Бұған дейін омарта ұстап, бал арасын өсіру – еліміздің көптеген өңірлері үшін таңсық болып келді. Сондықтан да аталған аймақтағы тауар өндірушілер оны дәстүрлі емес шаруашылықтың қатарына қосты. Соның бірі – Ақтөбе облысы. Әйтсе де соңғы кезде мұнда ара шаруашылығын дамытуға жан-жақты көңіл бөліне бастады. Осыған орай облыста тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған іс өз бастауын өткен жылдан алады. Осы кезде 11 жеке кәсіпкер өздері беттесіп көрмеген омарта ұстау кәсібіне бет бұрып, бал өндіруге бел шеше кірісіп кеткен екен. Ал биылғы көрініс өткен жылмен салыстыра қарағанда көп ілгері деуге болады. Яғни, арада бір жыл өткенде «Ақтөбе омарташылары» атты кооператив құрылып, бұл құрылым 34 кәсіпкер-ара өсірушінің бастарын біріктірді.
Алайда, мұның өзін де алдағы атқарылатын үлкен істердің алғашқы қарлығашы деп санағанымыз жөн секілді. Осы көзқарас тұрғысынан қарастырғанда өңірде ара шаруашылығын одан әрі өркендетудің басты тұтқалары мен тетіктері қандай болмақ? Бұл әрине, омарташылардың шикізат шылауында қалып қоймай, бал өндіруден оны өңдеу сатысына өтулерін, сөйтіп әзір тауарлы өнім шығару деңгейіне дейін жетулерін қажет етеді. Өңірде бүгінгі күні мұндай жетістікке қол жеткізген агроқұрылымдар да бар. Осы орайда «Таңшолпан» шаруа қожалығы көш бастап келеді. Тіпті осы фирманың құрамындағы мамандар балды өңдеуге арналған цехты да құрастырып шығарыпты. Таңшолпандықтар әзірлеген өнімдерін жаңа дизайнмен сауда орындарына жөнелту жолдарын да ойластырып, оны қораптар мен банкілерге салынған күйінде тұтынушыларға ұсынуды жоспарлап отыр екен.
Ендеше осынау жергілікті өнімнің танымалдығын, бәсі мен мәртебесін көтеру және артықшылығын жеткізу мәселелері де қоса ойластырылғаны артықтық етпейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың мәлімдеуінше, бұған байланысты жәйттер қазірдің өзінде шешімін таба бастапты. Ойды ой қозғайды. Алғашқы пікірді екінші бір пікір одан әрі жалғайды. Әдетте селекциялық асылдандыру жұмыстары деген тіркес көп жағдайларда мал шаруашылығына қатысты айтылатыны белгілі. Бұл тар түсінік болып шықты. Сондай-ақ, мұндай істер ара шаруашылығын биік сапалық деңгейге жеткізуге де аса қажет екен. Жергілікті ведомство жетекшісі бұл тұрғыда Үкімет жеті миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетуді белгілегенін қанағат көңіл күймен жеткізді.
Осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында ұққанымыз елімізде ара шаруашылығын одан әрі дамыту тұрғысында тұтастай алғанда әлі де шешімін таппаған мәселелердің жеткілікті екендігі. Бұл бағыттағы басты проблемалардың бірі кәсіби әрі білікті кадрлар мен мамандардың жетіспейтіні болып отыр. Аталған түйткілді мәселеге таяу арада жоғары өкілетті органдар тарапынан тиісті көңіл аударылмаса, еліміздегі ара шаруашылығы тоқырауға ұшырауы әбден мүмкін деп қауіп етеді дәстүрлі емес сала жанашырлары.
Бүгінгі күні ғылыми ізденістерді қажет етпейтін өндіріс саласын табу қиын-ақ. Ара шаруашылығы да оған зәру екеніне көз жеткіздік. Аталған іс алға жылжуы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті ұсыныстар білдірсе, олқылығымыздың орны толар еді дейді ақтөбелік омарташылар. Сондай-ақ, олар бал өндіру мен өңдеу саласын жетік меңгерген бесаспап, кәсіби мамандардың қатысуымен тәжірибелік семинарлар өткізу қажеттілігін де алға тартты.
Ойымызды түйіндей келе, облыста алдағы жылдарға арналған ара шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі бағдарлама жобасын қабылдау қажеттілігі туындап отырғанын айтқымыз келеді. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы кезінде мұндай ұсынысты мәслихат депутаттарының назарына ұсынды.
Қажетті де пайдалы ұсыныс олардың тарапынан аяқсыз қала қоймас деген ойдамыз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
Суретте: ара шаруашылығынан көрініс