22 Маусым, 2017

Жік пен жіп

550 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Автобуста өзіңнен жасы үлкен адамға ұшып түрегеліп орын беру үшін кісіге соншалық көп ақылдың керегі жоқ-ау. Отбасында адам қан­дай тәрбие алса, көшеде, қоғамдық орындарда мұнысы тайға таңба басқан­дай көрініп тұрады емес пе? Бірақ қай ата-ана «автобуста көзіңді тас жұмып, құлаққабыңды киіп отыра бер» деп үйдегі баласының сана­сын бөтен оймен лайлайды дейсің. Соған қарағанда, адамның мәде­ниетті болмағы үйдегі алған тәрбиесіне қоса, «Тірлікте көп жаса­ғандықтан көрген бір тамашамыз» деп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айт­пақшы, әр адамның өмірден дұрыс сабақ түйіндей білуіне байланысты болса керек-ті. 

Жік пен жіп

Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көр­сету, кішіпейіл, сыпайы болу, әдептен озбау, «сіз» деп сөйлеу, керістірмей келістіру, қағыстырмай қабыстыру ежелден қазақы менталитетке тән қасиеттер. Алайда соған қарамастан хал­қымыздың дәстүрлі жөн-жорал­ғыларын аяқасты ететін әдепсіз жайт­тарға куә болған сәтте бұрынғы ата-бабаларымыздың сол даналығын аңсап, көңілімізге кірбің ұялайтын кездер де жоқ емес. Әлеуметтік желідегі өнер адамдары жайында дақпыртты дариядай шайқау мен шайпау әңгімеге әуестіктің соңғы уақытта өрт шарпыған қамыстай тез лаулап ала жөнелуі алаң­датады. 

«Ана әнші өйтіп жатыр екен, мына әртіс сөйтіп қойтыпты» деген сыңайдағы сыбыстар, сырттай жа­сал­ған долбарлар сарала қанат араның гуілдеген ұясын еске салатындай ма-ау. Тіпті, өнерін халқы қадірлеген абзал аға-апаларымыз бен қазіргі эстрада шеберлері жайында да қайдағы біреу­лер желбуаз әңгімені желдей үрлеп, ауыздарына ие бола алмай жатқанда үнсіз қалмай, біз де бұған өз ойымызды білдіре кеткенді жөн санадық. 
Сондағы байқалған жағымсыз бір әдет – мәселенің байыбына бармас­тан маңдайымыздағы жарық жұлдыз­дарымызға тас лақтыру, өнердегі асылдарымызды бағалаудың орнына басып-жаншу, біріне-бірін айдап салу, «ана әнші мына әншінің қолына су құюға да жарамайды», «ана бір әнші тек тойда ғана ән салып, құлқынның құдығына түсіп жүр», «ойнаған бір-ақ рөлін малданып өмір сүріп жатқан әртістер бар», т.с.с. пыш-пыштар. Ешкімнің жүйкесі темірден жаралмаған. Сосын әлгі пақырдың да пендешілікпен ойланбас­тан бірдеңе дей салуы еш ғажап емес. «Әкесін ұрған талайды көріп едім, ал арбаға байлап сабағанды көргенім осы» депті ғой баяғыда біреу. Сол айтпақшы, халық төбесіне көтеріп, әздектеген аз зиялымызға тіл тигізбей, қайта мерейін өсіретін жақсы тілектер айтпасақ, мына түрімізбен жақын маңда өркениетке өтуіміз, мәдениетті ел болуымыз қиын-ау, сірә. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген болатын. Ал жақында Елбасының бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Мұнда ел Президенті Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдері туралы, ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жүрген адамдарды қоғамға таныту, оларға ақпараттық қолдау жасау керектігін баса айтқан еді. 

Бүгінгі таңда отандық рухани құн­дылықтардың ішінде әсіресе ән өнері қанатының көкке өрлеп тұрғаны тағы шындық. Ел еркесі, қазақтың бұлбұлы Бибігүл, Ермек, Әлібек, Ес­кендір, Розадай маңдайалды майталмандар жолын жалғастырған кейінгі талантты ұл-қыздар жарқырап өнер әлемінен өзіндік орындарын алуда. Соның бірі миллиардтарды өнеріне сүйсінткен Димаш, «Алматының түндері-ай» деп Ресейдің әнші қызы Нюшаға ән салғызған Қайрат, Ұлы Дала баласы Төреғали, «Түрквижн – 2014» сайысында жасындай жарқ еткен Жанар қызымыз, т.б. саңлақтарымыз Қазақ елінің ән өнерін барынша насихаттап, Алаш жұртының рухын асқақтатып жүр. Бұларды «анадан мынау артық, не кем» деп бөле-жармай, қазақ эс­традасының тұтас ағзасы ретінде қарастырсақ қайтеді. Оларды өнердің бірі көзі, екіншісі құлағы һәм тілі деп бағалай алғанымызда ғана адымымыз алға баспақ. Өйткені әр дарын иесінің өзіне ғана тән даралығы бар. Екеуі де азық бола тұрып нанның орнын ешқашан қант алмастыра алмайтыны сияқты жайт қой бұл да. Рас, «Өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, қазір ән, әнші туралы кім болсын сол сын соғып отырады. Өнер иелерінің арасын жалғайтын жіп іздеудің орнына жік салу, бөле-жару, жала жабу мен дәлелсіз сынаудың аяғы адамдардың бір-бірін сотқа сүйреу әлегіне ұласпаса болғаны әйтеуір.

Қарашаш Тоқсанбай,
«Егемен Қазақстан»