ҰБТ – білімге ұмтылған жастың бағы. Әрине, бақ білім жиған оқушыға қонатыны ақиқат. Сондықтан да, ата-аналар бәйек болып, бәйгеге қосылған құлындарының тілеуін тілеп, күнұзақ ҰБТ өтіп жатқан орындарды төңіректеп жүр.
Жалпы, 20 маусым күні басталған Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші легіне қатысуға 16 468 түлек өтініш берген екен. Білім және ғылым министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, оның ішінде қазақ тілінде – 12633, орыс тілінде 3229 адам тапсырды. Тестілеу сынағы Қазақстан бойынша 42 ҰБТ өткізу пункітінде жүргізілуде. Айта кетерлігі, ҰБТ-ның алғашқы күндерінде-ақ тәртіп бұзған 3 адам аудиториядан шығарылып, жауаптары жойылған. Сондай-ақ, тестілеуге қатысушылардан 22 696 тыйым салынған заттар алынды. Алғашқы күнгі орташа балл 75,53-ті құрап отыр. Ал өңірлерге келсек, Оңтүстік Қазақстан облысында бірінші лекпен тапсырған 4266 баланың 514-і 100 балдан жоғары жинап отыр. Олардың ортасында облыс орталығы озық тұр. Шымкент шаһарындағы «Болашақ» мектебінің түлегі Исатай Біржан 137 балл, ал №47 мектеп-гимназиясының түлегі Әйгерім Жолдасбекова 136 балл жинаған.
Екінші күннің қорытындысы бүгін белгілі болады.
Жәнел Әлмағанбетова – Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері. ҰБТ-ның алғашқы күнінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетінің базасындағы пункте тестілеу сынағын тапсырған жас талапкер сыннан сүрінбей өтіп, 128 балл жинады.
– Жаңа форматты ҰБТ-ның негізгі ерекшелігі оқу сауаттылығының енгізілуі және екі пән таңдауға рұқсат берілуі деуге болады. Мен химия мен биологияны таңдаған едім. Сондай-ақ, сұрақтар жауаптарының көп нұсқалығы да жаңа форматтың жаңалығы болды. Балл жиналуы немесе жиналмауы осы көп жауапты тапсырмаларға байланысты. Мәселен, бір сұрақтың екі дұрыс жауабы беріліп, үш жауапты дұрыс деп белгілесеңіз, бір балыңыз кемиді. Сол сияқты үш дұрыс жауап беріліп, екеуін ғана белгілесеңіз де бір балыңыз азаяды. Басқа қиындықтар болған жоқ. Ал аудиторияда қолдануға рұқсат етілмеген заттар бірден жиналып алынып отырды, дейді иығынан ауыр жүк түскен Ж.Әлмағанбетова. Азық-түлік технологиясы мамандығын көздеп отырған бойжеткен төрт мамандыққа құжат тапсырудың мүмкіндігін де ескермек.
Елордадағы ҰБТ өткізу пункттерінің бірі ретінде белгіленген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алды да бұл күндері алаң көңіл ата-аналардан босамайды. Бір қызығы, иін тірескен көпшіліктің көзі арнайы қойылған экрандарда. Экрандардан әркім өзінің бауыр еті баласының аудиториядағы ахуалын онлайн режімде көре алады. Бұл да болса биылғы ҰБТ сынағының бір жеңілдігі дейді ата-аналар. Айнұр есімді жас ана тұңғыш ұлының ҰБТ тапсырғанына алаңдаулы болса да әлдебір күмән туса, апелляциялық жүйенің заңдылықтары бұрынғыдай сақталғаны көңілге медеу екенін айтады. Яғни, тест тапсырмаларының мазмұны бойынша да, техникалық себептері бойынша да әр пунктте құрылған апелляциялық комиссияға шағым түсіруге болады. Сондай-ақ, шекті деңгейден өте алмаған талапкерлер ҰБТ-ны биыл қайта тапсыра алады. Осы арқылы жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндіктері бар.
«Қазбілім» республикалық орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, жаңа форматта екі бейіндік пәннің пайда болуы талапкерлер үшін артықшылыққа айналып отыр. Мәселен, талапкер математика мен физиканы қатар таңдаса, 54 мамандыққа түсу мүмкіндігі бар. «Осы сала бойынша 175 мамандық оқытылады екен. Демек, физика мен математиканы таңдау арқылы талапкердің 40 пайыз оқу грантын ұтып алу мүмкіндігі бар деген сөз. Бұрын жалғыз таңдау пәнімен мұндай мүмкіндік аз болатын», дейді ол.
Қалай десек те, биыл біраз талқының өзегіне айналған жаңа форматты ҰБТ-ның алғашқы нәтижелері белгілі бола бастады. ҰБТ көрсеткіші бұрынғыдай мектеп жұмысының рейтингісі болмайтындығына қуанып жүргендер де жетерлік. Ең бастысы, ҰБТ-ның болашаққа ұмтылыстың берік баспалдағына айналуы.
Думан Анаш,
«Егемен Қазақстан»