдан яки Еділ бойынан шыққан ғалым шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, әйгілі ғалым – жерлесіміз екен. Түркі тілдерінің аса білгірі, филология ғылымдарының докторы, профессор, түркологтардың кеңестік комитетінің мүшесі болған көрнекті ғалым 1899 жылы қазіргі Семей облысы, Мақаншы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Тамырлас халықтардың тіршілігі түйіскен, тарлан тарихтың талайына куә болған Тарбағатай баурайында өмірге келген болашақ түрколог қаршадай кезінен қазақ, татар, ұйғыр, өзбек сияқты бауырлас елдердің тілдерін еркін меңгереді. Әуелі ауыл молдасынан, кейін Шәуешекте Ресей консулының жанынан ашылған гимназияда, сосын Семейде мұғалімдер семинариясында оқығанда әлем тілдерінің сырын тануға сәтті қадам жасап, орыс, араб парсы тілдерін үйренеді. Әмір Нәжіп Семей мұғалімдер семинариясында өзімен құрдас Мұхтар Әуезовпен бірге оқиды, намыс жыртып алғашқы «Ярыш» футбол командасында бірге ойнайды. Түрк әлемінің жарық жұлдыздары осылайша рухани сапарға бір ұядан түлеп ұшады: бірі әлемге әйгілі сөз зергері ретінде мойындалса, екіншісі атақты шығыстанушы ғалым болып танылады.

Оқымыстының тіл үйрену машығы университетте өз жалғасын тауып, ағылшын, неміс тілдерін де меңгереді. Полиглот ғалым 20-дан астам түркі халықтарының тілінде еркін сөйлеп, жаза да біледі. Ірі ғұлама көптеген тілдердің теориясын, тарихын білумен ғана шектеліп қалмай, сол тілдерде еркін сөйлеп, сол халықтардың өкілдерімен емен-жарқын араласып, олардың Мәскеудегі рухани елшісіне айналады. Бұл адамға ана сүтімен, бесік әлдиімен дарыған сирек бітетін қабілет әрі ұлы бақыт еді.

Алаштың астанасында білім алып, Алаш қайраткерлерінің сұх­ба­тын тыңдап өскен ғалым тамырлас жұрт­тың мұрасына қамқор болып, туыс халықтардың рухани қанатының ұш­талып жетілуіне де негіз салады. Ол 1924-1933 жылдары өзбек, қара­қал­пақ­тардың терминологиясының, жаңа әліп­б­иінің қалыптасуына, баспасөз бен баспа ісінің дамуына тер төгеді. Алаш оқымыстылары секілді өзбек ор­та мектептеріне арналған математика, физика, химия, сондай-ақ жоғары мектептеріне химия, физика, теориялық механика оқулықтарын аударады. Қарақалпақ тіліне қажетті оқулықтарды тәржімалайды. Әрине, бұл оқу ағарту ісіне түбегейлі бетбұрыс жасалған, ескі патшалық билік құлап, жаңа қоғамдық-әлеуметтік жүйе қалыптаса бастаған төң­керістік заманның сұранысынан туған тапсырыс еді. Сол кезеңдегі ояну дәуірін бастан кешкен Орталық Азия елдерінің оқымыстылары сияқты жас зиялы Әмір Нәжіп те қалам қуатын кезеңдік талаптарға үйлестіре арнайды.

Ғалымның саналы өмірі түркі халық­тарының тілін салыстырмалы тұрғыдан кешенді зерттеу, ортақ түркі жазба ескерткіштерін зерделеу, сөздіктер жасау, аударма ісімен айналысу, архив қорларын ақтарып, қолжазбаларды жүйелеу, ескі мұраны аудару, текстологиямен шұғылдану, түркологияның теориялық-методологиялық арналарын жетілдіру, жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар жазу, түркі ха­лықтарының ежелгі тарихының де­рек­танулық негізін байыту, ортақ түркі классикалық жазба әдебиетінің жау­һарларын саралау, ғылым ісін ұйым­д­ас­тыру, ағарту-педагогикалық бағыт се­кілді жан-жақты салада өнімді табыс­тармен өтеді.

Әмір Нәжіп 1923 жылы Шығыс тілдері институтын түрік және парсы тілі мамандығы бойынша бітірген соң Бұхар халық республикасына аттанып, онда баспагерлік-оқу ағарту ісімен шұғылданады, «Азат Бұхара» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарады.

Шын мәнінде ғалымның көне мұра қоймаларын ақтарумен ғана шектелмей, түркі халықтары бетпе-бет келген сындарлы мәселелерге тәуекел деп бел буып кіріскен, нардың жүгін көтере білген қайраткер тұлға болғанын анық байқауға болады. Ол КСРО Ғылым академиясының Өзбек филиалы ашылған тұста ғылыми-ұйымдастырушылық істермен тиянақты шұғылданады: 1940 жылдан Өзбек тіл, әдебиет, тарих инс­титутының ғалым-хатшысы, 1942 жылы қаң­тардан бастап сол институттың директоры, ал 1944 жылы сәуір айынан Өзбек ССР Ғылым академиясы бас­па­сының директоры секілді жауапты лауазымдарды абыроймен атқарады. Осындай қарбалас қызметте жүріп орысша-өзбекше, өзбекше-орысша алғашқы сөздікті дайындау ісіне араласады.

Одан кейінгі өмірінің көп жылдары тұрақты ғылым ісін басқару-ұйымдастыру мен ғылыми-педагогтік қыз­меттерге арналады. Мәскеу мем­ле­кеттік университетінің филология, тарих факультеттерінде түрік, ұйғыр және қазақ тілдерінен сабақ береді. 

Ғалымның түркі халықтарының алдындағы зор борышын адал атқаруының бір көрінісі – 1960 жылы  жариялаған «Қазіргі ұйғыр тілі» монографиясы. Бұл құнды еңбек 1968 жылы ағылшын тіліне аударылады. Мәскеуде 1966 жылы 33 мың сөзді қамтитын «Ұйғырша-орысша сөздігі»  осы саладағы ең үздік сөздіктердің бірі ретінде танылып, түркологтар тарапынан жоғары баға алады. 
Біртуар ғалым бахадүр бабалар орнатқан айбынды Алтын орда мемлекеті мен байырғы өркениет ошағы Мысыр арасында экономикалық-сауда қатынастары ғана емес, терең мәдени алмасулар болғанын дәйекті  тұжырымдайды. Еділ жағасында жайқалған ежелгі әдебиеттің алтын дәні   Ніл алқабына жетіп, шешек атып, гүлденгенін тиянақты дәлелдейді. Осылайша жауынгер қыпшақтардың қайқы қылыштың иесі ғана емес,  қау­ыр­сын қалам арқылы сұлулық  жыршысы болғанын соны деректермен айғақтады.

Осы бағытта Ә.Нәжіп көп уақыты мен мол күш-қуатын XI-XV ғасырлар аралығында араб әліпбиімен жазылған әдеби ескерткіштердің тілін зерттеуге жұмсайды. Ғалымның, әсіресе, ден қоя зерттегені – XIV ғасырда Алтын Орда мен оның одақтасы болған қыпшақ мәмлүктер билігіндегі Мысыр территориясында жазылған әдеби көркем туындылар. XIV ғасырда Сыр бо­йында жазылған «Мұхаббат-наменің» мәтінін 1961 жылы Мәскеуде жариялап, ескерткіштің түпнұсқасы, транскрипция­сы, орысша аудармасы және сөздігін жасайды.

Көрнекті ғалым докторлық диссертациясында Сәйф Сараидің «Гүлстанын» тарихи салыстырмалы тұрғыдан зерттеп шығып, бұл мұраның  қыпшақ-оғыз әдеби тілінде жазылғанын анықтайды. Ол еңбек «Тюркоязычный памятник XIV века Гулистан Сейфа Сараи и его язык» деген атпен 1975 жылы Алматыда жарық көреді. Бұл басылым екі кітаптан тұрады. Бірінші кітапта тарихи-мәдени шолу және грамматикалық очерк берілген. Екінші кітапта «Гүлстанның» лексикасы сөз болады. Аталған ескерткіште кездесетін түркі сөздерінің бәрі алфавит тәртібімен беріліп, орыс тіліне аударылады. Ол сөздер көне және қазіргі түркі тілдерінің материалдарымен салыстырыла талданған. Бұл – сала мамандары үшін құнды еңбек екені сөзсіз.

Қазақстан аумағында тіршілік еткен байырғы көгентүп ұлыстардың бүгінгі ұрпақтары  түркі жазба әдебиетіне мұрагерлік салмағы басым екенін түйін­де­ген отансүйгіш ғалым, осы та­қырыпқа енді жерлес түркітанушы ға­лымдардың назар аударуы аса қажет­тігін айтып, 1972 жылы «Жалын» аль­манағының 4-санында «Терең тамыр­лар» атты тұ­жы­рымдамалық мақала жария­лайды. «Түркі тілінде жазылған ең алғашқы әде­би мұралардың отаны  Жетісу  жері болды... Ал сол көне мұралардың қазақ тілі мен әдебиетіне тікелей қатынасы қаншалық деген мәселеге келсек, қазіргі қазақтардың ата-бабалары Алтын орда халқының ең қомақты, ең негізгі бөлігін құрағаны бел­гілі. Кейінірек қазақ халқының құ­ра­мына кірген рулар өз кезінде Еділ бойын­да, Солтүстік Хорезмде, мәмлүктік Мысырда елеулі тарихи рөл атқарды. Сол өлкелерде туған мәдени ескерткіштерді жасауға тікелей атсалысты. Мұның бәрін зерттемесек, білмесек – қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінің, тілінің тарихы жайлы түсінігіміз біржақты, олқы болған болар еді» деп бағдарламалық тұжырым жасайды.

Алтын орда территориясында жазыл­ған аса құнды әдеби көркем шығармалардың бірі – Құтбтың «Хұсрау мен Шырыны». Әмір Нәжіп осы ескерткіштегі 2500 сөзді қамтитын «Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века» деп аталатын 4 томдық еңбегін бітіріп, көзі тірісінде  баспаға тапсырған болатын. Өкінішке қарай, бұл еңбектің бірінші томы ғана 1979 жылы Мәскеуде жарыққа шықты да, қалған томдары ғалымның көзі тірісінде басылмай, тоқтап қалады.

Ғұлама Қазақстан тәуелсіздігін жа­риялаған тұста сырлас бауыры, ака­демик Әбдуәли Қайдаримен өз шаңырағында дидарласып, қолжазба мұраларын аманаттап: «Мен саналы ғұмырымды түркологияға арнадым. Денем Мәскеуде қалады, бірақ жүрегім сендермен бірге... Ортағасырлық жазба ескерткіштердің көбісі бүгінгі қазақ жерінде дүниеге келген, демек олардың мұрагерлері де – сендерсіңдер. Мен олардың біразын жарияладым. Бірақ жарияланбағандары бар. Екі-үш том етіп қолжазбасын да­йындап қой­дым. Жариялап, шығаруды аманат етем», деген екен.
Аманатқа адал академик Ә.Қайдари  кітапхана қорымен бірге аға-досының аса бағалы қолжазбаларын Халықаралық Түркі академиясына тапсырған еді. Сабақты ине сәтімен, академия ғұлама ғалымның «Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века» деген еңбегін толық дайындап басу ісіне кірісіп кетті. Міне, әлемдік түрко­ло­гия ғылымының бағдарына жол сіл­теп, сапалық деңгейін жаңа белеске кө­теретін ғұламаның көзі тірісінде жа­рық көрмеген 4 томдық бірегей еңбегі мұқият жүйеленіп, «Қазіргі түрко­логия» сериясымен оқырманға жол тар­тып отыр. Қазыналы еңбек жа­зыл­ға­нынан кейін 40 жылдан соң, авто­ры­ның туғанына алда болатын 120 жыл тая­ған мезгілде, ғұламаның отаны Қазақ­с­тан­да, Халықаралық Түркі академиясы ша­ңырағында жарық көруінің рәміздік мағынасы да, тарихи тағылымы да аса терең.

Бұл іргелі еңбекте ескі ескерткіштегі 2500 сөз түркі тілдерінің тарихи сөз­дік­терімен және XI-XV ғасырлар ар­а­лы­ғында жазылған 20-дан астам көне әдеби жәдігерлермен, сондай-ақ 20-дан астам қазіргі түркі тілдерінің бай материалымен салыстырыла берілген. Араб-парсы, сонымен бірге моңғол, бурят, қалмақ тілдерімен де қажетінше салыстырулар жасалған. Тегінде орта ғасырдағы көне ескерткіштердің тілін қазіргі тірі түркі тілдерімен тұтасқа дерлік  салыстыру, сонымен бірге бір ғана нақтылы әдеби жәдігерді ұзақ уақыт бойы індете кешенді зерттеу, тілдік қордың өзгеріс динамикасын көрсету, сөздердің шығу тегі мен тарихына үңілу, ескі қолжазбаларды ақтарып жүйелеу, көз майын сарқып текстологиямен шұғылдану, мәтіндерді жариялау – интеллектуалдық өресі аса  жоғары білікті де кәсіби  маманның ғана қолынан келетін  іс. Осындай іргелі де күрделі  еңбектерді артына қалдырған ғұлама жерлесіміз Әмір Нәжіп түркология әлемінде жарық жұлдыз болып қалары сөзсіз. Өйткені, сөздік жасау – кен қазумен бірдей михнатты жұмыс, көпірме сөзден іргесі алыс, дәлдік пен дәйекті ғана талап ететін, құм санағанмен тең азапты шаруа, ізгілікті іс.

Сөздік төрт том болып, алғаш рет толық жарияланып отыр. Бұл басылымда атау сөздер араб алфавиті бойынша әзірленіп, әр томның соңында индекс берілген. Еңбектің ғылыми құндылығы туралы айтар болсақ, автор ескерткіш тілінде қолданылған әрбір сөзді алдымен, Орхон  ескерткіштері мен орта ғасырлық «Құтадғу білік», Махмұд Қашқари сөздігіндегі материалдармен, қазіргі түркі тілдерімен жүйелі түрде салыстырып отырған. Нәтижесінде ол сөздердің даму, өзгеру жолын  айқындап көрсетіп, түбірін анықтаған. Сөздің этимологиясы, түбір мәселесі тіл білімінде өте күрделі және оны анықтау қиын да қызықты мәселе. Аталған сөздікте салыстырудың нәти­же­сінде көптеген сөздердің түбір тұлғасы анықталған. Тіл тарихын зерт­теген зерделі ғалым Орхон ескер­ткіш­терінде, Махмұд Қашқари сөз­ді­гінде қолданылатын сөздер мен сөз тір­кес­тері қазіргі түркі тілдерінде кездесе ме, әлде қолданыстан мүлдем шы­ғып қал­ды ма, тіпті басқа мағынада қол­да­ныла ма деген күрделі мәселеге бі­лімпаздықпен назар аударған. Нә­тиже­сін­де тіліміздің ұзақ жылғы та­рихы, дамуы, өзгеріске ұшырау, өркен­деу табиғаты айқындалып, «Хұс­рау мен Шырын» ескерткіші тия­нақты да тың­ғылықты зерттелген.

Баршамыз үшін Ә.Нәжіптің өмірі мен шығармашылық ғұмырбаяны шынайы патриотизмнің, бауырмалдық пен достықтың, ғылымға шексіз адалдық пен толағай еңбекқұмарлықтың, қара­па­й­ымдылық пен қайсар күрес­керліктің жар­қын өнегесі мен үлгісі. Көрнекті тұлға ту­ралы зерттеулер жазған ғалымдар І.Кеңесбаев, Ә.Құрышжанов, Ә.Қайдари, Г.Ф.Благова, Ә.Керімұлының еңбектері бір төбе.

Біртуар ғалымның бірегей еңбектері түркі халықтарының рухын асқақтататын  алтын зерге айналып отыр. Ұлы Мұхтар Әуезовпен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен, ақпан төңкерісі кезінде Семейде Ғ.Мусинмен бірге «Халық сөзі» газетін шығарған, Мәскеуде Әлихан Бөкейханов бастаған алаш зиялыларынан тағылым түйген, түркі халықтарының тілі мен тарихы үшін қара нардай қазына арқалаған, орта ғасырдағы әдеби тіліміздің қалып­та­суының көркемдік заңдылығын талдап, рухани көкжиегімізді кеңейткен ғұламаның, елім деп өткен ерен тұлға­ның есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде лайықты шаралар жасау – рухани жаң­ғы­ру ісінде жас ұрпаққа тәлім беретін сар­қылмас қайнаркөз болары анық. Осы орайда кемеңгер ғалымның есімі оның туған жері Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында бір мектепке ұсынылса, кезінде өзі оқыған, қазіргі М.Әуезов атындағы Семей педаг­о­ги­ка­лық колледжінде ғалым атында кабинет ашылса, түркология саласында стипен­дия­лар мен Ә.Нәжіп атындағы жас ға­лымдар жүлдесі тағайындалса деген тіле­гіміз бар.

Жарыққа шыққан көп томдық толымды еңбектері арқылы әйгілі ғалымның Отанындағы екінші ғұмыры басталды. Ұзағынан болсын. 

Дархан Қыдырәлі