Медицина • 22 Маусым, 2017

Бар қазақ – бір қазақ

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Дүниежүзі қазақтарының v құрылтайы өз жұмысын бастайды.

Бар қазақ – бір қазақ

Қазақ елі Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде төрткүл дүниеге тарыдай шашылған дүние жүзі қазақтары Атажұртта бесінші рет бас қосып отыр. Бұл Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асып отырғаны сөзсіз.  

Бүгін Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына  әлемнің 40 шақты мемлекетінен келген 341 өкіл елордадағы еңселі ескерткіш − «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысады. Одан кейін қадірлі қонақтарды бағдарлама  бойынша: Ұлттық музей, Әзірет сұлтан мешіті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті − Елбасы  кітапханасымен таныстыру шарасы рет-ретімен атқарылмақ. 

Бұл құрылтайдың басты ерек­шелігі – «Рухани жаңғыру және шетелдегі қазақтар» деген айдармен өтуі. Яғни, жуықта ғана жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты идеологиямыздың бағыт-бағдарына айналған бағдарламалық мақаласында атап өтілгендей, ұлттық дамуымыздың басты тірегі болатын тұжырымдамалардың бүгінгі құрылтай идеясымен сабақтасып жатуы жиын­ның ең бір ұтымды да сәтті тұсы екені сөзсіз.

Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы әлемнің 32 елінде орналасқан «Қазақ мәдени орталықтарымен» байланыса отырып, мәртебелі жиынға қонақтар шақырған. 

Сол сияқты, жиынға Қырғыз­стан­нан – 20, Германиядан – 9, Әзер­бай­жаннан – 7, Бе­ларусьтен – 5, Түрік­­менстаннан – 4, Фран­циядан – 4, Тәжікстаннан – 3, АҚШ-тан – 3, Ук­­раина, Ұлыбритания, Швеция, Вен­грия елдерінің әрбірінен – 2, Молдова, Дания, Голландия, Чехия, Франция, Канада қатарлы 15 елден бір-бір өкіл шақырылыпты. 

Биылғы құрылтай қонақтарының 80 пайызға жуығы бұрын қатыспаған жаңа адамдар болса, осылардың 60 пайыздан астамы 35 жасқа дейін­гі жастар. Сондықтан да жиын бары­сында «Нұр Отан» партиясының қол­дауымен қазақ жастарының форумы өтеді деп күтілуде. Форумға  шетелдік бауырларымыз және өзіміздің «Жас Отан», «Жасыл ел» сияқты жастар ұйымдары, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқып жүрген студенттер  қатысады.  

Мұның сыртында 5 министрлікте сек­циялық отырыстар өтеді. Шетелден келген ағайындар сол 5 топқа бөлініп, әр азамат өз мамандығы, өз бағыты,  талап-тілегіне қарай өзі таңдаған секцияға қатысады. 

Құрылтайдың үшінші жаңалығы –  туғанына 100 жыл толып отырған  дінтанушы-ғалым Халифа Алтайдың даталы мерейтойына орай «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілмек.  

Ең басты шара – құрылтайдың ашылу салтанаты 23 маусым күніне жоспарлануда. Осы күні Елбасының қатысуымен пленарлық отырыс өтеді деп межеленуде. Бұл басқосуда аса маңызды негізі мәселелер талқыланатын болады. 

Оған дейін мәртебелі меймандар елорда маңындағы «Этноауыл» кешенімен танысып, сол күні өтетін Ақмола облысының мәдени күндеріне қатысады. Соңында «Астана Опера»  театрында «Қыз Жібек» операсын тамашалайды. Осылайша, дүниенің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған алаштың ұрпағы Астана төрінде бас қосып, ұлттың болашағы төңірегінде әңгіме қозғап, елдіктің ертеңіне қам жасайды. Қысқасы, «Бар қазақ – бір қазақ» болып, ажарлы Астана төрінен асқақ үн қатады. 

Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»