«Қазанат» атшабарында ұйымдастырылған осынау маңызды шараны Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани сияқты саяси тұлғалар да көппен бірге тамашалады.
Қазақ-мадияр мәдени байланысының негізін қалаған қайраткер-ғалым Иштван Қоңырдың мәлім етуі бойынша, мадиярлардың атажұрты – Қазақстан. Шамамен V-VI ғасырларда атақты Еділ патша құрған Батыс Ғұн мемлекеті қожыраған тұста Арпад бастаған далалықтардың жеті тайпасы қазіргі мажар жеріне келіп қоныстанған.
Сондықтан да мадиярлар байырғы атажұртын аңсайды, мыңдаған жылдар бұрын бабаларының ізі қалған ұлы даланы келіп көрмесе көңілдері көншімейді.
Сөйтіп, байырғы бабалар рухын көтеру үшін сырнайлатып-кернейлетіп атқа қонған мадияр бауырлар ғұндар заманындағы қылыштасу өнерін көрерменге ұсына отырып, садақ атудың әртүрлі үлгісін көрсетті. Алдымен тізерлеп отырып садақ тартты. Одан кейін аттың үстінде айнала шауып жүріп нысана көздеуден шеберліктерін байқатты. Сүрең салып дүркірей шапқан мергендердің адырнадан атылып шыққан оқтары мүлт кеткен жоқ.
Астанаға мадиярларды басқарып келген «Мадияр – Тұран қорының» президенті, кеше ғана бас сүйегі табылған Кейкі батырдың бейнесін қалпына келтірген антрополог Биро Андрош мырзаның айтуына қарағанда, бұл сапардың басқа да алға қойған мақсаттары баршылық. Әуелі, осыдан 10 жыл бұрын Торғай өлкесінде өткен қазақ-мадияр ағайындардың алғашқы құрылтайының даталы мерекесін атап өту үшін алдағы күндері Қостанай облысы, Жангелдин ауданы жерінде нақтырақ айтқанда, Саға, Қызбел, Бидайық ауылдарында қосымша мәдени шаралар ұйымдастырылып, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында үлкен ғылыми конференция өткізбекші.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»