Президент • 17 Маусым, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа энергия – жаңа экономика» атты Х Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты

144 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Х Астана экономикалық форумы Еуразия кеңістігі үшін тарихи бетбұрысты кезеңде өткізіліп отырғанын айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа энергия – жаңа экономика» атты Х Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты

– Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістан кірген соң 3 миллиард адамды қамтитын нарығы бар жаңа жаһандық ойыншы пайда болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерін Ұлы Жібек жолын жаңғырту бағдарламасымен қамту жаңа экономикалық субөңірді қалыптастырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Шанхай ынтымақтастық ұйымы «бүгінгі әлемдік құрылымның маңызды тірегі» саналатынын, ал бейбітшілікті сақтаудың ең мықты құралы – инклюзивтік даму екенін атап өтті. Бүгінгі форум осы инклюзивтік және орнықты даму мәселесіне арналған, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманның теңдессіз жылдамдықпен өзгеріп, экономикалық өсу мен өмір салтымыздың табиғатын түбегейлі қайта түрлендіретін тың жаңалықтар мен ғылыми-техникалық шешімдер дәуірінің келе жатқанына назар аударды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаһандық экономикалық саясат қоршаған ортаның ластануының шекті деңгейге жетуі және жаһандық энергия тұтынудағы теңсіздіктің артуы сияқты бүгінгі сын-тегеуріндерге толық жауап бере алмайтынын айтты.

Қазақстан Президенті экономикалық өсімнің қордаланып қалған сын-тегеуріндерді көбейтпей, қайта оларды шешуге септігін тигізуі маңызды екенін атап өтті.

– Әлемдік қоғамдастыққа жаңа экономикалық модельге кезең-кезеңмен көшу қажет. Ол таза энергетикаға, күш-жігерді жұмылдыруға және бүкіл әлемнің мүддесін ескеретін ұжымдық жауапкершілікке негізделуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономиканы дамытудың маңызды аспектілеріне қатысты өз ойларын да ортаға салды.

Қазақстан Президенті елдердің байлығы мен олардың тұрғындарының әл-ауқатын танытатын көрсеткіштерді есептеудің жаңа әдістерін әзірлеу, сондай-ақ әлемдік қаржы құрылымын трансформациялау қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы экономикалық өсім таза энергетиканы дамытуға және экологияны сақтауға негізделуге тиіс екеніне назар аударып, Париж келісімін жалпыға бірдей орындаудың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында елімізде ауқымды жұмыс басталғаны және энергетика саласын жаңғыртуға байланысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты.

– 10 жыл бұрын біз ТМД елдері арасынан бірінші болып Экологиялық кодексті қабылдадық. 2012 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң күшіне енді. Сол жылы еліміз Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Қазір біз соның аумағында тұрмыз. Көрменің тақырыбы – «Болашақтың энергиясы», – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев болашақта жер шарының экологиялық тұрғыдан таза болуы үшін ядролық қарусыз әлем тұжырымдамасының маңызды екенін атап өтті.

– Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолындағы күресте көшбасшы болып саналады. Біз – ядролық сынақ полигонын жойған және қуатты ядролық зымыран арсеналынан ерікті түрде бас тартқан ең алғашқы әрі бірден-бір елміз. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз және баршаңызды осы күресте бізді қолдауға шақырамыз. Сол арқылы біз жаһандық ынтымақтастық пен бейбітшілік ісіне адал екенімізді тағы бір мәрте дәлелдей аламыз, – деді Мемлекет басшысы.