Саясат • Бүгін, 08:07

Бауырлас елдердің байланысы беки түседі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Баку қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен өткен ұжымдық қабылдауына қатысты. Сонымен қатар ұйымға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары мен вице-президенттерінің кездесуіне де қатысып, маңызды келіссөздер жүргізді.

Бауырлас елдердің байланысы беки түседі

Әзербайжан Президентімен өткен жүздесуде сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты дамыту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы байланыс мемлекет басшыларының парасатты әрі сындарлы саясатының арқасын­да тұрақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтті. Осы бағытта Үкімет өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект секілді негізгі салалардағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.

Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы үкіметтері басшылары мен вице-президенттерінің екінші кездесуіне Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев, Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмаз, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев және бақылаушы елдердің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында түркі елдері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, экономикалық байланыс­тарды нығайту мен ортақ жобаларды ілгерілету мәселелері қаралды.

Өңірлік және жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды кеңейту, көлік инфрақұрылымын дамыту мен Орта дәліздің цифрлық интеграциясы, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту перспективалары талқыланды.

Сөз сөйлеу барысында еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектенов экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда әрі бірлескен күш-жігерді үйлестіруде ТМҰ-ның өсіп келе жатқан рөлін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Ұйымның іргетасын қалаушылардың бірі ретінде біз әуел бастан түркі интеграциясын ұзақмерзімді, прагматикалық әрі экономикалық тұрғыдан бағдарланған үдеріс ретінде қарастырып келеміз. 2025 жылдың қорытындысында еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара сауда көлемі 12,9 млрд долларға жетті. Біз бірлестігіміздің бар мүмкіндігін пайдалана отырып, сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделіміз», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағын күшейту мен оны Түркі инвестициялық қорымен тығыз үйлестіру қажеттігі де сөз етілді. Бұл ТМҰ экономикалық институттарының анағұрлым тиімді өзара іс-қимылына ықпал етеді. Өзара сауда көлемін ұлғайту және бизнес үшін цифрлық ортаны қалыптастыру мақсатында Қазақстан Бішкекте өткен ТМҰ-ның XI саммитінде қол қойылған Цифрлық экономика саласын­дағы әріптестік туралы келісім­ді (DEPA) ратификациялау­ды тез­детіп аяқтауға ниетті. Өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету мақ­сатында Түркі мемлекеттерінің өңірлік метрологиялық ұйымын (TURKMET) құру мен оны толық іске қосу жұмысын аяқтауды жеделдету ұсынылды.

Қазір Түркістанда бизнеске қолдау көрсетудің нақты қадамы ретінде «Тұран» арнайы эконо­микалық аймағы құрылған. Қазақ­стан осы аймақта оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер серіктестерінің қатысуымен жаңа бірлескен өндірістерді құруға әрі технологиялық кластерлерді дамытуға дайын екенін растады.

Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударылды. Орта дәліздің мәртебесін нығайту мақсатында биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасында үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Олжас Бектенов Зангезур дәлізінің ашылуын ескере отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ТМҰ Цифрлық мониторинг орталығы Орта дәлізді дамытуға қосымша серпін бере алады. Осыған орай, бұл бастаманы тезірек жүзеге асыруға арнайы жұмыс тобын шұғыл түрде құру ұсынылды.

Олжас Бектенов озық эко­логиялық шешімдер мен транс­шекаралық энергетикалық инф­рақұрылымды нығайту аса қажет екенін айтты. Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасымен энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибелер кеңесін құруды әрі Орталық Азияда су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша бір­лескен бағдарламаны әзірлеу жұмысын аяқтап қалды.

Сонымен қатар Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған экономикалық, әлеуметтік комиссиясы (АзТМЭӘК) аясында Цифрлық шешімдер орталығын құру жөнінде бастама көтеруде. Кездесу қорытындысында қатысу­шылар Бірлескен мәлімдеме қабыл­дады. Құжатта Әзербай­жан­ның Түркі мемлекеттері ұйы­мы аясындағы төрағалығына және басым бағыттар бойынша прак­ти­калық ынтымақтастықты дамыту­ға бағытталған күш-жігеріне қолдау көрсетілетіні расталды.

Соңғы жаңалықтар

Бұлақ көрсең, көзін аш

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:15