Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентіне «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Жолдауын ұсынады.
I.
Бұдан бұрынғы Жолдау жарияланғаннан кейін өткен жыл ішінде Қазақстан мемлекеттілігі мен оның конституциялық эволюциясы үшін айтулы оқиғалар болды: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекеленді және «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы № 51-VI Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – 2017 жылғы 10 наурыздағы Заң) қабылдау арқылы іске асырылған конституциялық реформа өткізілді.
Қазақстан Республикасы – заманауи конституционализмді сәттілікпен орнықтырудың үлгісі болып табылады. Негізгі Заңның мазмұны әрбір адамның, қоғам мен мемлекеттің өмір сүруінің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы мұң-мұқтажына, еліміздің алға ұстаған басты бағытына сәйкес келеді.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі миссиясы, сондай-ақ Астанада өтіп жатқан, жаһандық экономиканың дамуына деген қазіргі көзқарастарды білдіретін және азаматтардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыруға қызмет ететін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме соның кезекті куәсі болып табылады.
Конституцияның әлеуетін заңнамалық және өзгелей жолмен жүзеге асыру, сондай-ақ Негізгі Заңның мәтініне өзгерістер мен толықтыруларды уақтылы енгізу арқылы конституционализм тұғырының мызғымастығы қамтамасыз етіледі және оның жаңа жетістіктері іске асырылады, Конституцияның тұрақтылығы мен серпінділігі тиімді түрде үйлеседі, қоғамдық дамудың талаптарын бойына қабылдайды. Бұл конституциялық саясат Конституцияның кепілі, Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жүйелі түрде, терең ғылыми негізделіп, алдыңғы қатарлы шетелді тәжірибені мейлінше ұқыптылықпен пайдалана отырып және Қазақстан қоғамының барлық сегменттерін конституциялық үдеріске қатыстыра отырып жүргізілуде.
Республикалық референдумда қабылданған 1995 жылғы Конституцияның ережелері мен нормаларын, сондай-ақ 1998 жылғы 7 қазандағы, 2007 жылғы 21 мамырдағы және 2011 жылғы 2 ақпандағы заңдармен енгізілген конституциялық новеллаларды іске асыру қоғам мен мемлекеттің келбетін айтарлықтай өзгертті, кезектілікпен жүргізіліп отырған конституциялық құрылыстың дұрыстығын растады.
Мәселен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 1998 жылғы 7 қазандағы № 284-I Қазақстан Республикасының Заңымен Конституцияның 19 бабына (33, 41, 42, 44, 48, 49-51, 52, 56, 57, 66, 68, 75, 82, 87, 91, 94, 95-баптар) түзетулер енгізілген болатын.
Мемлекеттік биліктің біртұтастығы және бөлінуі принципін жетілдірумен қатар, қолданыстағы Конституцияның негізінде құрылған жаңа мемлекеттік аппарат қызмет істей бастауының алғашқы жылдардағы қорытындысы бойынша, қазіргі заманғы демократиялық институттар жоғары деңгейде бекітіліп, кейінгі жылдары одан әрі дамытылды.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІI Қазақстан Республикасының Заңымен 40 бапқа (2, 5, 9, 15, 16, 34, 41-44, 46, 47, 50-59, 61-64, 67, 68, 70-72, 74, 75, 81, 82, 84, 86, 87, 89, 91-баптар) түзетулер енгізілді. Негізгі Заң сондай-ақ 94-1-баппен толықтырылды.
2007 жылғы конституциялық реформа негізгі қоғамдық-саяси институттарды және олардың келешектегі қызметін түсінудегі жаңартылған көзқарастарға бастау болды. Конституцияға енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар өзара байланыса келе мемлекеттік биліктің мақсатын, мемлекет функцияларының мазмұнын жаңаша айқындауға, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және азаматтардың өзара қарым-қатынастарының принциптерін тұжырымдауға, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызды міндеттерді шешуге кеңінен тартуға, өзгеріп отыратын қоғамдық қатынастармен барабар заңдық нормалар белгілеуге мүмкіндік берді.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» 2011 жылғы 2 ақпандағы № 403-IV Қазақстан Республикасының Заңымен 41-бап Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауын тағайындаған 3-1-тармақпен толықтырылды.
Конституциялық Кеңес бірнеше мәрте атап өткендей, жоғары билік тарапынан айқындалып, дәл өлшенген конституциялық-құқықтық саясат пен құндылықтарға бағытталған конституциялық-құқықтық практика өзара бірін-бірі толықтыра түседі, Негізгі Заңды тиімділікпен жүзеге асыруға септігін тигізеді, оның ережелері мен нормаларын орындаудың және қолданудың сапасын, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтық ой-санасының деңгейін арттыруға жұмыс істейді.
2007-2016 жылдары қоғам мен мемлекетте тиісті шаралар кешенін жүзеге асыру нәтижесінде, Президент, Парламент және Үкімет арасында өкілеттіктерді соңыра 2017 жылы қайта бөлуге, сондай-ақ конституциялық бақылау механизмін, соттар мен прокуратураның, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың ұйымдастырылуын жетілдіруге алғышарттар жасалды.
2017 жылғы конституциялық реформа «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қазақстанның неғұрлым дамыған отыз елдің қатарына кіруі тұрғысында қоғам мен мемлекетті кезектілікпен жан-жақты жаңғырту жолындағы жаңа заңды кезең болды. Ол Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Бес институционалдық реформасы орындалғанын көрсетеді және Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңі аясында сапалы өсуі және жаһандық бәсекеге қабілеттілік жағдайында еліміздің берік позициялары қамтамасыз етілуі үшін саяси-құқықтық алғышарттар жасайды.
2017 жылғы 10 наурыздағы Заңмен Конституцияның 25 бабына (2, 4, 10, 39, 41, 44, 45, 49, 53, 55, 57, 61, 64, 66, 67, 70, 72-74, 79, 81, 83, 86, 87, 91-баптар) түзетулер енгізілді.
Новеллалардың бірқатары Конституцияның қолданылатын құқық жүйесіндегі үстемдігін және еліміздің бүкіл аумағында оның сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуге, мемлекетті басқаруды жетілдіруге, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, азаматтардың конституциялық міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңмен Мемлекет басшысының конституциялық мәртебесін нақтылау, Парламент пен Үкіметтің рөлін, дербестігін және жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік биліктің біртұтастығы және бөлінуі принципін ескере отырып, билік өкілеттіктерін Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің арасында қайта бөлу арқылы президенттік басқару нысанын демократиялық жаңғырту жүзеге асырылды. Сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздерін нақтылау қарастырылған.
Конституцияның қолданылу тиімділігін арттыру мақсатында 2017 жылғы 10 наурыздағы Заңмен конституциялық бақылау институты күшейтілді және Конституциялық Кеңестің жауапкершілігі артты.
Айрықша қорғалатын конституциялық құндылықтар тізбесі кеңейтілді: «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» (Конституцияның 91-бабының 2-тармағы).
Заңмен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Республиканың конституциялық құндылықтарын және қызметінің түбегейлі принциптерін жаңа мазмұнмен толықтыра түседі. Қазақстан Республикасы Президентінің – Елбасының бастамасымен өткізілген конституциялық реформа еліміздің тарихи эволюциясының логикасына сай келеді және президенттік басқару нысаны өзгермей, оның одан әрі демократиялық дамуын қамтамасыз етеді.
Осы Заңға жасалған жүйелі талдау көрсеткендей, өз жиынтығында түзетулер Конституцияның өзгертілген нормаларының мазмұнын айқындап қана қоймай, өзгерістерге ұшырамаған ережелері мен нормаларының құқықтық мағынасын да кей кездері жаңартып отырады. Бұл жағдай конституциялық қайта өзгертулердің жалпы заңдылықтары мен трендтерін және кейіннен ресми түсіндірудің бағыт-бағдарын бөліп көрсетуге негіз болады (Конституциялық Кеңестің 2017 жылғы 17 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы).
Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған мәтіні еліміздің тұрақты дамуының басымдықтарына, Қазақстан Республикасы азаматтарының пікірін кеңінен ескере отырып және Негізгі Заңның кіріспесінде, 1-бабының 2-тармағында және 91-бабының 2-тармағында баянды етілген конституциялық құндылықтарды сөзсіз сақтай отырып қоғам мен мемлекетті тереңінен қайта өзгертуге сәйкес келеді деп есептейді.
Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венеция комиссиясы) өзінің 110-жалпы сессиясында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы бойынша оң қорытынды берді. Венеция комиссиясының пікірінше, «Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мемлекетті демократияландыру процесіндегі алға басылған қадам болып табылады. Реформа елдің одан әрі дамуына дұрыс бағыт береді және айқын прогрестің куәсі болып табылады. Тұтас алғанда Парламенттің және атап айтқанда оның палаталарының рөлін жоғарылату, Президенттің кейбір функцияларын Үкіметке беру, оның Парламентке есеп беруі және бақылауында болуы механизмдерін күшейту – 1998 және 2007 жылдары өткізілген бұдан бұрынғы конституциялық реформалардың логикасына сәйкес келетін оң өзгеріс болып табылады».
Конституциялық Кеңес, Елбасының үстіміздегі жылғы 12 сәуірде халыққа арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында баянды етілген іргелі идеяларды толығымен қолдай отырып, Негізгі Заңда баянды етілген аса маңызды конституциялық құндылықтар өз мәнінде ұлттық мүдделер мен конституциялық патриотизмнің жиынтығын құрайды деп есептейді. Республика Президенті мемлекеттік институттардың қызметін бағалау кезінде оның өзектілігін өзінің құқықтық шешімдерінде, көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде бірнеше мәрте атап өткен болатын.
ІІ.
2017 жылғы 10 наурыздағы Заңның новеллаларын тиісінше іске асыру мақсатында Мемлекет басшысы конституциялық түзетулерді жүзеге асыру және еліміздің қолданыстағы құқығының бүкіл ауқымын жаңартылған Конституцияға сәйкестендіру жөнінде міндет қойды. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар кешені туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 наурыздағы № 437 Жарлығында уәкілетті мемлекеттік органдарға заңнамалық, ұйымдастырушылық және өзге де шараларды қабылдау тапсырылды.
Аталған Жарлықты орындау мақсатында Конституциялық Кеңес «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес 2017 жылғы 17 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулымен Негізгі Заңның бұдан бұрын қолданылып келген нормаларына негізделген өзінің бірқатар қорытынды шешімдерін қайта қарады.
Жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша Конституциялық Кеңес қайта қаралған барлық қаулының ішінде 6 нормативтік қаулының күшін толығымен, 21 қаулының күшін ішінара жойды.
Бұл ретте Негізгі Заңның өзгертілген және толықтырылған нормаларына сәйкес келмейтін нормативтік қаулылардың күші толығымен, ал Конституциялық новеллаларға сәйкес келмейтін жекелеген ережелерін алып тастағанда, Конституция нормаларын түсіндірудің ішкі қисыны мен өзара байланысы, мазмұны мен мағынасы жоғалмайтын нормативтік қаулыларының күші ішінара жойылды.
Шығарылған шешімді орындаудың тәртібін айқындай отырып, Конституциялық Кеңес нормативтік қаулыларды қайта қарау осы аталған нормативтік қаулыларымен байланысты Қазақстан заңдарының, сондай-ақ өзге де құқықтық актілерінің заңдық күші жойылғанын немесе бұдан бұрын конституциялық емес деп танылған актілерге заңдық күш қайтарылғанын білдірмейді. Қажет кезде аталған заңдар және тиісті құқықтық актілер бекітілген тәртіппен қабылдануы, күші жойылуы, өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін, деп атап көрсетті.
Конституциялық Кеңестің шешімі осы аталған және өзге де конституциялық ережелердің мазмұны мен сипатын қайта ұғыну үшін кең өріс ашады, қажет кезде оларды конституциялық реформаның нәтижелерін ескере отырып жаңадан түсіндіруге болады.
Парламент Мемлекет басшысы бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Бұл конституциялық заңмен «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы», Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы», Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде.
Конституциялық Кеңес, жаңа жағдайдағы заң шығару қызметі, бұрынғыша, заңдылықтан, құқықтық айқындылықтан, озбырлықты болдырмаудан, сот төрелігіне қол жеткізуден, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтаудан, кемсітпеуден, әділдіктен және заң алдында жұрттың бәрінің теңдігінен құралатын құқық үстемдігіне негізделуге тиіс, деп есептейді.
Айрықша қорғалатын конституциялық құндылықтар тізбесінің кеңейтілуі, атап айтқанда оның мемлекет тәуелсіздігімен, тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерімен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесімен толықтырылуы, заңнамалық және институционалдық деңгейлерде барабар кепілдіктер алуға тиіс.
ІІІ.
Заң шығарушының және құқық қолданушылардың өз қызметінде Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларында тұжырымдалған құқықтық позицияларын, сондай-ақ оның жолдауларындағы ұсыныстарын дәйектілікпен ескеруі ағымдағы конституциялық процестің оң үрдісі болып табылады.
Конституциялық Кеңестің пікірінше, конституциялық заңдылық режимін одан әрі нығайтуға мынадай ұсыныстардың іске асырылуы оң ықпал еткен болар еді:
1. Саяси-құқықтық реформаның маңызды әдістемелік алғышарттарының бірі ретінде азаматтардың конституциялық патриотизмі, конституциялық тұрғыдан ойлауы және мәдениеті, өмірге конституциялық-құқықтық көзқарасы мәселелерін ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың зерттегені жөн. Мұндай зерттеулердің нәтижелері уәкілетті органдардың Негізгі Заңды баршаның ыждағаттылықпен орындауын ынталандыру, сондай-ақ – құқыққа теріс әрекеттерге кім де болсын жол беретін жағдайларды мейлінше жою жөніндегі нақты шешімдері мен іс-әрекеттерінде жүйеге келтірілуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасында конституциялық заңдылықты одан әрі нығайту, ғылыми тұрғыдан айқындалған индикаторлар негізінде қолданыстағы құқық пен құқық қолдану практикасының конституциялық құндылықтары жүзеге асырылуын талдаудан тұратын кең ауқымды конституциялық мониторингтің тиімді жүйесін қалыптастыру және енгізу арқылы іске асырылуы мүмкін. Осыған байланысты, заңнаманың және құқық қолдану практикасының тиімділігін бағалауға негіз болатын осы индикаторлардың тізбесін әзірлеу мәселесі өзекті болып табылады.
3. Конституциялық Кеңес өзінің қорытынды шешімдерін уақтылы және толық орындау қажет екеніне уәкілетті органдардың назарын аударады. Конституциялық Кеңес анықтаған, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын жекелеген институттарды құқықтық реттеудегі кемшіліктерді жоюдағы сылбырлық қолданыстағы құқықта ақтаңдақтар, қайшылықтар мен екіұштылықтар сақталуына әкеп соғады.
Мәселен, «Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының ұсынысы бойынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларының 7-тармағы 3) тармақшасының конституциялығын тексеру туралы» Конституциялық Кеңестің 2016 жылғы 14 желтоқсандағы № 1 Нормативтік қаулысында Үкіметке аталған Қағидаларды Конституцияға сәйкестендіру, сондай-ақ халықтың көші-қоны туралы заңнамалық актілерге түзетулер енгізілуіне бастама жасау туралы мәселені қарау ұсынылды. Конституциялық Кеңестің бұл шешімі әлі іске асырылған жоқ.
Сондай-ақ, «жеке өміріне қол сұқпаушылық» ұғымын заңнамалық жолмен ашып көрсету қажет, бұған құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар бірнеше рет назар аударған болатын (Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 12 маусымдағы № 09-3/1 Жолдауы.
Осы Жолдауда айтылған ұсыныстарды іске асыру, Конституциялық Кеңестің пікірінше, конституционализмді одан әрі тереңдетуге және нығайтуға септігін тигізеді, үшінші жаңғыру жағдайында Мемлекет басшысы бағытын айқындаған саяси реформаны және Конституцияны жүзеге асырудың тиімділігін арттыру үшін құрал болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы
И.И.РОГОВ