22 Қаңтар, 2010

ЖҰМЫСТАР СТРАТЕГИЯҒА СӘЙКЕС ЖҮРУДЕ

1214 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда министрліктің 2009 жылдың жұмыс қорытындысы және 2010 жылы алға қойылып отырған міндеттер қаралды. Алдымен аталмыш министрлік басшысы Нұрғали Әшімов өткен жыл қорытындысы бойынша ат­қарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Министр­лік қызметінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес қоршаған орта сапасын тұ­рақтандыру және жақсарту, еліміз­дің орнықты дамуға көшу тетік­те­рін құру, сондай-ақ гидроме­те­о­ро­логиялық және экологиялық мо­ниторингті жаңғырту және жүргізу бағытында жүргізіліп жатқандығы­нан хабардар етті. Министрлік өткен жылы Эко­ло­гиялық кодекске бірқатар өзге­рістер мен толықтырулар енгізу мақсатында бірнеше заң жобала­рын әзірлеп, Парламенттің қа­рауын­да мақұлдатқан болатын. Нұрғали Әшімовтің айтуынша, қабылданған жаңа заңдар рұқсат берудегі талаптар мен өндірістік экологиялық бақылауды қатайтуға және соттық тәжірибені кеңейтуге мүмкіндік туғызып отыр екен. 2009 жылдың көрсеткіштеріне көз жіберсек, ол жиналған эколо­гия­лық төлемдер мен айыппұлдар со­масы 97 млрд. теңгеге артқан­ды­ғын көрсетеді. Бұл бақылаудың қатаңдатылғандығынан хабардар етеді. Бір ғана мысал, 1077 кәсіп­орынның 223-іне қоршаған ор­та­ны эмиссиялауға рұқсат берілме­ген. Мұндай қатаң шаралар қол­да­ну стратегиялық жоспардағы көр­сеткіштердің біртіндеп орын­да­лып келе жатқандығын, атап айт­сақ, атмосфераға шығарындылар 3,3 млн.-нан 3,1 млн.-ға, ластанған су төгінділері 2,9 млн.-нан 2,85 млн.-ға төмендегенін көрсетеді. Яғни, Елбасының ластаушы зат­тар­дың эмиссиясын төмендету туралы тапсырмалары экономи­калық өсімге тәуелсіз орындалуда. Еліміз өткен жылы климаттың өзгеруі туралы Киото хаттамасы­ның қолдаушысы болды. Осы орайда Мемлекет басшысы ми­нис­тр­лікке парникті газдар сау­да­сы­ның тетіктерін пысықтауды тап­сырған болатын. Қазақстан Ко­пенгаген шешіміне сәйкес пар­ник­­ті газдарды төмендету бойын­ша ерікті міндеттемелерді қабыл­дады. Онда парниктік газдардың көлемін тексеру үшін Қазақстанға сарапшылар жіберу жөніндегі шешім қабылданды. 2009 жылы Киото хаттамасы тетіктері аясында 20 жоба әзірленген. Ол энергетика бойынша жүзеге асырылмақ. Қор­шаған ортаны қорғау министрлігі  2010 жылғы ЭСКАТО елдері және 2011 жылы өтетін Еуропа елдері қор­шаған ортаны қорғау минис­тр­ле­рінің конференцияларына дай­ын­дық барысы аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Бір айта кетер жәйт, Қазақстанның белсенділігі ұлттық экологиялық мәселелерді шешу үшін көптеген халықаралық жобаларды елімізге тартуға мүм­кіндік бермек. Өткен бес жыл ішінде 35 мың га қараусыз қалған жер қалпына кел­тірілсе, 105 мың га тозған жайылымдық жер қалпына келтірілген. Нәтижесінде мал басының артуы байқалған. Бүгінде министрлік алдына қойылып отырған міндеттер сан-алуан. Соның бірі транс­ше­ка­ра­лық өзендерді пайдалану және қор­ғау мәселесі өте өзекті болып отыр. Көршілес Қытай елімен бұл мәселе жөнінде қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын бір­ле­сіп пайдалану саласындағы ке­лі­сімдер бойынша күрделі келіс­сөз­дер жүргізілуде. Байқоңыр ғарыш айлағы мәселесі бойынша Ресей тарапымен келіссөздер нә­тижесінде “Байқоңыр” кешені аумағында еліміз заңнамасының талаптарын сақтауды көздейтін жаңа хаттаманың ережесі келісілді. Сондай-ақ, залалды өтеу және эко­логиялық құқық бұзушы­лық­тар­ға жауапкершілік мәселелері айтылды. Енді алдағы уақытта қалдықтар мен ластануларды жою бойынша іс-шаралар бірігіп өт­кізілетін болады. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов 2010 жылдың басты міндеттеріне көше отырып елімізде тұтыну және өн­ді­ріс қалдықтарының жағдайы әлі күнге дейін күрделі екендігінен ха­бар­дар етті. Оның айтуынша, елі­міз­де 22 млрд. тонна қалдық жи­нақталған көрінеді. Оның ішінде 16 млрд.-тан астамы техногендік минералды түзілімдер, 6 млрд.-қа жуығы қауіпті және 96 млн. тонна тұрмыстық қатты қалдықтар. Жыл сайын 700 млн. тоннаға жуық өндірістік қалдықтар түзілсе, оның 250 млн. тоннасы  улы қалдықтар қатарына жатады. Тұрмыстық қат­ты қалдықтардың негізгі бөлігі ком­поненттерге бөлінбестен тасы­малданып, ашық қоқыстарда қой­ма­ланады екен. Оның 97 пайызы экологиялық және санитарлық заңнама талаптарына сәйкес кел­мей­ді. Тұрмыстық қатты қалдық­тар­дың 5 пайызы ғана кәдеге жа­ратылады немесе өртеледі. Бұл мәселе бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, қалдықтар мә­селесін қарайтын заңнамаға өз­ге­рістер енгізу туралы жоба әзір­леніпті. Елбасының Шетел инвестор­ла­ры кеңесінің 18-отырысында  берген өндіріс және тұтыну қал­дық­тарын басқарудың ұлттық ор­талығын құру туралы тапсырма­сы­на орай “2010-2014 жылдарға ар­нал­ған жасыл даму” мемлекеттік бағ­дарламасының жобасы әзірлен­ді. Бағдарламаның мақсаты қор­шаған орта сапасын жақсарту және қоғамның экологиялық ор­нық­ты дамуының қолайлы дең­гейін қамтамасыз ету болып та­былады. Жобаға жүзеге асу үстін­дегі және әзірлену деңгейіндегі бағ­дарламалар енген. Бағдарлама­ны іске асырудың негізгі тетікте­рі­нің бірі – “Жасыл даму” өндіріс және тұтыну қалдықтарын бас­қа­ру­дың ұлттық орталығын құру. Ор­талықтың негізгі мақсаты – та­биғатты қорғау іс-шараларын іске асыру, қоршаған ортаны қорғау саласында кәсіпкерлік орнын да­мыту, экологиялық инновацияны ендіру, технологиялық кешендер және экологиялық жабдықтар шығаратын зауыттар құру болмақ. Жоба 2020 жылға дейінгі страте­гия­лық жоспарды іске асыру шең­берінде ұсынылатын мемлекеттік бағдарламалар тізімінің жобасына енгізілді. Алайда жұмысты атқару ба­рысында өзге министрліктер мен ведомстволар тарапынан туындаған қиындықтарға бай­ла­ныс­ты Нұр­ғали Әшімов Үкімет басшы­сынан қолдау көрсетуін сұрады.  Мемле­кеттік экология­лық са­раптама, гидрометеоро­ло­гия­лық және эко­логиялық мони­торингті жаңғырту және жүргізу, сондай-ақ трансше­каралық өзен­дер суының сапасы мен олардың ластануы мәселесі, су бөлу проб­ле­малары да назардан тыс қал­мады. Кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министр Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің атқарған жұмысына жоғары баға бере отырып, биылғы жылға бір­қатар міндеттер мен тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Қазақ­стан­ның жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарла­ма­сына кіретін экология­лық жо­ба­лар­ды мұқият бақылауды тап­сырды. Венера ТҮГЕЛБАЙ. ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДА ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ БОЛМАУЫ ТИІС Премьер-Министр Жер ресурстарын басқару агенттігіне осындай міндет жүктеді Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Жер ресурстарын басқару агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда агенттік төрағасы Өмірзақ Өзібеков осы ведомствоның 2009 жылғы атқарған жұмысы мен алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады. Агенттік басшысының айтуы бойынша, бұл ұйым есепті жыл ел басшылығы мен Үкіметтің берген тапсырмаларын толық орындап шыққан. Соның ішінде көрші елдермен аралардағы шекараларды ресімдеуге қатысты арнаулы жұ­мыс­тар жүзеге асырылған. Жерге кадастр мен мониторинг жүргізу­дің, картографиялық құжаттар әзірлеудің жұмыстары атқарылды. Елбасы ауыл шаруашылығына қатысты екі міндетті атап көрсет­кен болатын. Олар – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету және ауыл шаруашы­лы­ғы­ның экспорттық әлеуеті мен бә­секелестік қабілетін арттыру. Бұл міндеттердің орындалуында елі­міздің жер ресурстарын іске қо­су­дың, жерді орынды пайдаланудың маңызы зор. Біз осы бағытта бір­қа­тар жұмыстарды жүзеге асыр­дық, дей келе есептік кезеңде жеке және заңды тұлғаларға берілген ауылшаруашылық жерлерін ре­сімдеу мен құжаттандыру, кадастр жүргізуде автоматтандырылған жүйе­ні одан әрі дамыту жұмыс­та­ры жүргізілгендігін айтып өтті. 2009 жылы 425 мың жер телімі автоматтандырылған базаға тірке­ліпті. 112 мың мемлекеттік жер кадастрының мәліметтері берілген. 2009 жылдың 1 желтоқса­нын­да­ғы мәлімет бойынша елімізде 3,9 миллион жер-кадастрлық істер тіркелген. 290,1 мың өтініш бой­ынша жеке және заңды тұлғаларға сату үшін жер телімдерінің дербес құжаттары дайындалған. Сонымен қатар, топырақ құ­нар­лылығын зерттеу бағытында да жұмыстар жүргізілген. 2009 жыл­дың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша жиыны 179,6 миллион гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бұл барлық ауыл­ша­руашылық жерінің 80,8 пайызын құрайды. Өмірзақ Өзібековтің айтуы бойынша, қазіргі уақытта ауыл ша­руа­шылығының нақты пайда­ла­нуында 91,7 миллион гектар жер бар. Соңғы жылдары бос жатқан жерлерді игеріп, айналымға қосу нәтижесінде аталған көрсеткіш бір­те-бірте ұлғайып келеді. Өткен жылдың өзінде айналымға тағы да 3 миллион гектардай ауылшаруа­шы­лық жері қосылып отыр. Шаруа қожалықтарына жер телімдерінің төлқұжаттарын әзір­леу жұмысы одан әрі жалғасты. Есептік кезең ішінде жиыны 4,7 мил­лион гектар жерді қамтитын 21,7 мың жер телімінің құжаттары әзірленді. Сөйтіп, қазіргі күні ша­руа қожалықтарының 71,4 пайызы жер телімдерінің төлқұжатына ие болды. Агенттікке жүктелген маңызды міндеттердің бірі жер саласындағы заңдылықтың дұрыс орындалуын қадағалап отыру. Осы бойынша агенттік жылма-жыл жерді қорғау мен пайдалану жөнінде мемле­кет­тік бақылауды қамтамасыз ете оты­рып, тиісті тексерулер жүргізіп отырады. Соңғы кезде тексеру жұмыстарының белсенді сипат алуына байланысты жер саласын­дағы заң бұзушылықтарды ашуда көптеген жұмыстар тындырылды. Мәселен, агенттік мәліметі бой­ын­ша 2006 жылы 2424 заң бұзу­шы­лық ашылса, 2007 жылы – 3438, ал өткен жылы 7998 заң бұзу фак­тілері тіркелді. Соған сәйкес тиісті шаралар белгіленді. 2009 жыл­дың өзінде ғана 11392 су­бъек­тіде заңдардың сақталуы тексе­ріл­ді. Осы бойынша анықталған заң бұзу фактілеріне сәйкес 301,2 миллион теңгенің айыппұлы са­лын­ды, 302 ескерту жасалынды. Өмірзақ Өзібеков өз сөзінде суармалы жерлерді пайдалану проб­лемаларына тоқталды. Оның айтуынша, елімізде 2,1 миллион гектар суармалы жер болса, оның 70 пайыздан астамы еліміздің оң­түстік-шығысында, атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қа­зақстан, Павлодар облыстарында шоғырланған. Өкінішке қарай, қа­зіргі күні осы суармалы жерлердің 30 пайызы пайдаланылмай отыр. Облыс басшылары тарапынан осы санаттағы жерлерді түгендеу, пай­далану жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру жағы жеткіліксіз. Ал суармалы жердің беретін пайдасы тәлімі жерлерге қарағанда әлде­қайда артық екендігі белгілі. Мұнан кейін сөз кезегі Шығыс Қазақстан, Павлодар облыста­рын­дағы агентікке қарасты өңіраралық жер инспекциясының бастығы Владимир Соловьевке берілді. Ол жүзеге асырылған жерді қорғау, ка­дастрлық, мониторингтік, төлқұ­жат­тандыру бағытында жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Парламент депутаттары Рауан Шаекин мен Иван Чиркалин қазіргі қолданыстағы жер заңды­лық­тарына қатысты мәселе көте­ріп, оның кейбір тұстарын реттеу қажеттігін айтты. Мәселен, Рауан Шаекиннің айтуынша, заңға соң­ғы жылдары енгізілген өзге­рістерге сәйкес қазір ауыл шаруашы­лы­ғын­дағы жер телімдері де аук­циондық негізде сатылатын болып жүр. Алайда, алыстағы аудандарда жер сатып алуға деген ықыластың аздығынан мұндай аукциондарды заңды түрде жүргізудің мүмкіндігі жоқтың қасы. Аукционға көбінесе бір ғана тұлға, атап айтқанда, жер телімін пайдаланып отырған ша­руа­шылық иесі ғана келетін бол­ғандықтан жер бағасын белгілеуде бәсекелес адамның болмауынан аукцион көбінесе өтпеді деп та­бы­лады. Осыдан жерді сатып алмақ болған көптеген жер пайдаланушы зардап шегуде. Депутат осыған орай заңға өзгеріс енгізудің жол­дарын қарастыру қажеттігін айтты. Алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз сөйледі. Үкімет басшысы өз сөзін қазіргі уақытта Қытайға жер саты­лады деген негізсіз әңгіменің өр­шуіне орай қоғамда алып-қашпа сөздер тарап отырғандығын еске ала келе, Қазақстан жері Қазақ­стан Республикасының азаматта­ры­нан басқа ешбір адамдарға, ешбір шетелдікке сатылмайтын­ды­ғын қадап тұрып айтты. “Мен Қытайға жер беріледі деген сөздің тек әншейін даурықпа екендігін тағы бір еске саламын. Осыны Жер ресурстарын басқару агент­тігі, Ауыл шаруашылығы министр­лігі, облыс әкімдері халыққа айтып түсіндірулері тиіс”, деді Премьер-Министр. Сонымен қатар, Премьер-Ми­нистр еліміздің жер қатынастары саласында қордаланып қалған ешқандай да бір мәселелердің бол­мауы қажеттігін, оларды реттеу мен заңнамаларда мәселенің ба­рынша айқын қойылуы қажеттігін айтты, соңғы екі-үш жылда әлемде қалыптасқан дағдарысқа байла­ныс­ты жер саласындағы алып­са­тар­лық құбылыстың тыйылған­ды­ғын, бірақ жағдай жақсара келе, осы құбылыстың бас көтере­тін­дігін атап көрсетті. Жер ресурс­тарын басқару агенттігі осындай келеңсіздіктің орын алмауына ал­дын ала дайындалып, барлық мәселені күні бұрын реттеуі керек. Сонымен қатар, ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін инвентари­за­циялауды аяқтауы тиіс. Премьер-Министр есеп беруші ұйым ал­ды­на осындай айқын міндеттер жүктеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. МАҢЫЗДЫ МІНДЕТКЕ – МАҢЫЗДЫ НАЗАР Кеше Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттікте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда екі мәселе қаралды. Оның біріншісі, өткен жылғы жұмыс қорытындыларын пысықтау болса, екіншісі алдағы кезеңде жоспарланған іс-шараларды талқылау мәселесіне арналды. Мәжілісте осы мәселелер бой­ынша баяндама жасаған агенттік төрағасы Мәжит Есенбаевтың айтуынша, өткен жылы Үкіметтің дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларының арқасында және монополияға қарсы заңдылықтың аясында шағын және орта биз­нес­ке қолбайлау болатын әкімшілік ке­дергілерді жою, қаржы сала­сын­да инфляцияны ауыздықтау, эко­но­миканы одан әрі дамытуға ке­дергі келтіретін шаралардың ал­дын алу жөнінде көптеген жұ­мыстар атқарылды. Мұнда ведом­ство басшысы осылардың тиісті деңгейде атқарылуына ең бастысы “Бәсекелестікті қорғау туралы” Заңның дер кезінде қабылданғаны себеп болғанын, соның арқасында сауда саласындағы бәсекелестік әділ түрде жүргізіле бастағанын атап өтті. Осы орайда ол өткен жылы бірқатар тексерулердің жүргі­зіл­генін, соның ішінде мұнай өнім­дерін сату бойынша 34 су­б­ъек­тіге қарсы қозғалған істердің сот және құқық қорғау орган­дары­на берілгенін айтты. Оның ай­туынша, заң талаптарын орында­ма­ған осы субъектілерге 1,88 млрд. теңге көлемінде айыппұл салынды. Өткен жылы елімізде тұрғын үй құрылысы саласына қажетті мате­риалдардың біршама қымбат­та­ға­ны, оның себебі зауыттардың өз­ара жасырын келісіп, цементтің бағасын күрт өсіргенімен бай­ла­нысты болғаны белгілі. Мәжілісте осы мәселе бойынша М.Есенбаев былтыр жыл бойы зауыттар тек­серіліп, соның қорытындысы бой­ынша оларға 1,64 млрд. теңге кө­ле­мінде әкімшілік айыппұлдар салынғанын атап өтті. Сонымен бірге, оның сөзінен белгілі бол­ған­дай, өткен жылы азық-түлік ры­ногына да тексерулер жүргізіліп, 14 ірі супермаркетке заң талап­та­рын орындамағаны әрі әділ бәсе­ке­лестікке жағдай туғызбағаны үшін іс-шаралар қолданылды. Жал­пы айтқанда, 2009 жылы агент­тік 179 рет сотқа шағым­дан­ды. Қазір соның 60 ісі бойынша нақты шаралар қабылданып, сот шешімі бойынша кәсіпкерлерге 24,6 млрд. теңге көлемінде айып­пұл салынды. Бұдан басқа қаржы са­ласында екінші деңгейлі банк­тер­дің заң талаптарына қайшы іс-әрекеттері анықталды. Олардың кей­бірі жеке азаматтарға және ме­кемелерге ірі көлемде несие беріп отырған. Ал басқа банктер болса, несие сұраған халықтың бе­тін қайтарып келген. Осыған бай­ланысты қазір банктердің қыз­ме­тіне тексерулер жүргізіліп, олар бой­ынша тиісті шаралар қолда­нылуда. Осыдан кейін мәжілісте мем­ле­кеттік кәсіпорындардың бәсе­ке­лес­тік рыногына қатысу және үкі­меттік органдардың тендер өт­кі­зу­дегі жұмыстары жөнінде мәселесі қаралады. Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде елімізде 5 000-нан астам кәсіпорындар тіркеліп отыр. Қазір олардың бәрінің  ара­сында әділ бәсекелестік жағдай қа­лыптастыру күн тәртібіндегі бас­ты мәселе болып отыр. Ал мем­ле­кет­тік органдардың тендер өт­кізу­дегі жұмысына келгенде, ол бү­гінде, өкінішке қарай, тендерлердің көбі әділетсіз өтіп жатқанын, сондықтан агенттік алдағы кезде олардың қызметін тексеріп тұру үшін арнайы комиссия құруды ұсы­натынын жеткізді. Мәжілісте ол алдағы кезге қойылған мін­дет­тердің бәрі Елбасы мен Үкімет басшысының және агенттіктің 2010 жылға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес жүргізілетінін айтты. Осыдан кейін жиынды Кәрім Мәсімов қорытындылап, агенттік­тің құрылған кезден бергі қыз­ме­тіне жалпы жақсы баға беретінін, қазір республика бойынша мем­ле­кеттік органдар мен кәсіп­орын­дарда тендер өткізуде көптеген тексерулердің жүргізіліп жатқа­нын, осы бағыттағы жұмысты әрі қа­рай жалғастыру үшін Үкімет агенттікке әрқашан көмекке ке­летінін айтып, алдағы жоспар­ларының мемлекет мүддесіне ғана қызмет етуі үшін табыс тілейтінін білдірді. Сонымен бірге, еліміздің Кеден одағына кірігуіне байла­ныс­ты сауда-саттық, өндіріс саласы, әсіресе, мұнай-газ өнімдерін өңдеу және сату бойынша жасалатын бар­лық жұмыстардың мөлдірлігін қамтамасыз етіп, кәсіпкерлер ара­сында әділ бәсекелестік қалып­тас­тыру үшін тиісті шараларды атқаруды тапсырды. Дастан КЕНЖАЛИН. ӘРІПТЕСТІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ ЖОЛЫНДА Үстіміздегі жылдың 19 қаңта­рын­да “Нұр Отан” ХДП-ның Орталық аппаратының кеңсесінде “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен АҚШ-тың Қазақстан Республи­ка­сын­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Ричард Хоугландтың кездесуі өтті, деп хабарлады осы партияның бас­пасөз қызметі. Тараптар “Нұр Отан” ХДП мен АҚШ-тың саяси институттары ара­сын­да тығыз іскерлік байланыс ор­на­тылғандығын атап өтті. “Нұр Отан” партия­сы­ның делегациясы АҚШ-тың Демократиялық пар­тиясы съезінің жұмысына қатысты, кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі саяси үдерістер жөніндегі АҚШ-тың жетекші маман­дары­мен кездесулер өткізілуде. Қазақ­стан Республикасында демо­кра­тиялық қа­ғи­даттарды одан әрі дамыту мақ­са­тында “Нұр Отан” партиясы Ұлттық де­мократиялық және Халық­аралық республикалық институттар сияқты ұйымдардың тәжірибесін, әсіресе, осы заманғы саяси және әлеуметтік технологиялар саласында партиялық құрылыс мәселелерін зерттеуде. АҚШ елшісі Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуі еліміз үшін маңызды оқиға екендігін атап өтті. Бұған қоса, одан арғы ынты­мақ­тастықтың перспективалары тал­қы­ланды. Тараптар Қазақстан мен АҚШ ара­сындағы екіжақты серіктестік одан әрі дәйектілікпен дами түсетініне сенім білдірді. КЕШЕ... ...Еділ ерледі Биыл “Нұр Отан” ХДП “Нар тұлға” атты жаңа респуб­ли­калық ак­цияны бастады. Атауы­нан кө­рі­ніп тұрғанындай, ол – халқы­мыз­дың қанында бар мәрттік пен тек­тілік қасиеттерді жандандыру. Ақ­жай­ықта аталған акцияны іске асы­руға алғашқы болып “Қайы­рым­дылық-қол­дау” қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Еділ Бекесов кірісті. Ол кеше аталған партия фи­лиалының бөлім меңгерушісі Асланбек Сарқұловпен бірге Тас­қала ауданындағы Амангелді орта мектебіндегі оқушыларға спорттық киімдер тапсырды. Бұ­ған дейін ол осы аудандағы озат оқушыларды өз есебінен Астана қаласына саяхатқа апарып қайтқан-тын. – Кәсіпкерлер мен ірі ком­па­­нияларды “Нар тұлға” акция­сына қатысуға шақырамын. Олар­дың тұрмысы төмен аза­мат­тарға ма­териалдық қолдау көр­сететін уа­қыты жетті, – дейді Еділ Бекесов. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. ...электр бағасын өсіру жайы талқыланды Қоғамдық тыңдауды электр қуатын тарату жүйелері бас­шы­ла­рының өтініші бойынша та­биғи монополияларды реттеу жөніндегі облыстық департамент ұйым­дас­тыр­ды. Онда “Солтүстік Қазақстан энергия тарату ком­паниясы” ЖШС директоры Вик­тор Тен элек­тр бағасын 1 сәуірден бастап 36 пайызға көте­ру жөнінде ұсыныс жасады. Оған бірнеше себеп кел­тіріп, жеті ауданды электр қуа­ты­мен қамтудан зиян шегіп отыр­ған­дарын, 13 мың шақырым электр же­лісін жаңарту қажеттігін, жұ­мыс­шы-қызметкерлердің жал­ақы­сының төмендігін көлденең тартты. Бұл мәлімдеме қоғамдық кез­десуге келген қоғамдық ұйым өкілдерін, облыстық, қалалық мәслихат депутаттарын қатты таң­қалдырды. Өйткені, жыл басталы­сы­мен электр қуатының бағасы 8,3 пайызға қымбаттаған болатын. Пікірлер екіге жара­лып, көпшілік мұндай қадаммен келіспейтін­дерін, тарифті тұр­ғындардың есебінен орынсыз көтере бергенше, ішкі мүмкін­дік­тер­ді қарастыру қажеттігін жеткізді. Не керек, жиынға қатысу­шы­лар ортақ пәтуаға келе алма­ған күйі тарасты. Алдағы сарап­та­ма­лық кеңес отырысында бұл мәсе­леге тағы оралу қажет деп шешті. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ...тәртіптік кеңес мүшелері ауылда болды Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқарма бастығы – тәртіптік кеңестің төрағасы Әзімхан Сатыбалдин бастаған тәртіптік кеңестің мүшелері Жамбыл ауданында болып, бірқатар азаматтарды өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдауда аудан тұрғын­дары­ның саяжайға ауыл мәрте­бесін беру туралы көптен бері айтып келе жатқан өтініштеріне орай мұндай үлкен мәселенің тек Парламент арқылы ғана оң шешім табуы мүмкін екені айтылды. Жамбыл ауданына қарасты саяжай бүгінде, шын мәнінде, үлкен ауыл­ға айналған. Онда қазір 7200 тұрғын өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ, мектеп құрылысы мен оқу­шы­лар тасымалы  да әңгіме өзегі болды. Аса ауылына ауыз су, кәріз құбыр­ларын тарту мәселелері де көтерілді. Аудан тұрғындары шенеунік­тердің елге етене жақын келіп, аудан әкімімен бірге отырып мұң-мұқтаждарын тыңдағандарына  дән риза. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.