ЭКСПО-2017 • 21 Маусым, 2017

“EXPO – 2017” көрмесі Әзербайжан медиасының басты назарында

214 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бауырлас Әзербайжанның бұқаралық ақпарат құралдары «Астана EXPO-2017  халықаралық мамандандырылған көрмесінің» ашылу салтанаты мен көрме қызметі туралы кеңінен ақпарат таратты. Яғни, аталған елдің барлық электронды медиасы мен сайттары, сонымен бірге телеарналары EXPO-2017 көрмесіне үлкен мән берген.

“EXPO – 2017” көрмесі Әзербайжан медиасының басты назарында

Әзербайжанның көптеген ақпарат құралдары аталған ірі халықаралық шара туралы жаңалық тарату үшін өз тілшілерін арнайы Астанаға аттандырған. Атап айтқанда Әзербайжанның Қоғамдық телеарнасы (İTV), AzTV, AzerTac, “Report İnformasiya” агенттігі, «Haqqın.az» порталы, «Anadolu» хабар агенттігінің Баку қаласындағы өкілдігі, “Бакинский Рабочий” газеті және басқа да көптеген медиа құрылымдардың өкілдері Астанаға келді.

Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі (AzerTac) «Астанада өткен EXPO-2017» халықаралық көрмесі келушілердің үлкен қызығушылығын туғызды» деген тақырыпта жариялаған ақпаратта көрменің ашылу салтанатына әлемнің беделді елдерінің 17 мемлекет және үкімет басшысының қатысқанына назар аударған. «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта өткен көрмеге Әзербайжаннан басқа 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым қатысуда. Көрмеде болашақтың технологиялары, әлемнің энергетикаға деген сұранысы және осы саладағы ең соңғы жаңалықтар, ғылыми нәтижелер, ядролық энергетика сияқты мәселелер көтерілген. Көрме аясында Астанаға күн сайын 20 мың турист келеді деп күтілуде. Жалпы, көрмеге 2 миллион қонақ және 5 миллион келуші ат басын бұруы ықтимал. Қазақстан көрмеден 283 миллион Евро пайда түсіреді деп болжануда.

Әзербайжанның Қоғамдық телеарнасы (İTV) көрменің ашылу салтанатынан және көрме барысынан бірнеше репортаждар жариялады. Ашылу салтанаты туралы таратылған бағдарламада EXPO көрмесі басталар тұста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік мемлекет басшыларын қабылдағаны көрсетілген.  Аталған ірі шараға Әзербайжаннан Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяров бастаған үлкен делегация қатысты. ЭКСПО көрмесінің ресми ашылу салтанатында арнайы концерттік бағдарлама, отшашу және лазерлі шоу бағдарламалары ұйымдастырылды. İTV телеарнасының Орталық Азия кеңсесі әзірлеген репортаждарда шетелдік және жергілікті келушілердің EXPO-2017 көрмесі туралы білдірген пікірлері берілген. Сюжеттерде кең ауқымды халықаралық шараның Қазақстан экономикасына және ел келешегіне тигізер пайдасы туралы айтылды. 

Репортажда “EXPO-2017 Болашақтың энергиясы” мамандандырылған  көрмесіне Әзербайжанның “Алау (от) елі – өткеннен болашаққа жеткен энергия” деген тақырыпта ұлттық павильонын құрғаны туралы айтылған. 400 текше метр кеңістікті алып жатқан павильонда Әзербайжанның тарихи-мәдени мұрасы, бай энергетикалық әлеуеті және болашақтың энергиясы арнайы технологиялар көмегімен паш етілген. Репортажда шілде айының 9 күні EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында “Әзербайжанның Ұлттық күні” және сол күні Әзербайжанның ұлттық павильонының жоғары деңгейдегі ресми ашылу салтанатының өтетіні туралы ақпарат берілген.

AzTV Әзербайжан мемлекеттік телеарнасы да EXPO көрмесіне айрықша мән берген екен. Телеарнаның Астанаға арнайы жіберілген тілшісі әзірлеген видеосюжеттерге сәйкес EXPO-2017 мамандандырылған көрмесінің әлемнің экономикалық дамыған жетекші елдерінен кейін Қазақстанда өтуі энергетика саласындағы ынтымақтастықтың ары қарай дамып, қатысушы елдерде жүзеге асырылған жаңа технологиялардың алмасуына мүмкіндік береді. Келесі EXPO-2025 халықаралық көрмені өткізуге Ресей, Франция және Жапониямен қатар Әзербайжанның да үміткер екендігі баса айтылды.

Әзербайжанның беделді тәуелсіз медиа құрылымдарының бірі болып саналатын «Report İnformasiya» агенттігі EXPO-2017 көрмесін таныстыру үшін   Астанаға арнайы тілшісін жіберген. Аталған агенттік көрмеге қатысты таратқан жаңалықтардың бірін “Әзербайжан Астанада “EXPO-2017: Болашақтың энергиясы” тақырыбындағы халықаралық көрмеге қатысуда” деген айдармен берген. Агенттік шараның ашылу салтанатына Ресей, Қытай, Испания, Беларусь, Моңғолия, Өзбекстан, Сербия, Тәжікстан, Түркіменстан, Чехия, Иран, Үндістан, Люксембург, Сингапур, Қырғызстан сияқты елдердің жалпы 17 мемлекет және үкімет басшысы қатысқанын ерекше атап өткен. Алдымен қонақтар Қазақстанның “Нұр әлем” павильонын кезіп көрген. Бұл павильон көрменің орталық бөлігін құрайды. Диаметрі 80 метр болатын ғимараттың әлемде теңдесі жоқ. Ғимарат Қазақстанмен танысу аймағы және энергетиканың негізгі түрлері көрсетілген  “Болашақтың энергетикасы музейі” павильонынан құралған.

Әзербайжанның ресми мемлекеттік басылымы “Xalq qəzeti” газеті Астанада басталған 67-ші халықаралық “EXPO-2017: Болашақтың энергиясы” атты көрмеде негізінен балама энергия көздерін зерттеу саласында қол жеткізілген жетістіктерді паш еткен экспонаттар қойылғанын жазды. Газетке сәйкес аталған салаға соңғы кезде қомақты инвестиция салған Қазақстан 2030 жылға дейін балама энергетика көлемін 30 пайызға жеткізуді жоспарлайды.

Әзербайжанның тәуелсіз порталдарының бірі «Virtualaz.org» және «Haqqın.az» сайттарында "Болашақтың энергиясы" деген тақырыпта Астанада өткен EХPO-2017 халықаралық көрмесінің ашылу салтанатынан кейін ұлттық павильондар, оның ішінде Әзербайжанның  көрмесі келушілерге өз есігін айқара ашқанын жазды. EXPO-2017 көрмесі экологиялық таза энергия алу және көмірсутек газ деңгейін азайту тақырыптарына арналған. Аталған ақпарат көздері Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадовтың сөзіне сілтеме жасай отырып,  Әзербайжан Президенті Ильхам Алиевтің шілде айының 9 күні Әзербайжан павильонының ресми ашылу салтанатына қатысу үшін Қазақстан астанасына келетінін хабарлайды.

Беделді Kaspi.az порталы, “Səs”, “Bakı xəbər” газеттері, Trend агенттігі қатарлы өзге де ақпараттық ұйымдар Астанада өтіп жатқан халықаралық шараның маңызын баяндайтын бірнеше көлемді мақала жариялады. Аталған мақалаларда  әсіресе 2050 жылға дейін әлемнің 30 дамыған экономикасы қатарына кіруді жоспарлаған Қазақстан үшін EXPO-2017 көрмесінің аса маңызды платформа екендігі баса айтылды. Осылайша, тарихи көрме өткізіп отырған Қазақстан жақын және ұзақ мерзімді болашаққа бағытталған даму мақсатына қарай стратегиялық қадам басып отырғаны айрықша атап көрсетілген. 

Фузули Межидли,

арнайы  “Eгемен Қазақстан”  үшін

Суретті түсірген Ерлан Омаров,

"Егемен Қазақстан"