Медицина • 22 Маусым, 2017

Атқарылған істер арнасы

178 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше «Қазмедиа орталығы» ғи­ма­ратында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халыққа алғашқы есеп беру кездесуін өт­кізді. Министр бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Атқарылған істер арнасы

Отандық ақпарат құралдары қайта жаңғырды

Осыдан бір жыл бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылып, оның алдына бірқатар міндет жүктелгені белгілі. Әсіресе, Мемлекет басшысы жаңадан құрылған министрлікке ақпараттық кеңістікті нығайтуды, отандық масс-медианың деңгейін көтеруді, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруды, сондай-ақ, цифрландыру технологиясын дамыта отырып, байланыстың сапасын жақсартуды тапсырған болатын.

Министрдің мәлімдеуінше, медиа-жобалау саласы бірыңғай жүйеге түсіп, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыру тәсілдері қайта қаралған. Отандық телеарналарды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп, телеөнімдердің сапасы артқан. 

«Бүгінде отандық сериалдарымызға деген халықтың ықыласы күннен күнге артып келеді. Мысалы, былтыр «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналары 16 сериал түсірді. Олардың арасында «Әке», «Ән-аға», «Іңкәр жүрек», «Ақылдың кілті» сияқты сәтті жобалар жұртшылық тарапынан жақ­сы бағаланды. Біздің бірқатар отандық сериал­дарымызды көрші мемлекеттердің көрер­мендері де тамашалап отыр», деді министр.

Министрлік аналогтық хабар таратудан біртіндеп цифрлық хабар таратуға көшуді де белсенді жүргізіп келеді. Осы орайда, министр отандық спутниктік телевизия жайына да кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде ұлттық спутниктік оператордың абоненті 1 миллион 300 мыңға жуықтаған. Бұл көрермендердің отандық спутниктік телевизияға басымдық беретінін айшықтайды.

Министрлік құрылғалы мерзімді басылымдарда да үлкен өзгерістер болған. Ай­талық, халықаралық тәжірибе мен оқыр­мандардың қалауы ескеріле отырып, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттеріне редизайн жүргізілді. Қазір бұл газеттер бастан-аяқ түрлі-түсті болып шығып жатыр. Сонымен қатар, газеттердің сайты да қайта жаңарып, ықпалды ақпараттық ресурсқа айналған. 

Заң жобасы азаматтардың мүддесін қорғайды

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да ауқымды жобаларды қолға алыпты. Соның ішінде елімізге еңбегі сіңген, қажырлы еңбегімен көзге түскен азаматтарды анықтауға арналған «100 жаңа есім» арнайы жобасын атап өтуге болады. Ерекше адамдар есіміне лайық азаматтарды анықтауды министрлік белгілі сарапшылармен, елге еңбегі сіңген көрнекті қайраткерлермен ақылдаса отырып жүргізбек. 

«Еl.kz порталында «100 жаңа есім» жобасына өтінімдерді қабылдау басталды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды жобаға атсалысуға, айрықша жетістіктерімен, бірегей қасиеттерімен тәнті еткен адамдарды таңдауға үлес қосуға шақырамын», деді министр. 

Осыдан біраз уақыт бұрын министрлік еліміздің кейбір нормативтік-құқықтық актілеріне ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлегені белгілі. Қоғам қызу талқылаған заң жобасы 4 кодекс және 12 заң бойынша 200-ден астам түзетуді қамтиды. Министрдің мәлімдеуінше, олардың бәрі де қарапайым адамдардың мүддесін қорғауды көздейді. Заң жобасы, әсіресе, балаларды келеңсіз ақпараттардан қорғауды, ақпарат құралдары бетінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған жеткіншектер туралы оңды-солды мәлімет таратуға тыйым салуды қарастырады. 

«Біз зорлық-зомбылыққа ұшыраған бала­лардың фотосуретін, бейнемате­риалын баланың өзінің және ата-анасы­ның келісімінсіз жариялауға тыйым салмақ­шымыз. Мұндай ақпараттар ертеңгі күні жеткіншектің өміріне үлкен кесірін тигізуі мүмкін. Кейбір ақпарат құралдары арзан сенсация қуып, жәбір көрген жанның жағдайын ойламай, деректерді бей-берекет жариялай береді. Бұл – дұрыс емес.  

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған...

Елбасының министрлікке тапсырған бас­ты міндеттерінің бірі – коммуникациялық ин­фрақұрылымды дамыту және цифр­лық технологияны қолдана отырып, халық­ты интернетпен қамтамасыз ету. Ведо­мст­воның осы бағытта қолға алған шара­ларының нәтижесінде былтыр интернет қол­данушылардың қатары халықтың 77 пайызын құрапты. Ал елдің 96 пайызы стандартты 2G ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз етілген. 87 пайызы – 3G қызметімен, ал 69 пайызы 4G стандартты желісіне қосылған. Енді биылғы жылдың аяғына дейін осы 4G желісіне 51 аудан орталығын қосу жос­парлануда. Осылайша, еліміздің барлық аудан орталығы жылдамдығы ең жоғары интернетті қолдануға мүмкіндік алады

Дәурен Абаевтың айтуынша, қазіргі күні барлық елді мекендерде интернет байланысы бар. Бірақ сапасы талапқа сай келмейді. Осыны ескере келе министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, ауылдық жерлерде оптикалық-талшықты желі тартуды бастап кеткен. Жоба аясында шамамен 5 миллионға жуық адам тұратын 1 900 ауылды жылдамдығы жоғары интернетке қосу жоспарлануда. Министрлік халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды да бас­ты назарға алған. Жергілікті әкімдіктердің тұрғындарды цифрлық машыққа үйретуге көңіл бөле бастағанының арқасында  бүгінде елдің цифрлық сауаттылық деңгейі 76 пайыздан асыпты. 

Электрондық үкімет – халыққа қолайлы қызмет

Бүгінде құжат ресімдеу уақытын қыс­қарту, халыққа көрсетілетін қызмет сапа­сын арттыру, оларды электрондық фор­матқа көшіру бойынша ауқымды шаралар жүр­гізіліп жатыр. «Электронды үкімет» порта­лының көмегімен жұртшылық үйінен шық­пай-ақ, бизнесін тіркеуге, некені заң­дастыруға, лицензия мен рұқсаттама құжат­тарын алуға, балабақша кезегіне баласын тір­­кетуге мүмкіндік туған. Министрдің кел­­тір­ген дерегі бойынша, бүгінде портал арқы­­лы 758 қызмет түрі көрсетіліп, оны қол­­да­­ну­шылардың саны 6 миллион адамды құ­­раған. 

Қазіргі таңда «Электронды үкіметтің» мобильдік қосымшасы да пайда болған. Осы арқылы қазақстандықтар 80-нен астам қызмет түрін ала алады. Бүгінде порталдың мобильдік нұсқасында 2,2 млн азамат тіркеліпті», деді ол. 

Мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға негіз болып отырған тағы бір тәсіл – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы. Бұл бірыңғай құрылым 350 фронт-кеңсені біріктіріп, жыл сайын 37 миллионнан астам қызмет көрсетеді екен.

«Азаматтарға арналған үкімет» жұмысының тағы бір маңызды бағыты – қызметтердің шалғай ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы. Осы мақсатта қазір тұтас ел аумағында 70 мобильді қызмет орталығы жұмыс істейді. Олар ауылдарға жылына 13 мыңнан астам сапар ұйымдастырады. Сонымен қатар, «Қазпоштамен» бірле­сіп, мемлекеттік қызметтерді пошта кеңсе­лерін­де көрсету жобасы жүзеге асырылуда.

Әлеумет сауалы – министр жауабы

Министрлік балаларды жағымсыз ақ­парат көздерінен қорғау үшін арнайы «Ба­­ла­лар пакеті» жобасын іске қосқалы отыр. Бұл интернет-пакеттің ішінде жеткін­шек­терді білімге деген ынтасын арт­тыратын, ой-танымын кеңейтетін сайттар тізі­мі ғана ен­гі­­зілген. Бұл қызмет түрін 2017 жылдың ІІІ тоқ­санында іске қосу жоспарланып отыр.

Министрдің баяндамасынан кейін сұ­рақ-жауапқа кезек берілді. Бұл үнқатысу ала­ңына еліміздің барлық өңіріндегі ақпарат құралдары онлайн-режім арқылы қатысып, сауалдарын қойды. 

Алғашқы сұрақты Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қа­йыр­бай Төреғожа жолдады. Ол журна­лис­тердің әлеуметтік мәселесін көтеріп, баспаналы болу мүмкіндігін сұрады. Ми­нистрдің айтуынша, журналистер қауымы – бюджеттік қызметкерлерге жатпайды. Сондықтан жекеменшік мекемелерде жұмыс істеп, жоғары жалақы алуы мүмкін деп есептеледі. «Байырғыдан қалыптасып қалған осы түсінікті өзгерту бізге қиынға соғады. Дегенмен де, журналистердің әлеу­меттік жағынан қамту жолдарын іздестіріп жатырмыз. Алдағы уақытта оң шешімін табады деп ойлаймын», деді министр. 

Ал Батыс Қазақстан облыстық  «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин әлеуметтік желілердің кейбір пайдаланушылары кейде  адамдардың жеке басына, ресми тұлғалардың немесе  мәдениет, әдебиет саласындағы елге танымал тұлғалардың ар-намысына тиіп жататынын айта келіп, жалпы әлеуметтік желіде бұқаралық мәдениетті қалыптастырудың өте өзекті мәселе екенін көлденең тартты. «Осы жайт жаңадан дайындалып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда қарастырылған ба?», деп сұрады.  

«Шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату адамның өміріне де кесірін тигізуі мүмкін. Тіпті, тексерілмеген дерек он-он бес жыл өткеннен кейін де алдыңнан шығуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-та виза берерде адамның әлеуметтік желілерде не жазғаны тексеріледі. Жазбаларына жасалған сараптама қорытындысынан кейін әлгі адамға виза берілмеуі де мүмкін. Біздің ой жүйеміз де түбінде түзеліп, қалыптасады деп ойлаймын», деді өз жауабында министр.

Министрмен кездесу барысында журналистер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мәртебесін анықтау, біліктілігін жетілдіру, өңірлік БАҚ-ты дамыту жайын­дағы көптеген сауалдарын қойды. Олардың бәріне егжей-тегжейлі жауап берілді.

Кездесу соңында Дәурен Абаев мұндай ашық үнқатысу азаматтарға ғана емес, ми­нистрлікке де пайдалы екенін, бұл жұмыс барысын әрі қарай жетілдіруге тиімді тетік болатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол жиында айтылған ұсыныс-пікір, сауалдардың ешқайсысы ескерусіз қалмай, 10 күннің ішінде жауаптарымен министрліктің сайтында жарияланатынын жеткізді.

Қымбат Тоқтамұрат, 
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген 
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»