Әдебиет • 20 Маусым, 2017

Киікті ысқырып атқан, жауын оятып шапқан...

762 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ұлттық код» деп жатырмыз. Сол кодыңыз – бабаларымыздың баяғыдан келе жатқан сөзінде жатыр. «Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз» деп Ахмет атамыз айтқандай, ол сөздер істеген ісінен қорытылып шыққан түйіндер. Ендеше, оны бабалар болмысы, сипаты деп айтамыз.

Киікті ысқырып атқан, жауын оятып шапқан...

Кейде бағзыдан жеткен бірлі-жарым сөздің өзінен аталарымыздың қай істе қандай ұстанымда болғанын, негізгі болмыс, танымын аңғара беруге болады. 

Мысалы, «ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» дейді. Қадірін білген адамға осы сөз - ұлы қазына. Бұл - бізге бабаларымыздың биік парасатын көрсетіп тұрған бір белгі. Алла адам үшін жаратқан соң киік несібе болады. Қажеттіліктен аулайды. Ғажап, сөйте тұра «ысқырып ат» дейді. Киікке де берілген бір мүмкіндік. Қапы кетпеуі тиіс. Өйтсе "обал болады" дейді ұлы далалық заң. Мұны екінші жағынан кімге, не істесең де ескертіп істе деген сыңайдағы мәтел ретінде пайдаланамыз, әрине.

Иә, аталарымыз әдетте түлкіге бүркіт салады, анда-санда болмаса түлкіні мылтықпен ату қалыптаспаған. Былайша, оның өзі түлкі мен бүркітшінің арасындағы тартыс секілді. Бүркітінің бабын келтіре алмаса, бүркітін оңтайлы жерден жібере алмаса, иә құсының шамасы жетпесе, түлкі құтылып кетеді. Ол – түлкінің мүмкіндігі. Тіпті бүркітке ілдірмей інге кіріп кеткен түлкіні құтылдыға санап, ініне түтін салдырмай кері қайтқан қарт құсбегілер болғанын да ескі көздерден естігеніміз бар еді. Әйтпесе, іннің аузына от жағып түтін салса, түлкі атып шығады, томағасы алынып дайын отырған бүркіт іннен шыға қашқан түлкіні басып қалады. Міне, осы әдісті қолданбай «Жә, мұзбалақ! Інге дейін іле алмаған өзімізден көрейік» деп бүркітімен «кеңесіп», кері қайтқан атам Мұса жарықтықтың әңгімесін баласы Мәден ақсақал үнемі айтып отыратын. «Мен жастаумын, қызығып түтін салғым келеді. Сонда әкем «оған мұнда жетіп үлгерудің өзі оңайға соққан жоқ. Жүр, тағы басқасы кездесер» деп аттың басын басқа жаққа бұратын» дейді.

Сөзіміздің бояуын қанықтыра түсу үшін Қанат Бейсекеев есімді режиссер жігіттің «Алдаберген аға» атты қысқа метражды фильмі туралы айта кеткенді жөн санадық. Фильм тазы мен бүркітті қатар ұстап отырған Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Асы саға ауылының тұрғыны Алдаберген құсбегі жайлы. Ендеше, бүркітші Алдаберген айтқан мына бір сөздерді қаз-қалпында келтірейік. «Аңшылықта түлкіні мылтықпен, басқамен алғаннан гөрі бүркітпен алған қызық қой, аңның терісі бүлінбейді - бір, одан кейін - мәдениет. Анау аңға да қорлық көрсетпейсің, сондай мәдениетті түрде аулайсың...». Міне, бүркітшінің аузынан бұл сөздер тегіннен-тегін шығып отырған жоқ. Ол ата-бабамыздың аң аулаудағы әділеттігі, биік мәдениетінің түйсік арқылы жеткен жұқанасы деп білдік.

Сол түйсік, сол даналық, сол әділеттілік қайда қазір?!!

Техниканың дүлей күшімен небір түз тағыларын қорлау, оны мақтанып әлеуметтік желіге шығару - надандықтың надандығы. Әсіресе, небір үйдей джиптермен қасқырды белден мыжып қаңқылдатып жатқан қазақтарды көргенде төбе шашың тік тұрады. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар». Иесіне арқаланған ит секілді, көлігіне (техникасына) арқаланып қорлық жасағандарды Құдай да тегін қоймас. Хайуан да Алланың мүлкі. Қорласын деп жаратқан жоқ, әрқайсысын біздің әрбір қажеттілігімізге жаратты. Енді біздің адамшылығымыз оны өз әдебі, өз тәртібімен пайдалану болса керек еді...

Сәкен Алдашбай деген журналист ағам әңгіме айтып отыр: «Бүгін Шиеліде бір алып тұлғалы ақсақалдың үйінде болдым. Немерелеріне ұрсып отырған ол «қатынбасшалар, сендер еркек емес, қатынсыңдар» деді жекіп. Жиіркеніп отыр екен. Ақсақалдан не болғанын сұрағанымда, ол екі немересіне сұқ саусағын шошайтып: «Мына қатыннан да төмендер бір жігітке үшеуі жабылыпты. Ол, ол ма, құлап түскен оны аямай тепкілепті, қатындар» деді. Үнсіз қалдым…».

«Жауың да ер болсын» дейді қазақ. Тегінде бұл ұлттың ірі болмысын көрсететін үлкен сөз. Біз ұлы дала төсінде қаншама ғасыр Жоңғармен қырқыстық, жеңдік дейміз. Тарихи шындық өз алдына бөлек әңгіме, сонда соғыс жағдайында олардың өзара түсінісетін шарттары, жазылмаған заңдары болғаны туралы да айтылады. Ұйықтап жатқан жерінен баспалап барып өлтіру, ары қарап тұрғанда қапы кетіру дегендей әрекеттер пасықтыққа жатқызылып, еш құпталмаған. Алдымен оятып алып жекпе-жекке шақырған. Бұл қазіргі мәдениетті саналатын адамдардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтін, түйсініп жетпес биік шың. Бұл киіз туырлықты, көшпелі халықтың ғажайып ерекшеліктері еді. Жауың да соны түсінсе ғой дейді сол ұлы өркениеттің өкілдері. Жоғарыдағы мәтел соны ишаралайды. Жауың да жазылмаған заңдылықтарды сақтай білсе, шіркін!  Абай хәкімнің: «Достыққа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол!» дейтіні де сол ғой...

Қысқасы, бабаларымыз адам түгілі аңға да әділеттілік жасаған. Адам мен адам, табиғат пен адам арасында заңдылықтар осылай сақталған еді. Обал, сауапты біліп, жауына да әділетті болған аталар танымынан алыстап кеткеніміз өкінішті-ақ.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»