Қазақстан • 16 Маусым, 2017

Тыныштықтың сақшысы

218 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни 1992 жылдың 23 маусымында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңға қол қойды. Міне, осы күннен бастап құқық қорғау органдарының мақсаттары мен бағытын, құқық­тары мен міндеттерін анықтайтын алғаш­қы құқықтық акт пайда болды. Бұл Тәуелсіздіктің елең-алаңында елдегі тәртіпті бақылау­да, заңдылықтың сақталуын қада­ғалауда ішкі істер орган­дары­ның қызметіне ерекше екпін берді. Өйткені, бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауынан кейін кеңестік кеңістікте небір қылмыс­тың түрлері жаппай көрініс беріп жатқан.

Тыныштықтың сақшысы

Сол жылдары мұндай қыл­мыстық көріністерден Қазақстан да құралақан емес еді. Ойдан-қырдан қашқандар мен іштен шыққан бұзақылар қылмыс санының артуына әсер етті. Барған сайын заң бұзушылық етек жайып, күрделі сипат ала бастады. Және ол қылмыстардың көпшілігі суық қару қолданылып жасалатындықтан, жұртты алаңдата түсті. Бұған эконо­ми­калық қылмыстар да қосылды. Жасырып несі бар, сол кезде ұйымдасқан қылмыстық топтар кәсіпке бет бұрғандары да етек­тен тартты. Тіпті, ұйымдасқан қылмыс­тық топтың көбі тран­с­ұлттық сипат алды. Мұның бір себебі, бұрынғы кеңес­тік ішкі істер органдарындағы өзара әре­кет ету тетігі бұзылып, қауқары қай­тып қалғаннан да еді.
Осындай жағдайда құқық қорғау органдарына қылмыспен күресуде жаңа әдіс-тәсілдер қарастыруға, оның қыр-сырын зерттеуге, үйренуге тура кел­ді. Жаңа заман келбеті жаңа қажеттілікті алға тартты. Оның үстіне, елімізде орын ал­­ған дағдарыс салдарынан мем­лекеттің қаржылық қау­қа­­рының нашарлауы да құ­қық қорғау органдарына кері әсер етпей қоймады. Қыз­меткерлердің жалақысы тіптен мардымсыз болды. Ал жұмыс ауырлай түсті. Осы тұста тәжі­рибелі ма­мандар ақшасы көп ком­­мер­циялық ба­ғыттағы жұмыстарға кете бастады. По­лициядағы қыз­мет болса, көптеген жас­тар үшін мәнін жоғал­тып, қы­зы­ғу­шылығын жойды. Мұн­дай құл­­дырау тек құқық қорғау ор­ган­дарында ғана емес, өзге ма­ңызды салаларда да көрініс берді. 
1992 жылғы жоғарыда айт­қан заң мен Президенттің «Қазақстан Респуб­ликасының ішкі әскерлері туралы» Жарлығы бүкіл құқық қорғау орган­дары­ның тұла бойына қан жүгіртті. Іле-шала тәуелсіз Қазақстанның алғашқы тағайындалған Ішкі істер министрі іске кірісті. Елбасының уақтылы сындарлы шешім қабылдауының арқа­сында нормативтік базаның ж­а­ңаруы жүзеге асып, ол жедел іздестіру қызметі­нің дамуына оң әсер етті. Даму үдеріс­тері 1994 жылдың қыркүйек айын­дағы «Жедел іздестіру қызметі туралы» Заң­ға жалғасып, жандана түсті. 1993 жыл­дың басында-ақ кешенді де жедел жүргізілген жұмыстардың нәти­жесінде 324 қылмыстық топтың жолы кесілді. 550-ден астам қашқын қыл­­мыс­кер құрықталды. Сөйтіп, тәуелсіз мемлекеттің тегеурінді ішкі істер орган­дарының дәрмені артты.
Президенттің Жарлығымен 1995 жылғы қазан айында ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған құқық қорғау органы – Мемлекеттік тергеу комитеті құрылды. Алайда, уақыт өте келе оның кемшіліктері, осал тұстары бары анықталды. Осыған байланысты 1997 жыл­дың қарашасында Мем­лекеттік тер­геу комитеті та­ратылып, оның қыз­­меткерлері Ұлттық қауіп­сіздік ко­митеті мен Ішкі істер министрлігіне ауыс­тырылды. Осыған сәйкес, ішкі істер органдарында әскери құрылым мәр­тебесімен кри­миналды және әкім­шілік по­лиция, сонымен қатар, әс­кери тергеу органдары жә­не ІІМ әскери полициясы құ­рылды. Өрт сөн­діру қыз­меті Төтенше жағдайлар жөнін­дегі мемлекеттік комитетке берілді, эконо­микалық және жемқор­лық қылмыспен кү­рес Сыбайлас жемқор­лық­пен және экономикалық қыл­мыс­пен күрес агенттігіне өтті. Әділет министрлігі сот-ме­дициналық сарапта­масын және түрме жүйесі мен халықты құжаттандыруды қолға алды. 2011 жылы Қылмыстық атқару жүйесі ІІМ-ге берілді.
Ал 2014 жылдың сәуір айынан бастап Президент Жар­лығымен ІІМ-нің Ішкі әскерлері ІІМ-нің Ұлттық ұланына айналды. Және осы жылы тамыз айында ІІМ-ге Төтенше жағдай­лар ми­нистрлігінің қызметтері мен өкі­леттіктері берілді. 2016 жылдың 1 қаң­тарынан бастап, тиісті заңға сәйкес, Астана және Алматы қалаларының және облыстардың ІІД Жергілікті полиция қызметі құрылып, олар қазіргі күні ойдағыдай жұмыс істеп келеді. 
Міне, мұның бәрі – 25 жыл­да атқа­рыл­ған жұмыстар. Ол айтуға ғана оңай болғанымен, әр жыл­дағы қызметтің мәні мен ма­ғынасы тереңде жатқаны анық.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»