Медицина • 19 Маусым, 2017

«Маған операцияны Башабаев жасасыншы...»

1650 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ол туралы әріптестері бір-ақ ауыз сөз айтады. «Мықты дәрігер!». Ал шипалы қолын сезінген жандар «Алтын қолды» дәрігер» деп ағынан жарылады. Ол деп жұмбақтап отырғанымыз Шығыс өңіріндегі білікті, тәжірибелі дәрігерлердің бірі, Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі Марат Башабаев.

«Маған операцияны Башабаев жасасыншы...»

...Жұмысына келсем, бір жерге шығып кеткен екен. Д­ә­рігер келгенше босқа отыр­май­ын деп емхананың қыз­мет­керлерінен рұқсат алып, палаталардың біріне кірдім. Палатада жатқан екі науқасқа да Марат Башабаевтың өзі операция жасаған екен. Орта жастағы Оразғайша Сәкенаева Аягөз ауданының түкпіріндегі Ай ауылынан келіпті. «Осы ауруханаға маусымның 7-сі күні келіп түстім. Операция тегін болды. Марат ағаның қолы алтын екен. Жанымды алып қалды. Міне, қазір қайта ту­ғандай болып отырмын. Бау­ырымның жартысын алып тас­тады. Өте күрделі операция жасалды. Екі жарым сағат уақыт кетті деді. Марат аға: «емханадан шығар кезде бұдан әрі қалай емделу керек, қалай күтіну керек, қалай жүру керек, немен тамақтану керек, соның бәрін өзім айтып, түсіндіріп беремін», деді. Ол кісінің жанында тыныштық жоқ па деймін. «Қалдарың қалай?» деп пала­та­ға күніне үш-төрт рет кіріп-шы­ғады. Сенбі, жексенбі күндері де осында жүреді. Әуелі Алланың көмегімен, содан соң осы кісінің қолының шипасымен адам қатарына қосыламын ба деген үмітім бар. Хирургке айтар алғысым шек­сіз», дейді ол ағынан жарылып. 
Палатадағы екінші адам, Өскеменнің іргесіндегі Глу­бокое ауданынан келген Май­ра Сәлімбаева апамыз да дәрі­гер­ге алғысын жаудырды. «Өтімдегі үш тасты алды. Рахмет! Көп жасасын, ғұмыры ұзақ болсын! Өзі палатамызға қайта-қайта келеді. Мұндай дәрігерді көргенім жоқ. 82 жас­қа келдім, қарғам. Алтын адам. Ба­ла­ларының қызығын көр­сін!»,  дейді кейуана.
Екі емделушімен сөйлесіп бола бергенімде, Марат ағаның өзі де келіп, әңгімеміз одан әрі ка­бинетінде жалғасты.
Білікті дәрігердің медицина саласына келуінің өзінде бір тылсым сыр жатқан секілді. Кездейсоқтық дейміз бе, әлде Алланың алқауы, тағдырдың маңдайға жазуы дейміз бе? Марат ағамыз мектеп қабыр­ға­сын­да оқып жүргенде күреспен шұғылданыпты. Үшінші сыныпта Жеңіс мерекесінде жа­­рыс­қа қатысып, өзінен үш-төрт жас үлкен баламен белдесіп, сол қолының шын­тағын сын­ды­­рып алады. «Ау­дан­­дық ау­ру­­ханада бір ай жа­т­тым. Сосын облыстық ауру­ха­­наға жіберді. Аудандағы дә­рі­герлердің шын­тағымды дұ­рыс салмай, қи­сық бітіп кет­кенін сол кезде ғана білдім. Бір­ақ облыстағы дәрігерлер де ештеңе істей алмады. Сол кез­де «өскенде дәрігер боламын. Мұн­дай жағдайға жол бер­мей­мін» деп өз өзіме серт бер­дім»,  дейді бұрынғы балуан, бүгінгі бас хирург.

 Айтқанындай, бұрынғы Марқакөл ауданының Теректі ауылындағы (қазір Марқакөл деп аталады) мектепті бітір­ген­нен кейін, Семейдегі мем­лекеттік медицина уни­вер­си­тетіне оқуға түседі. Оқу о­р­­нын тәмамдағаннан соң Өске­мен­дегі облыстық емхана­да бір жылдық интернатура­дан өте­ді. Аттай 31 жыл бойы об­лыстың бас хирургі бол­ған Борис Рейш, Әскертай Түсел­баев, Райбек Жабықбаев сын­ды білікті дәрігерлерден тә­лім алып, тіпті емханада да қонып қалып, тәжірибелі хирургтерге ғана сеніп тапсырылатын операцияларды жасайтыны да осы кез. «Өйткені, оған сенетінбіз. Дәрігерлер көп қой, бірақ Башабаев сияқты шебер хирургтер саусақпен санарлық. Ол денсаулық сақтау саласының шенеунігі де болып кетер еді. Десек те, ол операция үстелін таңдады», деп лебізін білдіріпті Әскертай Түселбаев өзінің шәкірті туралы. Бұдан кейін Марат Башабаев біраз жыл туған то­пырағы Марқакөлде еңбек етеді. 1984 жылдан 1997 жылға дей­ін осындағы аудандық ауру­ханада хирург, хирургия бө­лімінің меңгерушісі, бас дәрігер қызметтерін абыроймен атқарады. 1997 жылы өзі тәжірибеден өткен облыстық ауруханаға қайта оралады. Содан бері 20 жылға жуық уа­қыт осы жерде табан ау­дармай еңбек етіп келеді. Өзінің айтуынша, бұған дейін 9 мыңға жуық операция жасапты. Тәжірибесін шыңдау үшін шет елдерге де жиі шығып тұрады. Облыстың түкпір-түк­пірін аралап, операция жасайтыны өз алдына бөлек әңгіме. Бүгінде «Маған операцияны Башабаевтың өзі жасасыншы» деп бұл кісіні алыстан ат сабылтып іздеп келетін емделушілер қа­тары аз емес. «Әрине, ешкімнің көңілін қалдырғың келмейді. Бірақ бәріне бірдей операция жасау мүмкін емес қой», дейді ол. «Елдің бәрі Башабаев мықты дейді. Сон­да сіздің ерекшелігіңіз неде?» деп сұрадым. «Мен адам­дарды алаламаймын. Бас­тық бола ма, қатардағы жұмы­с­шы бола ма, маған бәрі бір­дей. Сосын жұмысыма үл­кен жау­апкершілікпен қарай­мын. Шә­кірттеріме де: «опе­ра­ция­ның ұсақ-түйегі болмайды. Сен­дер адам тағдырына жа­-
у­ап­тысыңдар» деп үнемі айтып отырамын», дейді облыстың бас хирургі.
Үнемі ізденіс үстінде жүре­тін дәрігердің адам жанын арашалау жолындағы адал еңбегі елеу­сіз қалған жоқ. «Шығыс Қазақ­­­станның ден­сау­лық сақ­тау саласының үз­дік маманы» ата­ғымен, «ҚР ден­саулық саласы­ның үздігі» төс­белгісімен, «Құрмет» ор­де­німен, «Жыл қыз­мет­кері» ха­лықаралық серти­фикаты­мен марапатталған. Реті келгенде айта кетейік, Марат Башабаевтың отбасында дә­рі­гер мамандығын таң­да­ған жан­дар аз емес. Жұбайы Рау­­шан Әбдікәрімова анестез­иол­ог дәрігер, бір ұлы Бейбіт Англия­ның Кардифф қаласындағы медицина университетінің сту­денті, екінші ұлы Азамат Аста­надағы Назар­баев универ­си­тетінде білім алуда.

Түйін
Емханадан шығып бара жатып, аурухана ауласында тынығып отырған ұлты орыс әйелден: «Сізге Марат Баша­ба­ев операция жасаған жоқ па?» деп сұрадым. «Иә, операцияны өзі жасады. Көңіл күйім керемет. Ол кісі басқаратын бөлім сондай таза, жинақы, қыз­мет­керлері де кішіпейіл. Ол Құдай­дың өзі берген дәрігер. Бө­лімдегі қызметкерлердің ем­делушілерге деген қарым-қатынасы таңғалдырады. Осын­да емделіп жатқаныма 8 ай болды, осы уақыт ішінде мұн­дағы дәрігерлердің бір рет дау­ыс көтеріп, қабақ шытқанын көр­ген жоқпын. Құдды ертегі әле­міне тап болғандаймын», деп ағытыла жөнелді. Пациентті мұн­да учаскелік дәрігері жі­бер­ген екен, «Башабаевқа барып емдел» депті. «Қашан көрсең осында жүреді. Өзі үйі­не бара ма? – дейді жымиып, есімін Наталия Мокина деп таныстырған Өскемен қала­сы­ның тұрғыны. – Бұл жерде жұмыс дұрыс жолға қойылған. Бө­лімдегі дәрігерлердің бәрі мық­­ты. Медбикелері де мейі­рім­ді. 
Иә, расында, жұмсақ креслоны емес, емхана үстелін таңдаған, «қисық» қолымен талай адамды түзеп, жаңа өмір сыйлап жүрген осындай адамдар туралы көбірек айтқанымыз дұрыс. 

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Өскемен