Ақтөбе • 22 Маусым, 2017

Шалғай ауылға шарапаты тиген бағдарлама

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Іссапармен шалғайдағы Темір ауданында болып тари­хы мол өңірде «Нұрлы жол» инфра­құрылымдық бағдар­лама­сы аясында нендей істер тынды­рыл­ғаны жөніндегі жәйттерге қа­нық­қан едік. Бұл бағытта ең алды­мен алдымызға аудан тұрғын­дары­ның 87 пайызы орталық­тан­дырылған ауыз сумен қам­тыл­ғаны жөніндегі дерек тартылды. Мұны қанағат тұтуға тұратындай көрсеткіш деуге болады.

Шалғай ауылға шарапаты тиген бағдарлама

Тағы бір өзіміз куә бол­ған көрініс «Нұрлы жол» шеңбер­інде Шұбарқұдық ауылының су құбы­рын жаңарту жұмыстары баста­лыпты. Соған сәйкес 23,1 ша­қырым аумақтағы сумен жаб­дықтау желілері жаңартылмақ. Ал қазір қолданыстағы су құ­бы­ры сонау қырқыншы жылдары салынған екен. Рас, атал­ған гидроинженерлік нысан жет­пі­сінші жылдары одан әрі кеңей­тілген.

Әйтсе де оған қазіргі күн­ге дейін күрделі жөндеу жүр­гізілмей келіпті. Сондықтан су құбыры желілерінің тозуы салдарынан жарылыстар да жиі орын ала бастапты. Мұндай жағдай өз кезегінде ауыз судың сапасына әрі оның үзіліссіз берілуіне салқынын тигізген. Бұл су құбыры 14 мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығын әкімшілік ғимараттар мен денсаулық сақтау білім беру нысандарын ауыз сумен қамтитынын ескерсек «Нұрлы жол» бағдарламасының тигізген шапағаты тереңдей түседі. Жұмыстың жалпы құны 557 миллион теңгені құрайды. 

Темір аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Жақсылықовтың айтуынша, өткен жылы «Нұрлы жол» шеңберінде Ақтай ауылы орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылыпты. Оның ұзындығы 15 шақырымға жуық. Жалпы аудан аумағындағы ауылдар түгелге дерлік орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғаны әжептәуір жетістік. Бұл мысалдар аудан тұрғындары ауыз сумен түгелге дерлік қамтылғанына дәлел. Дегенмен жаз айларында ауыз су тапшылығына байланысты мәселелер туындап қалатын көрінеді. Осы кезде суға сұраныс та 3-4 есе өсіп шыға келеді екен. Мұның себебін бөлім басшысы тұрғындар тарапынан ауыз судың үнемді, әрі тиімді түрде жұмсалмауымен, сөйтіп су ысырабына жол беріл­меуімен түсіндіріп берді. Біз Темір ауданындағы су мамандары­мен кездесу кезінде ауыз су мәсе­лелеріне қатысты жобалар жа­салған кезде халық саны және өсімі, соған байланысты бар­лық тұрмыстық қажеттіліктер еске­рі­летінін көңілге түйіп оралдық. 

Темір ауданы