Бағытымыз – Қорған облысының Макушин ауданы. Діттеген мақсатымыз – осы өңірде тұратын қандастарымыздың құрылтайына қатысу. Делегацияның белді мүшесі Боранбай Бижігітов туралы сөз ерекше. Түр-тұлғасынан, жүріс-тұрысынан текті тұқымнан екені қапысыз аңғарылады. Оның Тоқтар, Бижігіт деген аталары мыңғыртып төрт түлік өсірген. Мешіт салып, медіресе ашып, балаларға Құран аяттарын, шариғат ілімдерін үйреткен. Бұл әулеттен алты адам қажылық парызын өтеп қайтқан. Қазақтың арғы-бергі тарихында елдің еңсеріле көшулері аз болмаған. Сондай зарлы нәубаттың бірі – өткен ғасырдың 28-ші жылдары орташа дәулеттілерді де байлардың санатына жатқызып, мал-мүлкін күшпен тартып алып, қаңғыртып жіберуі еді. Бұл әулет те замана дауылымен Қызылжар өңірінен жөңкіле көшіп, Ресейге табан тіреген. Байкенже қажының кіндігінен өрбіген алты ұл-қыз жат жерде туса да, ел деген ұлы ұғымды көздің қарашығындай қастерлеп өскен. Ата-аналары бостан күндер бастан ауған кер заманда да жақсылықтан күдер үзбеген. Балаларына қайтсе де ат қазығын байлар атамекенге оралуды аманаттаған. Барлығы да әке өсиетін, ана арманын бұлжытпай орындап, бүгінде тамырын тереңге жайған дарақ бәйтерекке, мәуелі шаңыраққа айналған. Немере-шөберелері Қазақстанда білім алып, азамат қатарына қосылған. Бөкең Макушино ауданында тұңғыш ұлттық мәдениет фестивалін ұйымдастырушы, «Шаңырақ» орталығын, «Әдемі» ансамблін құрушы ретінде де танымал. «Бірлік» газетінің жарық көруіне ұйытқы болған. Еңбек жолын зауыттан бастап, ірі бірлестіктің бас директоры дәрежесіне дейін көтерілген. Айтары аз емес. Әріден қайырып, елдіктің, ел болудың қамы жайлы толғана сөйлегенде өзегін жұлып беруге даяр. Туған жерге оралысымен «Тамыр» қоғамдық бірлестігін құрып, игі дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлес қосып жүрген жайы бар.
– Мен Дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайына қатысқан санаулы жандардың бірімін. Әр кездесуде Елбасының сөздерін ұйып тыңдап, Құрылтай тойласу үшін емес, ойласу үшін шақырылатын жиын екенін қапысыз ұқтым. Биыл да Астана төрінде бас қосатынымыз – бәріміз үшін зор қуаныш, – деді сөз арасында Боранбай ақсақал.
Бізді Макушин ауданында Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Оралов құшақ жая қарсы алып, қандастарымыздың өмір сүру салты, тыныс-тіршілі-
гі жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Өңірде 15 мыңға жуық ағайынымыз мекен етсе, екі мыңдайы осы ауданды қоныстанған. Көпшілігінің ата-бабалары үркіншілік, ашаршылық жылдары тағдырдың тәлкегіне ұшырап, туған топырақтан көз жазып қалған.
– Аталарымыз елден ауа көшкенде тым жырақтамайық деген болу керек, шойынжолдың бойын қолайлы көріпті. Біз бес ағайынбыз. Бәріміз осы жерде өсіп-өндік. Десек те, біз үшін Қазақстанның орны бөлек. Атажұртымыз болғандықтан, тілегіміз де, жүрегіміз де бір, – дей келіп, Қайрат көңіліндегі ренішін де айтып салды. Оның жайына кейін қанықтық. Сөйтсе, биылғы Дүниежүзі қазақтарының бесінші Құрылтайына Ресейге 69 орын берілгеніне қарамастан ауданнан бірде-бір делегат сайланбапты. Лайықты тұлғалар жеткілікті. Шетқақпай қалғандарына өкпелі. Мұндай пікірлерді басқа азаматтардан да естідік. Ораловтар әулеті кәсіпкерлікті ұршықша үйіріп, бірнеше бағыт бойынша тұрғындарға сан салалы қызмет көрсетіп келеді. Олардың иелігінде қонақүй, автотұрақ, дүкендер бар. Құрылыспен, егіншілікпен, түрлі-түсті металл жинаумен де айналысады. Енді әулеттің кенжесі оған үлкен сенім артылып, былтыр автономияның тізгіні ұстатылыпты. Жуырда кеңес мүшелері бас қосып, бір жыл ішінде атқарған жұмыстарға оң бағасын беріпті. Автономия демеушілік, қайырымдылық шараларына үзбей атсалысып тұрады. Жоғары білімді маман Руслан Жүсіповтің Б.Окуджва атындағы халықаралық әндер байқауына қатысуына қаржылай жәрдемдескен. Ол болса, үмітті ақтап, Гран-при иегері атанған. Сол сияқты Қорған қаласындағы қазақ студенттерінің футбол командасы, автономия жанындағы жастар қанаты тұрақты қамқорлыққа алынған. Бір ғажабы, дейді ол, соңғы он жылда алтын медаль алған оқушылардың үштен екісі – қазақ балаларының үлесінде. Мектептерде мақтау марапатын иеленетіндердің жартысына жуығы өзіміздің бүлдіршіндер. Ата-аналарын қарттар үйіне, балаларын жетімдер пансионатына өткізді деген бірде-бір факт тіркелген жоқ. Осындай тәлім алар тұстарымыз жоқ емес.
Ұйымдастырушылар «Туған жер!» атты мәдениет фестивалін қалың ағаш бау-
райында орналасқан Обутковское ірі елді мекенінде өткізуді хош көріпті. Делегация жетекшісі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық бөлімшесінің төрағасы Сағындық Салмұрзин «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақстандықтарға «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мына фестивальдің ақылдасқандай орайлас, сәйкес келуін қарашы! Бізде бұл бағдарлама «Туған елге» деген ауқымды жобаға ұласады» деді аяқ дамылдатар сәттің бірінде. Бұл сөздің өзіне қаратыла айтылғанын сезді білем, Обутковское селолық кеңесінің басшысы Бектас Женалимов оның ойын қостап, алқалы бас қосуға облыстық ұлттық мәдени автономиясы мен аудан әкімшілігі, жекелеген азаматтар бастамашы болып отырғанын жеткізді. Бектастың атақонысы – Жамбыл ауданының Баянауылы. Сонау бірін-бірі біліп болмайтын дүрбелең кезеңде аталары кері кеткен кер заманның қыспағымен Ресейге өтіп кеткен. Өзі 90-шы жылдардан бері селолық кеңес төрағасы қызметінде. Зейнетке шықса да, үлкен сенім көрсетіліп, тағы бес жылға сайланыпты. Сыртта жүрсе де, үлкен беделге ие. Бір кездері 22 мың бас қой, 1,5 мың бас ірі қара малын өсірген «Чистовский» кеңшары ыдырағаннан кейін түтін саны азайып, елді мекеннің бағы тая бастаған сияқты. Білім үйі 9 жылдыққа айналдырылған. Табиғи өсімнің азайып, демографияның демігіп тұрғаны бірден сезіледі. 220 түтіні бар селода 50-ге жуық қазақ отбасы тұрады екен. Ең үлкені – Жұмаш Байтөсов ақсақал, 87-де. Оның Қуанышбай деген ұлы – ірі фермерлердің бірі. 500-дей қой, 50 ірі қара, 40 шақты жылқы өсіреді. Бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Келіншегі Зейнеш ақкөңіл жан болып шықты. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды нақты іспен дәлелдеп жүргені бәрімізді тәнті етті. Күйеуі сияқты тұйық емес, әңгімеге келгенде шешіліп сала береді. Айтуынша, осы селода 28 жыл тұрады. Ата-енесі қолында. Селода бие байлап, қымыз ашытып отырған осы отбасы ғана. Күніне 10-12 литр бал сусын дайындайды. Фестивальға 100 литр қымыз әзірлеп әкеліпті. Әр литрі 240 рубльден сатылғанына қарағанда, мұнда қазақтың ұлттық тағамы жоғары бағалана ма деп қалдық. Бұдан тысқары қаймақ, сарымай сатып, аптасына 500 рубльдей табыс табатын көрінеді. Қазақстандық қыз-келіншектер ескеретін үлгі-өнеге екен деген ойымызды ішке түйдік. Қуанышбайдың Амантай, Серік деген ағалары да кәсіпкерлікті дөңгелетіп жүр.
Жұртшылық тағатсыздана күткен фестиваль басталып, әр ауданның қолданбалы өнер көрмелері мен дәмділігі тіл үйіретін ұлттық тағамдар жаймасы тамашаланды. «Ашамайға мінгізу» рәсімі көрсетілді. Алаңқайға тігілген ақшаңқан киіз үйлер әдемі жарасым тапқан. Олардың бірін қостанайлық кәсіпкер Өмірзақ Еқтиләпов сыйға тартыпты. Жомарт қолды азаматттың бұл демеуіне бәрекелді дейсің! Макушин ауданының басшысы Виктор Воротынцев өз сөзіне тарихи тамырластығы әріден өрбитін Қазақстан мен Ресей арасындағы достықты, көршілік татулықты арқау етті. Қазақтардың ауызбірлігін, еңбексүйгіштігін, бауырмалдығын, ұлттық құндылықтарды қастерлейтінін сүйсініспен атап өтті. Шекаралық аймақта орналасқандықтан, Солтүстік Қазақстан облысымен экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланыстарымыз жан-жақты дамып келеді, деді ол.
Қорған облысының құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы Валентина Федорова жасы 80-ге келсе де, фестивальға қатысуды жөн көріпті. Белгілі ғалым Астанада үш рет болып, алқалы басқосуларда баяндама жасапты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі құрмет тақтасында суреті ілулі тұр. Бірнеше жыл бойы осындағы диссертациялық кеңестің белді мүшесі болған. Қазір славян және түркі тілдерінің өзара байланысы, бір-біріне ықпалдастығы жайлы зерттеп жүр. Оның Қазақстан, қазақтар жайлы толғаныстары жиналғандарды толқытты.
Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Оралов фестивальға қатысушылар атынан аудан басшысының иығына шапан жапты. Автономия жұмысын жандандыруға үлес қосып жүрген бір топ белсендіге алғыс хаттар табыс етті. Осындай нар тұлғалы азаматтардың қазақ атына кір келтірмей, ұлт намысын жоғары ұстап жүргені қуантады. Делегация жетекшісі С.Салмұрзин солтүстікқазақстандықтардың жалынды сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді.
Біз Куртамыш ауданының Камаган селосынан келген қонақтардың бірі Айсұлу Қайдаровамен тілдескенімізде үлкен әсер алғанын жасырмады. Жолдасы Ақылбек аудан қазақтары атынан автономияға өкілдік етеді. Екеуі де мәдениет үйінде қызмет атқарады. Аудандағы 200-ге жуық қазақтар мәдени шараларға белсене қатысады. Қорған қаласының тұрғыны Несіпкүл Бегімбетованың пікірінше, үлкендер болмаса, жастар жағы ана тілін біле бермейді. Оны осы жағы алаңдатады. Жоғары білім алу үшін ұлын Қазақстанға жіберіпті. Ата-баба жерінде жүрсе, тегін ұмытпасы анық, дейді. Катай ауданының тумасы Ерғали Қабжанов автономия кеңесінің мүшесі ретінде жерлестерінің атамекеннен жан-жақты хабар алып тұруына белсенді көмектесіп жүр. Байтұрсын Хамзин, Ғұмар Жиенбаев, Батыржан Шәкіров, Балаби Икбаев секілді ауылдастары шағын және орта бизнеспен шұғылданады. Айта берсе, мұндай жағымды мысалдар аз емес.
Біз осы жолғы сапарымызда шетте жүрсе де, «Қазақстан» ұғымын жүрегінің түкпірінде сақтап, парасат-біліктілігімен, еңбекқорлығымен қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытып жүрген намысшыл, мінезді, жігерлі қандастарымыздың мәнді мәдени өмірі мен қалыпты тыныс-тіршілігіне қанығып, риза болып оралдық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Қызылжар –
Қорған – Қызылжар
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ