«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған қоғамдық институт жұмысының нәтижесі – еліміздегі келісім, бірлік, тұрақтылық». Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев осылай деді. «Ел өміріндегі аса маңызды бағдарламаларды орындауға Ассамблея толыққанды қатыса алады. Мемлекет басшысының мақаласындағы негізгі міндеттерге назар аударсақ, олар қоғамның санасын жаңғырта отырып, ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді. Ұлтын сүйіп, ұлт тағдырын өз тағдырымен байланыстыратын әр азамат бұл міндеттерді атқаруға жұмыла кіріседі деген сенімдеміз. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Ұлтымыздың XXI ғасырдағы рухани жаңғыру стратегиясы атанған Елбасының бағдарламасын орындауда Ассамблеяға зор үміт артылып отыр», деп атап өтті облыс әкімі.
«Жаңғырудың негізі – тұрақтылық. Бірлік. Келісім» тақырыбымен өткен жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді іске асыруға Ассамблеяның қатысуын ұйымдастыру және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау жайы сөз болды.
Елбасы мақаласында баяндалған мәселелерді жүзеге асыру мақсатында облыста жұмыс тобы құрылды. Қазір барлық ауылдар мен аудандарда тарихты зерттеу, өңірден шыққан танымал, табысты адамдардың тізімін жасау, олардың жеткен жетістіктерін насихаттау, өзге елдегі қандастармен жүйелі байланыс орнату секілді жұмыстар жасалып жатыр. Сондай-ақ, облыс мектептерінде факультативтік курс ретінде «Өлкетану» пәні енгізіледі. Аймақтың мәдени орындары мен тарихы туралы кітапшалар шығарылады. Тарихи ескерткіштерді жаңғыртып, қала инфрақұрылымын дамыту бағытындағы әлеуметтік жобалардың тізімін жасау, түрлі акциялар мен мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек беру, туристік карта жасау да жоспарда бар. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл міндетті іске асыруда, азаматтарды туған жеріне қамқорлық танытуға ынталандыруда Ассамблеяның рөлі ерекше деді.
Жиында облыстағы этномәдени бірлестіктер мүшелері мен кәсіпкерлер, жауапты қызметкерлер сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін айтты.
«Таврос» армян этномәдени бірлестігінің мүшесі Грета Арутюнян Елбасы мақаласында жастарға үлкен міндет жүктелгеніне, соның ішінде ұлттық құндылықтарды сақтап, жандандыруға баса назар аударылғанына тоқталды. «Қамқор» бағдарламасы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының мүшелері ардагерлермен кездестік. Бізге әсіресе «Мирас» туристік-өлкетану клубының негізін салушылардың бірі Вячеслав Афанасьевпен танысу әсерлі болды. «Қамқор» акциясы арқылы біз «Мирас» клубын қайтадан жандандырып, материалдық-техникалық базасын жаңартуға, өлкеміздегі тарихи орындарға саяхат ұйымдастырып, ата-бабамыздан қалған бай мұрамен танысуға жұмыстанғымыз келеді», деді ол.
Ал «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының жауапты хатшысы Вера Шин: «1939 жылғы депортация салдарынан Қазақстанға 96 453 корей халқы күштеп көшірілді. Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қазақ халқы тағдырлас корей халқының жан жарасын тереңінен түсініп, бауырына басты. Міне, сонау зұлмат кезеңдерге де 80 жыл болды. Сол уақыттан бері корейлерден бірнеше ұрпақ тарады, олар осыншама ыстық ықылас пен аса мейірбандылық танытқан қазақ жұртының, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп жүрген, кез келген салада өзіндік үлесі бар ел азаматтары болып отыр. Олардың ұрпақтары бүгінде Қазақстанды өз Отаны санайды. Қазақ халқына деген ризашылығын білдіру мақсатында «Тхоньил» этномәдени бірлестігі Атырау қаласында ескерткіш-монумент қоюды жоспарлап отыр», деп атап өтті.
Жиында бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау