Бейбітшілік және келісім сарайы Мысыр өмірінен алынған опера үшін табиғи пирамида ретінде қолданылды. Сахна пирамиданың дәл алдына орнатылып, алып бағаналар мен тас мүсіндердің декорациясы спектакльдің көркемдігін асырды.
Әйгілі композитор Джузеппе Вердидің «Аида» операсы әлемдік танымалдыққа ие туындылардың бірі. Мысыр мен Эфиопияда өткен тарихи оқиғаларды, яғни соғысты арқау еткен туындының негізгі тақырыбы – махаббат. Эфиопия патшасының Мысырда күңдікте жүрген қызы Аидаға сарай күзетінің басшысы Радамес ғашық болады. Ал Радамеске Перғауынның қызы Амнеристің көзі түседі. Екі ғашықтың бірге болуына кедергі келтіреді. Операда басты рөлдегі осы үштіктен басқа Перғауынның, абыз Рамфистің, Эфиопия патшасы Амонасроның рөлдері бар.
Аиданың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина, Амнеристі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина және Радаместі болгариялық тенор Камен Чанев ойнады. Сондай-ақ, Египет патшасын – Болат Есімханов, Абыз Рамфисті – Арменияның халық әртісі Барсег Туманян, Аиданың әкесі, эфиопиялық патшаны Талғат Мұсабаев сомдады.
– Бұл мерекелік спектакль ЭКСПО-2017 іс-шаралар тізіміне енгізілген. Ашық аспан астындағы опера – біз үшін айтарлықтай жаңа жанр. Біздің негізгі мақсатымыз – жастарды өнерге баулу, асқақ өнерді насихаттау. Сахналық бұйымдар заманымыздың әйгілі сценографы және режиссер Франко Дзеффриреллидің үлгісі бойынша жасалды, дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, операның қоюшы режиссері әрі сценографы – Франко Дзеффирелли (Италия), костюмдер бойынша суретші – Маурицио Милленотти (Италия) және дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»