Аймақтар • 20 Маусым, 2017

Алтын – құрмет пен міндеттің белгісі

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мектепті алтын белгіге бітірген!» Оқушыға әлдекімді үлгі қылмақ үшін ең жиі айтылатын сөз осы шығар, сірә. Тіпті, әр мектептің көрсеткіші алтын белгі берумен өлшеніп жатады. «Соңғы рет осыдан бәлен жыл бұрын бізден де алтын белгі шығып еді», деп күрсіне сөз қылып отыратын ауыл тұрғындары еске түседі (Алтын белгінің көбі қаладан шығатынын да айтпай кетуге болмайды). Демек, алтын белгі мектеп бітіруші үшін ғана емес, былайғы жұрт үшін де маңызды болғаны ғой. Күні ертең кімнің қай салада, қандай дәрежеде жүрерін кім білсін, бірақ, «Ол мектепті алтын белгімен бітірген» деген атақ санаулылардың ғана еншісіне айналады.

Алтын – құрмет пен міндеттің белгісі

Таңдаулыларға ерекше құрмет көрсетілмегі заңды. 2017 жылғы Жетісу өңірінің ең озат түлектері алтын белгіні облыс әкімінің қолынан алды. Алматы облысында биыл 14268 оқушы мектеп бітірді. Соның 590-ы – алтын белгі иегері. Үздік аттестат – 523 оқушыға бұйырған. Бұл көрсеткішке өңір басшысының көңілі толады. Айтуына қарағанда, соңғы жылдары облыс көлемінде озат оқушылардың саны артып келеді. Бұл – білім сапасы артқанының көрсеткіші. Республикалық, Халықаралық білім сайыстарында топ жарып, жүлде салған оқушылар да аз емес. Бұл ретте ұстаздардың да еңбегін, біліктілігін айта кеткен жөн. Жиында үздік оқытушылардың да аты ерекше аталып, құрмет көрсетілді.

Облыс әкімі Амандық Баталов құттықтау сөзінде:

Бүгін сіздер үшін де, ата-аналар мен ұстаздар үшін де толқынысты сәт. Қимас мекен, алтын ұяға айналған мектептегі алаңсыз күндер аяқталып, азаматтық жауапкершілігі мол кезеңге аяқ бастыңыздар. Мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз бұл жолда сенімді серік болады деп сенемін. Сіздерден әлем өркениетіне жақын, озық ойлы жастар ретінде үлкен үміт күтеміз, – деді.   

Рас, мектепті алтынмен бітіру – «мақтанышпен қатар үлкен міндеттер де жүктейді». Талдықорғандағы «Жастар» саябағын салтанатқа бөлеген 590 түлек өздеріне көрсетілген ерекше құрметтің артында осындай салмақтың жатқанын да сезінетіндерін айтты. Көп шәкірртің атынан сөз алған Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейінің түлегі Асылжан Балатұрсынов жүрекжарды сөзін үш тілде еркін жеткізді:

«Біз азат елде туып-өсіп, білім алғанымызды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар, жастардан үлкен үміт күтетін жұртымыз бен Елбасы сенімін ақтайтын азамат болатынымызға сөз береміз», деді.

Жиын соңы – дәстүрлі түрде қоштасу вальсімен түйінделіп, елге белгілі өнер иелерінің қатысуымен өткен концертпен жалғасты.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»