Алматы облысында «Суда абай болыңыз! Балаларды қараусыз қалдырмаңыз!» акциясы өтті. Мақсат – жаз маусымында өзен-көл жағалауларында қауіпсіздік сақтау, зардап шегушілерге алғашқы көмек қолын созу, суға жүзе алмайтындарды және балаларды назардан тыс қалдырмауға үндеу. Зардап шегушілерге жәрдемдескенде ең алдымен ескеретін өз өмірің екені де ескертілді. Әйтпесе, өзгені құтқарам деп жүріп өзі де суға кеткендер аз емес. Өз бетіңізше әрекет етуге бел байласаңыз, алдымен қауіпсіздік ережелерін білу маңызды. Бұдан да басқа біраз мәселелер қамтылған акцияның ең басты артықшылығы – өзен жағасында табиғи жағдайда өткендігі. Демалушыларды аралап жүріп, ескертпе парақтар таратқан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қарапайым халыққа арнап оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді. Демалушылар назарына суға батушыны құтқару қимылдары мен оған көрсетілетін алғашқы медициналық көмек жайлы көріністер ұсынылды. Судан келетін қатерлер жайлы арнайы ақпараттар беріліп, қысқаша дәріс оқылды.
«Суға түсу маусымында орын алатын өлім жағдайларының 70 пайызы – мас күйде суға түскеннен болады. Ал барлық қайғылы оқиғалардың 98 пайызы – арнайы жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түскендіктен орын алып жатады. Жағажайда қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған жөн. Судағы қауіпсіз демалыс – ережелердің қатаң сақталуымен тікелей байланысты», дейді мамандар.
Биылғы жылдың өзінде облыс бойынша 9 адам суға батқан. Оның төртеуі бала. Тексере келгенде, төртеуін де ата-анасының қараусыз қалдырғаны анықталған.
Акция шарттарына байланысты, жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен облыстың ТЖД қызметкерлері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп Қаратал және Балықты өзендерінің шомылуға тыйым салынған жерлеріне рейд өткізді.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы